Байлардың өмірі, олардың қаржылық дағдылары, жетістікке жету жолы туралы фильмдер көп. Кейбірі шынайы оқиға негізінде түсірілген соң көрерменге тіпті қатты әсер етіп жатады. Kursiv Media оқырмандарына ақша, миллионерлер және қаржылық табыс туралы үздік 10 фильмді ұсынғанды жөн көріп отыр. Оның ішінде әдемі өмірдің астарында жатқан, байлардың көпшілікке беймәлім тұстары туралы да, болмаса мотивация беріп, шабыттандыратындары да бар. Ендеше, алдағы демалыста қарауға болатын туындылар легі мынадай.
1.Орын алмасу/Поменяться местами/Trading Places
- АҚШ, 1983 жылы
- Комедия
- Ұзақтығы: 116 минут
Брокер Луис Уинторп қалыпты өмірін сүріп жатады. Сөйтіп бір күні бастықтары бай мен даладағы қаңғыбастың орнын ауыстырса не болар екен деп тәжірибе жасап көрмекке бел буады. Айтарлықтай табыс тауып жүрен Лиус осылайша бір сәтте көшеде қалады. Ал оның әдемі өмірін сүруге орнына алаяқ Билли Рей Валентайн барады. Оқиға желісі осылай басталады. Осының өзі-ақ сізді біршама қызықтырып үлгерген болар? Әрмен қарай не болатынын айтпай-ақ қоялық. Режиссер Джон Лэндистің бұл туындысының кей жерлері Марк Твеннің «Ханзада мен қайыршы» романында, Моцарттың «Фигароның үйлену тойы» операсына ұқсап кетеді. Небір қызық оқиғаға тап болатын кейіпкерді ойнаған Эдди Мерфи осы рөлі үшін «Алтын глобус» иеленген.
2. Уолл-стрит/Wall Street
- АҚШ, 1987 жылы
- Криминал драма
- Ұзақтығы: 120 минут
Мұнда да брокердің Бастан кешкендері баяндалады. Бас кейіпкер — жас брокер Бад Фокс. Оның басты арманы — банк саласының майын ішкен Гордон Геккомен танысу. Бірақ Гекко дәулетін түрлі лас махинациялар құру арқылы тапқан. Сөйтіп Фокс ақыры Геккомен танысады. Екеуі бірлесіп жұмыс істеуге келісіп, аяқ-асты қауіпті ойынға қосылады. Бір сәтте Фокс әріптесінің оны пайдаланбақ болып жүргенін сезіп қояды. Қызық осы жерде басталады.
Бұл оқиға шынында болған. Атап айтқанда, 1986 жылы Нью-Йорк биржасында болған жағдай екен. Гордон Гекконың рөлін ойнаған Майкл Дуглас осы туындыдан кейін «Оскар» алды.
3. Бойлер қойылған бөлме/Бойлерная/Boiler Room
- АҚШ, 2000 жылы
- Криминал драма, триллер
- Ұзақтығы: 120 минут
Сет Девис — бұрын үй ішінде заңсыз казино ұйымдастырып жүрген жас алаяқ. Кейіннен биржалық брокерге айналып, мықты жағдай жасап алады. Кезінде бір жылда табатын табысын енді бір айда табатын болады. Бірақ артынша ол өзі істеп жүрген компанияның арты таза емес екенін сезіп, таңдау алдында қалады. Фильмнің берері мол, сюжеті ғибратқа толы. Вин Дизельдің ойыны да сәтті шыққан.
4. Қолыңнан келсе, ұстап ал/Поймай меня, если сможешь/Catch Me If You Can
- АҚШ, 2002
- Трагикомедия, криминал
- Ұзақтығы: 141 минут
Фрэнк Абигнейлдің жас кезінен жалған түбіртектер мен құжаттармен жасаумен аты шыққан. Ол бірде ұшқыш, бірде дәрігер, енді бірде прокурордың көмекшісі болып алдап жүрген. ФБР агенті Карл Хэнретти ұзақ жыл бойы қолға түсіре алмай, ізіне түседі. Кинорежиссер Стивен Спилберг Америка тарихындағы ең жас алаяқтың оқиғасын көрерменге сәтті жеткізді десе болады. Өйткені ол алдаудың шебері, алаяқтықты құдды өнерге айналдырған еді. Фильмге Леонардо ДиКаприо мен Том Хэнкс түскен.
5. Бақыттың соңында/В погоне за счастьем/The Pursuit of Happyness
- АҚШ, 2006 жылы
- Биографиялық драма
- Ұзақтығы: 117 минут
Крис Гарнер — жалғызбасты әке. Жұмыссыз қалған ол брокерлік компаниядан тағылымдамадан өтуге бел буады. Тағылымдамасы жарты жыл уақытты алады. Айлық төленбейді. Әрі 20 стажердің ішінен біреуін ғана жұмысқа алатын болады. Осыдан-ақ картинаның қандай сентиментал екенін байқауға болатын шығар. Габриэле Муччино түсірген туынды шынайы оқиғаға негізделген. Қандай жағдай болса да, еңсеңді түсірмей, алға басуға шақырады.
