Инвестиция

Зейнетақы активтерін қандай компаниялар басқарып отыр?

Қор нарығындағы ахуал тұрақты

Қазіргі кезде зейнетақы активтері инвестициялық портфелінің құны 8,6 млрд теңгені құрайды. Зейнетақы активтері төрт компанияның сенімгерлік басқаруында. Олар: «CC Invest» АҚ, «Halyk Global Markets» АҚ, «Jusan Invset» АҚ және «Сентрас Секьюритиз» АҚ.

Зейнетақы активтері портфелінің құрылымына келер болсақ, оған  кері РЕПО мәмілелері мен ақша қаражаты (29%), мемлекеттік бағалы қағаздар, оның ішінде ҚР мемлекеттік бағалы қағаздары, ҚРҰБ ноттары (25%), ПАЙ-лар (24%), облигациялар (16%), акциялар мен депозитарлық қолхаттар (5%) кіреді. Валюта бөлігінде зейнетақы активтері портфелінің құрылымында ұлттық валюта басым (71,5%), АҚШ доллары зейнетақы активтері портфелінің 28,5%-ын құрайды.

Қаржы реттеуші сыртқы нарықтағы геосаяси шиеленіске қарамастан, Қазақстанның бағалы қағаздар нарығындағы ахуал тұрақты дейді. 2022 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша бағалы қағаздар нарығы кәсіби қатысушыларының меншікті капиталы  жеткілікті және өтімділік көрсеткіштерін талап етілетін деңгейде сақтап отыр.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, елміздің қор нарығында 39 брокер және дилер (16 банк және 22 банктік емес ұйым), 9 кастодиан банк, 19 инвестициялық портфельді басқарушы, 3 трансфер-аген, сондай-ақ 2 инфрақұрылымдық ұйым: Орталық контрагент функцияларын атқаратын «Қазақстан қор биржасы» АҚ   мен «Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі» АҚ жұмыс істейді.

Қазіргі кезде KASE-нің сауда тізімінде 147 эмитенттің 161 акциясы және 82 эмитенттің 324 облигациясы бар.

Наурыздың қорытындысы бойынша KASE индексі 0,4%-ға 3 348,63 тармаққа дейін төмендеп,  «Қазақстанның Халық жинақ банкі» АҚ-тың (-5,7%) акциялары біршама арзандаған.

Акциялар нарығын капиталдандыру биыл наурыз айында  188 млрд теңгеге артып, 2022 жылғы 1 сәуірдегі  жағдай бойынша 23,3 трлн теңгеге жетті.

Акциялардың  сауда-саттық көлемі 28,7%-ға артып, наурызда 13,3 млрд теңге болды. Оған қайталама нарықтағы сауда-саттықтың өсуі ықпал еткен.

Нарықтағы инвесторлар  ішінде жеке тұлғалар жасаған сауда-саттығы 43,7%-ды, брокерлер мен дилерлер – 22,0%, басқа институционалдық инвесторлар – 19,0%, өзге заңды тұлғалар – 15,2% құраса, банктердің үлесіне – 0,1% тиесілі болған.