Қоғамдық кеңес не үшін керек?

Жарияланды
Қазір елімізде барлығы 253 қоғамдық кеңес жұмыс істейді

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахметовтің мәліметінше, былтыр мемлекет әлеуметтік тапсырыстарға 14,5 млрд теңге бөлді, 2 мыңға жуық жоба іске асырылды, 500 ден астам ұйым әрі қарай дамуға мүмкіндік алды. Сондай-ақ, жалпы көлемі шамамен 1,5 млрд теңгені құрайтын 50 астам гранттық жоба қаржыландырылды.

«Жалпы алғанда, мемлекет тарапынан үкіметтік емес ұйымдарды қаржыландыру 10%-ды ғана құрайды. Соңғы жылдары бизнес тарапынан, әлеуметтік жауапкершілігі бар кәсіпкерлік өкілдерінен осы саланы, әлеуметтік маңызы бар жобаларды мемлекетті күтпей, өздері қаржыландырып жатқаны байқалуда. Арнайы әлеуметтік қорлар, үлкен бизнесмендердің осы салаға көңіл бөліп жатқанын көріп отырмыз. Яғни, осы салаға мемлекет қаржысы ғана емес, басқа да түрлі қаржылар тартылып жатқанын атап өткім келеді. Бұл белсенділік мемлекеттің нәтижелі жұмысына оң әсерін тигізеді» деді спикер.

Оның айтуынша, құжат, заң, бұйрықтар әзірлеудің әрбір кезеңіне азаматтық қоғамды қатыстыру – оң нәтижеге әсерін тигізетін ерекше фактор.

Қазір елімізде барлығы 253 қоғамдық кеңес жұмыс істейді. Оның ішінде 208 кеңес қайта құрылған.

«Қоғамдық кеңестер туралы» заң 2016 жылы қабылданды, бірақ 2021 жылы осы заңға нақты өзгерістер енгізілді, қоғамдық институттың рөлі артып, нақты мемлекет тарапынан шешім қабылдау мәселесіне тікелей қатысатын арнайы кеңес ретінде өзін көрсете алды.

«Негізгі жаңашылдықтарға тоқталсақ, тек мемлекеттік органдарда ғана емес, квазимемлекеттік 13 ұлттық компания жанынан қоғамдық кеңестер құрылды. Бүгінде елімізде барлығы 253 қоғамдық кеңес жұмыс істейді. Оған 3 мыңнан астам ҮЕҰ өкілдері қатысып, мемлекеттік басқаруға өз үлестерін қосуда» деді спикер.

Қазір қоғамдық кеңестер кезекті трансформациядан өтуде. 200-ден астам қоғамдық кеңес өз құрамдарын жаңартты. Биыл белсенді мүшелер қайта сайланды. Бірақ әлі күнге дейін жергілікті атқарушы органдар тарапынан белгілі бір қарсылық байқалуда дейді Мадияр Қожахмет.

«Мысалы, қоғамдық кеңестердің құрамында мемлекеттік органдар өкілдерінің саны көп: Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарында аудандық деңгейде азаматтық қоғам өкілдері ретінде ведомствалық бағынысты ұйымдардың өкілдері, мектеп, кітапхана директорлары, жергілікті атқарушы органдармен тікелей аффилиирленген әр түрлі ұйымдар кіреді және біздің ойымызша, олар азаматтық қоғамның ұстанымын толық көлемде жеткізе алмайды. Бұл ретте біз олармен белсенді жұмыс жүргіземіз. Мемлекет басшысы өз Жолдауында айтқан жаңа Қазақстан жұмысының жаңа форматтарын негізге ала отырып, қоғамдық кеңестердің, мысалы, Павлодар облысында, Солтүстік Қазақстан облысында, Нұр-Сұлтан қаласында және Екібастұз қаласында айтарлықтай жаңарғанын көріп отырмыз, олардың құрамында 100% қоғам өкілдері. Олар өз үлестерін қосуда және жергілікті атқарушы органдардың қызметін «қатаң» бақылайды, сондай-ақ, бюджет шығыстарын және қоғам үшін басқа да әлеуметтік маңызды бағыттарды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді» деді министрлік өкілі.

Оның сөзінше, азаматтық қоғам ұйымдарының қызметі үшін құқықтық негіздер құрылып, заңнама жетілдірілуде.

«Қазіргі уақытта «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне волонтерлік қызмет, қайырымдылық, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Мәжілісте қаралуда. Оның аясында стратегиялық әріптестікті заңнамалық түрде бекітуді және енгізуді жоспарлап отырмыз, онда ірі ҮЕҰ ұзақ мерзімді негізде қоғамдық маңызды басымдықтарды жүзеге асыру бойынша мемлекет тарапынан қолдау табады» деді комитет төрағасы.

Сонымен қатар, гранттық қаржыландыруды жетілдіру жоспарланған. Негізгі мақсаты – мемлекеттік гранттарды нақты форматта қаржыландырудың халықаралық тәжірибесін ескере отырып, мемлекет тапсырыс бермей ҮЕҰ-дан келіп түскен ұсыныстар мен жобаларды қаржыландыру. Бұл мәселе Парламентте талқыланып жатыр.

Президент Қазақстанның алдында тұрған міндеттер мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың тығыз ынтымақтастықта жұмыс жүргізуін, азаматтық қоғам институттарын жүйелі түрде жаңғыртуды талап ететінін айтқан еді. Бұл ретте реформаларды әзірлеу және оны жүзеге асыру ісіне қоғамдық ұйымдар мен белсенді азаматтарды барынша тартуға жағдай жасалып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз