Премьер Моди: Үндістан ЕО келіссөздері жақын арада аяқталады деп үміттенеді
Үндістан ЕО-пен еркін сауда туралы келісім бойынша келіссөздердің тезірек аяқталуын асыға күтеді, деп мәлімдеді Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди. Бұл туралы РИА Новости хабарлады.
Үндістан ЕО-пен еркін сауда келісімі бойынша келіссөздерді 2007 жылы бастады, бірақ келіссөздер 2013 жылы тоқтап қалды. Себебі екі жақ зияткерлік меншік құқықтары, көліктер мен алкогольдік ішімдіктерге баждар және адамдардың қозғалысы сияқты негізгі мәселелер бойынша келісімге келе алмады. Бұл келісім бойынша келіссөздер өткен жылдың мамыр айында қайта жалғасты.
«Үндістан мен ЕО арасындағы еркін сауда туралы келісім бойынша келіссөздер жақын арада аяқталады деп үміттенеміз», – деді Моди Дания премьер-министрі Метте Фредериксенмен бірлескен баспасөз мәслихатында.
Ол сондай-ақ 200-ден астам даниялық компания Үндістанда жел энергетикасы, кеме қатынасы, консалтинг, азық-түлік өңдеу және машина жасау сияқты әртүрлі салаларда жұмыс істейтінін атап өтті.
«Бұл компаниялар Үндістанда бизнес жүргізу жеңілдігі мен экономикалық реформалардан пайда көреді», – деді Моди.
Үндістанның премьер-министрі сейсенбіде Данияның астанасына бір күндік сапармен келді, оның аясында солтүстік елдердің басшыларымен бірнеше кездесулер, келіссөздер болады.