Лицензиясынан айырылған банктерде депозиті бар азаматтардың өтемақы алуы жеңілдей түсті. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры өтемақы төлемін автоматтандыру мақсатында Электронды төлем порталын (ЭТП – clients.kdif.kz) іске қосқан.
Соның арқасында нарықтан кеткен тоғыз банктің салымшылары үйден шықпай-ақ, ЭТП көмегімен өз ақшасын алуға өтініш бере алатын болды. Олар – «Валют-Транзит Банк» АҚ, «Қазинвестбанк» АҚ, «Delta Bank» АҚ, «Эксимбанк Қазақстан» АҚ, «Qazaq Banki» АҚ, «Астана банк» АҚ, «Tengri Bank» АҚ, «AsiaCredit Bank» АҚ және «Capital Bank Kazakhstan» АҚ салымшылары.
Авторизация жасау үшін электронды цифрлы қолтаңбаны жүктеу және видеотексерістен өту, не болмаса мобилді телефон нөміріне келіп түскен SMS-кодты енгізу керек. SMS-код алу үшін салымшы қолданыстағы мобилді телефонының нөмірін мобилді азаматтар базасында тіркеуі тиіс. Оны да egov порталы арқылы жүзеге асыруға болады. Кепілді өтемақы өтініш берілген күннен бастап есептегенде бес жұмыс күні ішінде салымшының өтінішінде көрсетілген банк шотына жіберіледі.
Қызметті онлайн алу мүмкіндігі іске қосылғалы бері – 2021 жылдың қыркүйегінен бастап 2022 жылдың сәуіріне дейін аралықта депозиторлар 7 млн теңге, ал агент-банктер арқылы 77 млн теңге алған.
Электронды төлем порталы – лицензияланған банктер салымшысының ресстрін біріктірген, бірыңғай ақпараттық жүйені ұсынатын платформа. Бұл онлайн-жүйе төлем процесін жүзеге асыруды жеңілдетеді. Лицензиясынан айырылған бірнеше банкте салымы бар депозитор өтемақы төлем сомасын алдын ала тексеріп, оны бірыңғай өтінішпен ала алады. Сондай-ақ өтінім мәртебесін жеке кабинет арқылы «онлайн» бақылап отыруға да мүмкіндік бар. Айта кету керек, онлайн-өтініш тікелей банктік шоттардың, төлем карталарының және депозиттердің иелеріне қолжетімді.
Ал салымшының заңды өкілдері (сенімхат бойынша, мұрагері немесе өзге де құқық иелері) қажетті растаушы құжаттарды ұсына отырып, агент-банкке хабарласуы қажет. Агент-банктен төлем сомасын қолма-қол түрде, немесе өзге банк аударым жасату арқылы, не болмаса өзге банктегі жаңа депозит ретінде алуға болады.
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының таратқан ақпараты бойынша, «Delta Bank» АҚ, «Qazaq Banki» АҚ, «Банк Астаны» АҚ, «Tengri Bank» АҚ, «AsiaCredit Bank» АҚ; және «Capital Bank Kazakhstan» АҚ салымшыларының заңды өкілдері агент-банктерге хабарласуы керек. Ал «Қазинвестбанк» АҚ мен «Эксимбанк Қазақстан» АҚ депозиторларының өкілдері Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорына жазбаша өтінішпен шығуы қажет.
«Валют-Транзит Банк» салымшылары мен олардың заңды өкілдері қорға келіп немесе Қарағанды қаласы, Бұқар жырау, 51/4 мекен-жайына келіп жазбаша өтініш қалдырғаны жөн.
Заң бойынша кепілдендірілген сомаға өтінім беру мерзімі төлем басталғаннан кейін бір жылды құрайды. Осылайша, лицензиясынан айырылған екінші деңгейлі банктердің жинағын берудің соңғы күні – 2022 жылдың 1 мамыры. «Capital Bank Kazakhstan» АҚ салымшылары бұл мүмкіндікті 3 шілдеге дейін пайдалана алады.
Салымшылар белгіленген мерзімде ақшасын алмаған жағдайда, оның мерзімі өткеннен кейін қор 30 күнтізбелік күн ішінде талап етілмеген өтемақы сомаларын салымшылардың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында (БЖЗҚ) ашылған жеке зейнетақы шоттарына ерікті зейнетақы жарналары ретінде аударады.
Жинақталған ақшаны белгіленген мерзімде дәлелді себептермен алмаған салымшы төленетін соманы талап етуге және өтінім беруге құқылы. Ондай себептердің қатарында:
- Салымшының әскери қызметке жіберілуі;
- Салымшының ҚР аумағынан тыс жерде болуы немесе бас бостандығынан айырылуы;
- Салымшы мұрасын қабылдау және мұраны ашу, алумен байланысты өзге де себептер;
- Сотпен бекітілген өзге де жағдайлар.
Бұл ретте ол (дәлелді себебі бар салымшы) өтінішін қорға банктi мәжбүрлеп тарату туралы мәліметтер бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тiзiлiмiне енгiзiлген күнге дейін немесе өтем сомасы ерікті зейнетақы жарнасы ретінде жеке зейнетақы шотына аударылған жағдайда зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы алу құқығы туындағанға дейін беруі керек.
Қазіргі уақытта Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры және агент-банктер жалпы кепілдендірілген өтемақы сомасының 98 пайызын төлеп үлгерген. Яғни, қызметі тоқтаған банктердің 147 мыңнан астам салымшасына 111,5 млрд теңге төленген. Сонымен қатар біраз соманы алуға әлі өтінім берілмеген. Өйткені хабарласпаған азаматтардың депозитіндегі , шотындағы және төлем карточкаларындағы сома көлемі 1000 теңгеден аз. Қор салымшыларды өз төлемдерін 2022 жылдың 1 мамырына дейін алуға шақырады.