Енді университет пен колледждерге еркіндік берілмек. Универлер мен колледждер білім беру бағдарламасын өздері жасайды
Ешқашан өзектілігін жоймайтын, күн тәртібінен түспейтін тақырыптың бірі – білім мәселесі. Бас педагог Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, жыл сайын орташа есеппен 300 мың студент еңбек нарығына шығады екен. Соңғы бірнеше жылда грант саны екі есе көбейген. Әсіресе, биыл көп – 73 мың грант қарастырылыпты.
«Ұлттық бірыңғай тестілеуді цифрлы форматқа көшірдік және жылына 4 рет тапсыру мүмкіндігін енгіздік. Сонымен қатар 11-сынып бітірушілері енді қаңтардан бастап оқуға түсе алады. Бірақ талап та күшейтілді. Педагогикалық бағыттар бойынша шекті балл 75 баллға дейін, медициналық бағыттар бойынша 70 және заң бағыты бойынша 75-ке дейін көтерілді. Президенттің тапсырмасы бойынша техникалық мамандықтарға грант үлесі 40%-дан 60%-ға дейін көбейтілді» деді министр.
Колледждердегі оқу гранттары да көбейіп жатыр. Биыл олардың саны 31 мыңға жеткен. Бұл – рекордты көрсеткіш. Соның 70%-ы техникалық мамандықтарға берілмек.
Бұдан былай университеттерге академиялық дербестік беріліп, олар білім беру бағдарламаларын кәсіби стандарттарға немесе нарық талабына сай әзірлей алады.
«Ендігі проблема – нарыққа қандай дағдылар керектігін анықтайтын кәсіби стандарттардың жетіспеушілігі. Колледждерге де академиялық дербестік берілуде. Бұған дейін студенттер ұзақ оқыды (2-4 жыл), жұмыс берушілердің талаптары толығымен ескерілмеді, мектепте оқыған пәндер қайталанып, жас маман тек бір ғана біліктілік алды. Енді колледждерге кәсіптік стандарттар негізінде білім беру бағдарламаларын дербес өздері әзірлеу, сондай-ақ оқу мерзімдерін өздері айқындау мүмкіндігі берілді. Маман бір ғана емес үш біліктілікке дейін алып шығатын болды» деді.
Ведомство басшысының айтуынша, 50-ге жуық ескі мамандық бойынша дайындық тоқтатылды. Сапаны қамтамасыз етудің тағы бір шарты – білім беру бағдарламаларын жаңарту. Дайын болған кәсіби стандарттар бойынша университеттерде 4 мыңнан астам бағдарлама жаңартылды. Мысалы, жасанды интеллект, IT-медицина, цифрлық заңгер сияқты бұрын болмаған 269 жаңа бағдарлама енгізілді. Колледждерде де осы жұмыс қарқынды іске асып жатыр.
Келесі бағыт — ірі кәсіпорындардың колледждерді қамқорлыққа алу жұмысы. Мысалы, Казцинк, СарыаркаАвтоПром, Дон тау-кен комбинаты, Altyntau Kokshetaу кәсіпорындары колледждерді қамқорлыққа алып, жұмыс істеп жатыр. Олар бағдарламаларды жаңарту, дуалды оқыту, материалдық базаны нығайту сияқты жұмысқа араласуы тиіс.
Жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында 20 жоғары оқу орнының базасында Академиялық артықшылық орталықтарын дамыту бағдарламасы қарастырылған. Үш университетті зерттеу университеттеріне трансформациялау жоспарланып отыр:
«Президент шетелдік университеттердің кемінде 5 филиалын ашу туралы тапсырма берді. Бүгінде елімізде Де Монтфорт Лестер университетінің филиалы жұмысын бастады. Ол британдық диплом береді. Сол сияқты Қозыбаев университетінде әлемнің ең үздік университетінің бірі — Аризона университетінің бағдарламалары ашылады. Сонымен қатар Алматы мен Атырау қалаларында шетелдік жетекші техникалық университеттердің филиалдарын ашу бойынша келіссөздер жүріп жатыр».
Сапаны қамтамасыз ету үшін бақылау екі бағытта жүргізілмек:
- Сапасыз жоғары оқу орындарын немесе колледждерді жабу және оларды лицензиядан айыру;
- Жоғары оқу орнын немесе колледжді бейіндеу, бейініне сәйкес келмейтін және сұранысқа ие емес лицензияға қосымшаларды қайтару.
Қазіргі уақытта 15 жоғары оқу орны және 31 колледж жабылды. Тағы 4 жоғары оқу орны және 29 колледж жабылып жатыр. 61 жоғары оқу орнының 500 бағыты бойынша және 375 колледждің 2 200 бағытының лицензиялары қайтарып алынды. Тағы 15 жоғары оқу орны мен 47 колледждің бейініне сәйкес келмейтін лицензиялары қайтару бойынша жұмыс жүріп жатыр. Мысалы, педагогтерді даярлайтын жоғары оқу орындарының саны 86-дан 50-ге дейін азайса, заңгерлерді даярлайтын білім ордалары 72-ден 61-ге дейін азайды.