Банктің кредитті беретінін не бермейтінін алдын ала білу қиын. Себебі кейде табысы аз адамдардың өзіне мақұлдап, керісінше кредиті жоқ не ешқашан төлемді уақытынан кешіктірмеген адамдарға бермей қалып жатады. Мұндайда көпшілік «сонда банк қандай критерийлер бойынша бағалайды?» деп ойлайды. Осы ретте «кредит скорингі» яғни кредиттің бағалану әдісі туралы айта кеткенді жөн көріп отырмыз. Ол қалай жұмыс істейді?
Скоринг деген не?
Ең алдымен осы скоринг жүйесіне тоқталайық. Бұл — банктер мен микроқаржы ұйымдарының қарыз алатын адамның қаншалықты сенімді яки сенімсіз екенін бағалауына арналған бағалау жүйесі. Болжам жасау үшін әрине статистика және математикалы нақты есептер жүргізіледі. Жалпы алғанда әдеттері мен дағдылары ұқсас адамдардың қаражатқа деген қарым-қатынасы да ұқсас келеді деседі. Соған қарап банктер мен микроқаржы ұйымдары қарыз алушыларды осындай топтарға біріктіріп, бұрын-соңды сондай кредит алған адамдардың үлгісіне қарап салыстырып, бағалайды. Осылайша скоринг модельдер әзірленеді. Соның көмегімен адамның қаншалықты төлей алатынын не алмайтынын компьютердегі алгоритм шешеді.
Әдетте банктер мен қаржы ұйымдары бір емес, бірнеше скоринг жүйесін қолданады. Өйткені адамдардың түрлі категориясы, кредиттің бірнеше түрі бар. Қарыз алушының сипаттамасы жасалғанда оған балл беріледі. Бұл дегеніміз қазіргі жұмыс істеп жатқан жерінде он жылдық жұмыс өтілі бар адам жұмысқа тұрғанына үш ай болған қызметкерден жоғары ұпай алады. Осы сынды бірнеше тармақтарды бағалай келе, соңында қарыз алушының жалпы скоринг ұпайы есептеледі. Яғни ең сенімді деген клиенттің ұпайы да жоғары болады. Ондай адамдарға мақұлдау да беріледі, кредит шарттары да қолайлы болуы мүмкін.
Ал енді ақпаратты олар қайдан алады?
Скоринг жүйесі туралы түсінген соң туындайтын келесі сұрақ осындай. Негізгі дереккөздер деп кредит тарихы, қарыз алушының анкетасы, кредитордың жеке қаржылық ақпараттарын айта аламыз. Жеке қаржылық ақпараттар деген — банктердің өз клиенттерінің карта арқылы жасаған төлемдері жайлы мәліметтерді қолдануы мүмкін. Бұдан бөлек, кредит беруші басқа дереккөздерге де жүгінеді. Бәрін рет-ретімен айтып берейік.
Кредит тарихы. Ең бірінші кезекте қаралатыны — осы. Өйткені соған қарап, көп нәрсе белгілі болады. Кредит тарихынан неғұрлым көп ақпарат алған сайын, кредиторға нақты байламға келу оңайырақ болады. Ал төлей алмай, проблема тудыратындарға бермей қою үшін де осы кредит тарихы маңызды. Жалпы алғанда кредитор сізде дәл қазіргі уақытта басыңызда неше кредит барын, мерзімінін кешіктірген кездер болды ма, болса қаншалықты жиі болғанын қарайды. Бірнеше күн не бірнеше ай төлемеген болсаңыз, осының бәрі мерзіміне байланысты скоринг балл есептелген кезде түрлі көрсеткіш көрсетеді. Сондай-ақ, микроқаржы ұйымдарынан қарыз алды ма, жоқ па — осы да маңызды. Банктерден кредит алу қиынырақ болғандықтан не ала алмағандықтан, жұрттар микроқаржы ұйымдарына барады. Ол жерде тексеріс соншалықты қатал болмағандықтан, көпшілігіне мақұлдай береді. Егер банк кредит алғысы келген адамның ондай ұйымнан жиі қарыз алатынын көрсе, бұл жерде бір шикілік барын сезіп, ол адамға сенімсіздікпен қарайды. Сәйкесінше, скоринг балы да төмендейді. Одан соң алған кредиттерінің қанша сомасын мерзімін кешіктірмей төледі — соны сұратады. Әр банк не микроқаржы ұйымы мерзімді өзі бекітеді. Мысалы біреуі кейінгі жылдағы деректерді ғана қараса, енді бірі кредит ала бастаған сәттен бергі кездің бәрін жіті бақылайды. Қарыз алушының кредиттері туралы деректер Кредит тарихы бюросында кейінгі жаңартқан сәттен бастап 10 жыл көлемінде сақталады. Сонымен қатар, өзге кредит берушілер қанша бетіңізді қайтарғаны да есепке алынады.