6. Жалған ақша жасаушылар/Фальшивомонетчики/Die Fälscher
- Аустрия, Германия, 2007 жылы
- Тарихи драма
- Ұзақтығы: 95 минут
Концлагеьрде жатқан тұтқын Соломон Соровицке британиялық фунт пен америкалық долларды қолдан жасауға тапсырма беріледі. Осылайша жау мемлекеттердің экономикасын қопару мақсаты тұрады. Бас кейіпкер мен оның жанындағы бірге істейтіндері басқа тұтқындарға қарағанда жақсырақ өмір сүреді. Бірақ олар мұның бәрі уақытша екенін, мақсатына қол жеткізген соң операцияның ізін жою үшін оларды бір сәтте өлтіріп тастайтынын жақсы түсінеді. Режиссер Штефан Рузовицкидің картинасы 2007 жылдың үздік туындысы танылып, «Оскар» иеленеді.
7. Ерлер арасында/В компании мужчин/The Company Men
- АҚШ, 2010 жылы
- Драма
- Ұзақтығы: 104 минут
Бірнеше миллиард айналымы бар ірі корпорация дағдарысқа тап келіп, табысы азая бастайды. Сөйтіп директорлар кеңесі персоналды қысқарту керек деген шешім шығарады. Осылайша жұмысынан айырылғандардың ішінде жоғары шенді менеджер Бобби Уокер бар болып шығады. Әдетте не ішем, не кием деп уайымдап көрмеген ол әрмен қарай да солай өмір сүруге талпынады. Қанша жерден тиын санап тұрса да, сән-салтанатқа толы өмірін қимайды. Орта класстың ұшар басында тұрған адамдардың өмірі туралы режиссер Джон Уэллс өте әдемі картина түсірген. Кейіпкерлердің өмірі бір сәтте өзгеріп шыға келеді. Әрқайсысы өз жолын таңдап кетеді. Кейбірінің салы суға кетсе, енді бірі өліспей беріспеу керек деген ұстанымда болады.
8. Уолл Стрит: ақша көз ілмейді/Уолл Стрит: Деньги не спят/Wall Street: Money Never Sleeps
- АҚШ, 2010 жылы
- Драма
- Ұзақтығы: 127 минут
Жоғарыда атап көрсеткен «Уолл Стриттің» жалғасы. Әлемдік қаржылай дағдарыс қызған шақта кезінде Уолл Стриттегі ең мықты брокер болған Гордон Гекко бостандыққа шығады. Сөйтіп ол бұрынғы жағдайын қайтарып алғысы келеді. Бірақ ол үшін бірінші кезекте қызы Виннимен арақатынасын түзеуі керек. Ал қызық болса, мүлдем араласқысы келмейді. Содан қызының сеніміне кіру үшін ықпалды күйеубаласы Джейкоб арқылы көңілін таппақ болады. Оливер Стоун адамның ашкөздігі, дүниеқоңыздығы туралы айта келе, отбасылық құндылық тақыбырын да керемет қозғайды. Осылайша фильмнің орта тұсына келгенде мелодрамаға айналып кетеді.
9. Тәуеке түбі/Предел риска/Margin Call
- АҚШ, 2011 жылы
- Драма, триллер
- Ұзақтығы: 107 минут
Жақында ғана жұмысынан айырылған қаржы сарапшысы өзінің жас әріптесіне флешка беріп жібереді. Ол жерде есеп жасалған екен. Атап айтқанда, жүз жылдық тарихы бар, ең рі америкалық банктің күлі көкке ұшқалы тұрғанына болжам жасалған. Бұл мәселені шешпек болып бірнеше маман енді не істеуге болатынын ақылдасып, бір түнде бәрін реттемек болады. Жалпы алғанда туынды арқылы қаржылық корпорацияның ішінде не болып жататынын байқауға болады.
10. Шексіз/Области тьмы/Limitless
- АҚШ, 2011 жылы
- Фантастика, триллер, детектив
- Ұзақтығы: 105 минут
Оқиға Нью-Йорк жазушысы Эдди Морр туралы. Оның өміріне аса қызығуға келмейді. Өйткені кейіпкер шабыт іздеп, шығармашылық дағдарыста жүреді. Ол аз болса, сүйгенімен екіге кеткен соң жағдайы тіпті ауырлайды. Сөйтіп ол бір күні депрессиядан айықтыратын дәрі ішеді. Таблеткаға әлі эксперимент жасалып жатқанын айта кету керек. Қызығы сол, жаңағы дәріні ішкен соң Эдди алдымен мықты литераторға, одан соң биржалық ойыншылардың көшбасшысына айналады. Бірақ осы тұста мынадай мәселе шығады: препараттың қоры уақыт өте келе таусыла бастайды, ал кейіпкердің басында бұл кезде біртүрлі нәрселер бола бастайды. Ол жадынан айырылып жатыр екен. Айтпақшы, кейіпкердің жағдайын режиссер Нил Бергер ерекше түстер гаммасы арқылы ұтымды көрсете алған. Мысалы Морр депрессияда жүрсе, сондай суық түстер шығады. А дәріні ішіп алған соң айналаның әрі кіріп, жылы түстер шыға бастайды.