Ана мен баланы қолдау мақсатында МӘСҚ-тан шамамен 77 млрд теңге төленді

Жарияланды

Жыл басынан бері

2022 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) 59,2 мың әйел жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты табысынан айырылған жағдайда жалпы сомасы 33,9 млрд теңгеге әлеуметтік төлем алды. 1 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда 42,6 млрд теңге сомасында 423,5 мың адам әлеуметтік төлем алды. Бұл туралы ҚР Еңбекмин баспасөз қызметі хабарлады.

Жоғарыда көрсетілген төлемдердің біріншісін алу құқығы жүктілік және босану бойынша уақытша еңбекке жарамсыздық парағында көрсетілген күннен бастап туындайды.

Жүктілікке және босануға байланысты табысынан айырылған жағдайдағы әлеуметтік төлемнің мөлшері соңғы жылдағы жұмыс істейтін әйел үшін МӘСҚ-ға келіп түскен әлеуметтік аударымдар мен еңбекке қабылетсіздік күндерінің санына байланысты болады.

Екінші төлемді алудың негізгі шарттары – кірісті жоғалту және бала 1 жасқа толғанға дейін нақты күтім жасау. Төлем мөлшері баланың туған күніне дейінгі соңғы 2 жыл ішінде МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар түскен орташа айлық табыстың 40% – ын құрайды.

Бұл ретте осы төлемнің ең төменгі мөлшері жұмыс істемейтін әйелдерге тағайындалатын 1 жасқа дейінгі бала күтімі жөніндегі осыған ұқсас ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақының мөлшерінен кем болмауға тиіс.

Ең жоғары мөлшер ең төменгі жалақының жеті еселенген мөлшерінің 40% – ынан аспауы тиіс.

Әлеуметтік төлемдерден 10 % міндетті зейнетақы жарналары ұсталынып, әлеуметтік төлем алушының Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы шотына аударылады.

МӘСҚ-дан төленетін әлеуметтік төлемдер туралы толық ақпаратпен https://gfss.kz/ интернет-ресурсында танысуға болады.

Сондай-ақ оқыңыз