Қарыз алушының анкетасы. Несие рәсімдеуге өтініш берген кезде банк ғимаратында болсын, онлайн болсын сізге анкета беріледі. Сондағы жазылған деректер де осы үшін жиналады. Бәрінің қоятын сауалдары шамалас болғанымен, шығаратын шешімдері әртүрлі. Айталық, жынысын бәрі сұратады. Бірақ соған байланысты ер адамның әлде әйелдің сенімдірек екеніне қатысты біржақты көзқарас жоқ. Бұл тұрғыдан келгенде әр банк өз статистикасын жүргізеді. Кейде сондай қызық деректерді жариялап та жатады. Мысалы бірнеше жыл бұрын қазақстандық әйелдер ер адамдарға қарағанда кредитке «тақан» екен дегендей ақпараттар шыққан еді. Сонымен жалпылама анкетада не сұралады? Біріншіден, мекенжайыңыз. Бұл кредит төлемей қойған кезде есігіңізді тарсылдатып тұру үшін ғана деп ойламаңыз. Скоринг жүйесінің мәні тым тереңде. Өйткені өмір сүру деңгейі жоғары қалаларда тұратындар кредитті кешіктірмей төлеу ықтималы жоғары дегендей болжамдар бар. Одан кейін жасы туралы ақпарат сұралады. Студенттер мен зейнеткерлерге кредит берерде банк не қаржы ұйымы біраз ойланады. Себебі тәуекел жоғары. Ал осы екеуінен басқаларына жасына қарай баға беріледі. Мәселен, 25 жастағы жігітке қарағанда 35-тегі жігіт жауаптырақ дегендей. Сонымен бірге тәртіп мәселесіне келгенде оның отбасылық жағдайы да әсер етеді деседі. Үйленген не тұрмысқа шыққандар бойдақтарға қарағанда кешіктірмей төлейді деп ойлайды. Кәсібі, жұмыс өтілі де маңызды, әрине. Банктер белгілі бір сала қызметкерлерін жауаптырақ, сенімдірек деп ойлауы мүмкін. Табысы маңызды екені екі бастан белгілі. Неғұрлым көп тапқан сайын, баллы да жоғары бола түседі.
Банктердің жеке қаржылық мәліметтері. Сіз мысалы бір банктің клиентісіз, жалақыңызды сол арқылы аласыз делік. Мұндай жағдайда банк сіз туралы ақпаратты жақсырақ біледі деген сөз. Болмаса, кей адамдар кредит алайын деп жатқан банкінің дебет не кредит картасын ұстауы мүмкін. Осы сынды деректердің бәрі скоринг модель қалыптастыру кезінде ескеріледі. Өйткені сол арқылы банктер клиенттің ақшамен қарым-қатынасын жақсырақ бағалай алады.
Жалпы скоринг модельдің әр параметрінің өз салмағы бар. Кей сипаттама басқасына қарағанда едәуір маңыздырақ болып шығады дегендей. Жоғарыда атап өткен деректердің ішінде ең салмақтысы — кредит тарихы. Шешім қабылдауда ең басты әсер ететіні сол деседі. Егер бұрын-соңды кредит алып көрмеген болса, скоринг модель тек анкетада көрсетілген ақпараттар мен қосымша деректерге негізделеді. Бірақ мұндай жағдайда адам туралы толығырақ сипаттама алу қиындау болған соң, үлкен соманы мақұлдауы сирек. Сол себепті көбіне кредит не бөліп төлеу рәсімдегенде тауар алған дұрысырақ деген кеңес беріледі. Дегенмен әр банк скоринг модельді өзі құрастырады. Сондықтан барлығына бірдей әсер ететінін басты дүниелерді білу мүмкін емес. Сол секілді сіз туралы қосымша деректер керек болса, оны қандай көздерден алатыны, қалай бағалайтыны да банкке ғана мәлім. Толыққанды скорингтік модель жасап шығару оңай емес. Ішінде қосымша ақпараты мол түрін әзірлеуге аз ақша кетпейтіні анық. Сондықтан күрделі модельдер тек ірі банктерде болады. Ал шағын ұйымдар көбіне дайын модельдерді сатып алып, өздеріне енгізе салады.
Мемлекеттік деректер базасынан қандай ақпарат сұратуы мүмкін?
Қарыз алушының нақты бет-бейнесін жасау үшін мұндай мәліметтер де алынып жатады. Дегенмен бұл үшін клиенттің келісімі керек. Сонымен мемлекеттік органдардан қандай ақпарат сұратады? Зейнетақы қорынан — қарыз алушының табысы, салық комитетінен — табысы, салық бойынша қарызы, бизнесі бар-жоғы туралы, Ішкі істер министрлігінен — жеке куәлігіндегі мәліметтер рас па, автокөлігі бар, айыппұлдар салынған ба, сотталған ба осы туралы, мемлекеттік реестрден жылжымайтын мүлкі бар-жоғын анықтауы мүмкін. Көп жағдайда мемлекеттік органдардан алынатын ақпарат кешенді скоринг балл үшін емес, қарыз алушының жеке бағалау критериі ретінде қарастырады. Айталық, коммуналдық қызметтерді өте көп кешіктірген болса, ол кредитті бермеуіне әсер етуі мүмкін.
Әлеуметтік желідегі парақшалардағы мәліметтер әсер ете ме?
Бір қарағанда, «бұл фейк, әсер етпейді» деп ойлауыңыз мүмкін. Дегенмен кейінгі кездері ірі банктер шынымен клиенттерінің профайлына қарайтын болып жүр деседі. Әрине, скоринг баллдағы салмағы өте аз. Яғни сіздің парақшаңыз ұнамай қалды екен деп бірден кредит бермей қояды деуге болмайды. Десек те, басқалармен үнемі қырқысып жүретін, экстермистік топтарға тіркелген қолданушы, экстремал спортпен айналысатындардың ұпайы төмендеу болады. Бір айта кететін жайт, парақшаңызды адам қарап отырмайды. Арнайы автоматтандырылған бағдарлама скан жасап, мәтіндердегі кілтсөздер арқылы болжам жасайды. Сіздің парақшаңыздағы мәліметтерге қарауға алдымен өзіңіз рұқсат беруіңіз керек. Ол келісімшартта не мобалй банкингте жасалуы мүмкін. Егер ол ақпараттарды қарауға тыйым салғыңыз келсе, қандай нәрсеге келісім беріп жатқаныңызға мұқият болуыңыз керек.