Базалық мөлшерлеме неге көтерілді?
Ұлттық банк Төрағасы Ғалымжан Пірматов базалық мөлшерлеменің неге көтерілгенін түсіндірді. Пірматовтың айтуынша, бұл шешім теңгедегі активтердің тартымдылығын арттырады. Оған қоса ел тұрғындары тек тұтыну ғана емес, жинақтауға да бет бұруы тиіс.
Қазіргі кезде инфляцияның өсу үрдісін кері қайтару үшін базалық мөлшерлемені көтеру қажет болды дейді ҰБ басшысы. Бұл ретте базалық мөлшерлеменің деңгейіне қатысты шешім теңдестірілген және оның экономикалық белсенділікке әсерін ескере отырып қабылданған.
«Біз бұдан несиелеуге және экономикалық өсуге айтарлықтай қауіп төндірмейтінін көріп отырмыз, бірақ инфляцияны бақылау үшін аса маңызды. Белгіленген базалық мөлшерлеменің деңгейіне қатысты айтатын болсақ, қазіргі уақытта оңтайлы шешім болғаны сөзсіз және бүгінгі қалыптасқан жағдайға толықтай сәйкес келеді. Жұмсартылған ақша-кредит саясаты бір мезеттік күмәнді пайдаға кенелтуі мүмкін, бірақ ұзақ мерзімді перспективада оның салдары қайтарымсыз болады» деді Ғ.Пірматов баспасөз-брифингі барысында.
Брифингте айтылған мәліметтерге сәйкес, несиелендіру көлемінің өсуіне қарап экономикалық белсенділікті бағалауға болады. Мәселен, бірінші тоқсанда экономикаға берілген жаңа кредиттердің көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 25,3%-ға артқан, оның ішінде бизнеске – 19,6%, халыққа – 32,5%.
Айта кетейік, Ұлттық Банк 25 сәуірде базалық мөлшерлемені + / – 1,00 п. т. пайыздық дәлізімен жылдық 14% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдаған еді.