Несие төлемеудің аяғы неге әкеледі?
Бұл ақпарат сіздің кредиттік тарихыңызда да көрсетіледі
Несие төлемеудің аяғы неге әкеледі? Бұл сұраққа fingramota.kz сайты жауап берді.
Біріншіден, кредитор міндеттемелердің орындалмағаны туралы ақпаратты кредиттік бюроға жіберуге тиіс. Сонымен қатар, осы ақпарат сіздің кредиттік тарихыңызда да көрсетілетін болады.
Екіншіден, кредитор төлем талабын бере алады (егер бұл шара шартта келісілген болса) және борышкердің қосымша келісімінсіз белгілі бір сома банктік шоттан алынады. Мысалы, бұл жалақы болуы мүмкін. Бірақ бұл ретте жеке тұлғаның ағымдағы шотында сақталатын ақша сомасы заңнамалық тәртіппен белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінен кем болмауға тиіс.
Үшіншіден, кредитор берешекті сотқа дейін өндіріп алу мен реттеуді коллекторлық агенттікке бере алады.
Төртіншіден, егер кредит кепілмен қамтамасыз етілген болса, онда борышкердің кепіл мүлкі сот арқылы немесе сотқа дейінгі тәртіппен сатылуы мүмкін.
Берешекті сотқа дейін өндіріп алу және реттеу үшін коллекторлық агенттікке беруге қарыз шартында қарыз алушы қарыз шарты бойынша міндеттемелерді орындау мерзімін өткізіп алуға жол берген кезде қаржы ұйымының коллекторлық агенттікті тартуға құқығы болған кезде жол беріледі.
Кредиторлар мәжбүрлеп өндіріп алу үшін сотқа жүгіне алады. Сот барлық мән-жайларды, оның ішінде банк пен қарыз алушының берешекті реттеу бойынша барлық шараларды қолданған-қолданбағанын да ескеретін болады.
Бесіншіден, борышкер елден шыға алмайды. Ол сот орындаушысының қаулысы бойынша шетелге шығуы шектелген азаматтардың тізіміне енгізілуі мүмкін. Осы борышкердің Қазақстаннан шығуына уақытша шектеу қою туралы қаулы соттың санкциялауына жатады.
Сот санкциялағаннан кейін борышкер қаулының көшірмесін алады. Сондай-ақ, қаулы көшірмесін шекара қызметі де алады, ол борышкерді базада қарыздың өтелгені расталғанға дейін шетелге шығармайды.
Сондықтан, істі сотқа жеткізбеу үшін қарыздарыңызды әрдайым уақытында жауып, айыппұлдарды, баж салықтарын, алименттерді және коммуналдық төлемдерді төлеген дұрыс.
Кредит бойынша міндеттемелерді орындамау тең қарыз алушыны, кепіл болушыны және кепілгерді айтарлықтай сәтсіздікке ұшыратуы мүмкін, өйткені олар да қарыз алушы сияқты қаржы ұйымдарының алдында жауап береді. Банктің қандай жағдайда екені, оған қандай да бір санкцияның енгізілгені немесе лицензиядан айырылғаны маңызды емес.