Бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы 285433 теңгені құрады
2022 жылғы І тоқсанда бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы 285433 теңгені құрады. Атаулы жалақы индексі 2021 жылғы тиісті тоқсанмен салыстырғанда 123,7%, ал нақты жалақы индексі 112,7% құрады. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы хабарлады.
2021 жылдың тиісті тоқсанымен салыстырғанда орташа айлық жалақының ең көп өсімі құрылыс – 33,7%-ға, мемлекеттік басқару – 33,1%-ға, көлік және қоймалау – 30,4%-ға, ақпарат және байланыс – 26,6%-ға салаларында байқалды. Білім беруде орташа айлық жалақы 21,7%-ға, денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсетуде – 18,1%-ға өскен.
Салалық құрылымда ең жоғары атаулы жалақы тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазуда – 619,4 мың теңге (орташа республикалық деңгейден 2,2 есе жоғары), қаржы және сақтандыру қызметінде – 521,1 мың теңге (1,8 есе жоғары), кәсіби, ғылыми және техникалық қызметте – 416,4 мың теңге (1,5 есе жоғары), ақпарат және байланыс саласында – 415,5 мың теңге (сәйкесінше 1,5 есе). Ең төменгі атаулы жалақы ауыл, орман және балық шаруашылығы қызметкерлерінде – 144,1 мың теңге және өнер, ойын-сауық және демалыста – 169,6 мың теңге.
Өңірлік бөліністе ең жоғарғы орташа айлық жалақы Атырау облысында белгіленді – 477,9 мың теңге, бұл орташа республикалық көрсеткіштен шамамен 1,7 есе жоғары. Солтүстік Қазақстан облысында оның шамасы 203,4 мың теңгені құрады, бұл ел бойынша орташа деңгейден 28,7% төмен.
Бюро пайдаланатын орташа айлық жалақыны есептеу әдістемесі Халықаралық еңбек ұйымының стандарттары мен әдіснамасына сәйкес келеді. «Орташа айлық жалақы туралы деректер кәсіпорындардың тоқсан сайынғы статистикалық есептілігі негізінде есептеледі. Бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы қосымша ақыларды, үстемақыларды, сыйақыларды, сондай-ақ салық пен басқа да ұстап қалынатын сомаларды (табыс салығы, міндетті зейнетақы жарналарын) есепке ала отырып қалыптастырылады» – деп түсіндірді Ұлттық статистика бюросының Еңбек және тұрмыс деңгейі статистикасы департаментінің директоры Наталья Белоносова.