«Нарықта әлі тұрақтылық  жоқ»: тұрғын үй бағасы жыл соңына дейін қалай құбылады?

Жарияланды
Сарапшылар пікірі

Қазақстандықтар 2021 жылдың қаңтарынан зейнетақы жинағының бір бөлігін бірнеше мақсатта пайдаланды. Алайда 2022 жылдың 1 сәуірінен зейнетақы шотында қалуы тиіс қаржының жеткілікті шегі екі есеге жуық өсті.

Жеткілікті шектің өсуі тұрғын үй нарығына қалай әсер етеді? Пәтер бағасы арзандай ма деген сұрақтарға сарапшылар жауап берді.

Қазақстандықтар зейнетақы жинағын қандай мақсатта пайдаланды?

Қазақстандықтар зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалануға рұқсат берілгеннен бастап, 3,1 триллион теңгеден астам қаражатты арнайы шоттарына аударған.

Өңір бойынша алсақ,  Алматы, Нұр-Сұлтан және Маңғыстау облысының тұрғындары өз жинақтарын көбірек пайдаланған.

Қордан алынған ақшаның  293,5 миллиард теңгес емделуге жұмсалса, тағы 7,9 миллиард теңгесі инвестициялық портфельді басқарушы компаниларға аударылды.

Қазақстанның 469 628 тұрғыны біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалана отырып,  тұрғын үй жағдайларын жақсарта алды. Бұған шамамен 2 триллион теңге жұмсалды.

276 303 азамат тұрғын үй құрылыс жинағы жүйесі бойынша 402,2 миллиард теңге сомасында ипотека алды. 261 128 адам 378,6 миллиард теңгені бастапқы жарна ретінде енгізді.

Сондай-ақ 274 506 адам (249,2 миллиард теңге) одан әрі қаражат жинау үшін «Отбасы банктегі» шотын толықтырды.

Тұрғын үй бағасы қандай болақ?

Жылжымайтын мүлік нарығының тәуелсіз сарапшысы Анна Шацкая бастапқы жеткілікті шектің бірінші сәуірге дейін сақталуы 2022 жылдың басында нарықтағы бағаның өсуіне әсер етті дейді. Сарапшы енді баға сәуірден бастап тұрақталады деген пікірде.

«2022 жылдың басынан бері тұрғын үй бағасы өсіп жатыр. Бұған былтыр жеткілікті шегі бойынша зейнетақы жинағын пайдалану мерзімінің ұзартылғаны ықпал етті. Жыл басынан бері нарықтағы баға орта есеппен 5-8%-ға өсті. Жеткілікті шектің өзгеруі тұрғын үй бағасы өсуінің баяулауына әкелуге тиіс. Зейнетақы қаражаты сұраныстың 50%-ға жуығын қамтамасыз еткенін ескерсек, солай болуы әбден мүмкін»  дейді Анна Шацкая.

Нарықта әлі өзгеріс жоқ

Сарапшы Жеңіс Шәріпұлының айтуынша, қазірге дейін тұрғын үй нарығында ешқандай өзгеріс байқалмайды. Себебі нарыққа әсер ететіндей, көп уақыт өткен жоқ.

«Елордада тұрғын үй бағасы шамамен 1%-ға өсті. Алматыда баға керісінше 0,5%-ға арзандады. Алайда бұл көрсеткіш бағаның өскенін, болмаса арзандағанын білдірмейді. Маусымдық өзгерістер болуы мүмкін, жалпы нарықтағы баға қалпында тұр» дейді ол.

Шәріпұлының айтуынша, қаңтардың басынан жаңа пәтер бағасы 8%-ға, екінші сатылымдағы пәтер бағасы 13,4%-ға өскен. Сарапшы баға тағы өсуі мүмкін екенін айтады.

«Тұрғын үй бағасы 2022 жылы 5%-ға өсуі мүмкін. Барлығы инфляцияға байланысты. Қазір ипотекаға деген сұраныс жоғары, алайда кей ипотекалық бағдарлама тоқтаса да, баға төмендемейді. Себебі нарық елдегі инфляцияға тікелей байланысты. Ал елде инфляция жоғары болады деген болжам бар. Тұрғын үй бағасы бірінші қолданыстағы тауар мен қызмет, құрылыс материалдары арзандаса ғана төмендейді» дейді Жеңіс Шәріпұлы.

Сарапшының сөзінше, сәуірден бастап жыл соңына дейін тұрғын үй бағасы тағы 3-4%-ға өсуі мүмкін.

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, 2022 жылдың наурызында бір айда жаңа пәтердің бағасы 5,5%-ға өсті. Екінші нарықтағы тұрғын үй бағасы ақпандағы нәтижемен салыстырғанда 4,6%-ға қымбаттаған. Пәтерді жалға алу құны да 3,5%-ға өсті.

Сондай-ақ оқыңыз