Жаңалықтар

Бюджет шығысының жартысына жуығы әлеуметтік салаға жұмсалады

Бұл салаға жұмсалатын қаржы 8,6 трлн теңгеге жеткен

 Ел  бюджеті шығысының  жартысына жуығы (46%-ы)  әлеуметтік салаға жұмсалады. Бұл туралы  ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты.

Бүгін Сенатта Ұлттық қордан 2022-2024 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы заңға енгізілген өзгерістер туралы заң жобасы қаралды. Заң жобасын бұған дейін Мәжіліс мақұлдаған болатын.

«Әлеуметтік блок шығыстары 581 млрд теңгеге арттырылды және 8,6 трлн теңге немесе  жалып бюджет шыңысының 46%-ы деңгейінде жоспарланып отыр. Қосымша қаражат әлеуметтік төлемдерді индекстеу, медициналық көмек көрсету, еңбек нарығын дамыту мен жастарды қолдауға бағытталатын болады» деді Қаржы министрі.

 Сонымен қатар күш құрылымдарының шығыстары 446 млрд теңгеге өсіп, 2,2 трлн теңге сомасында жоспарланған.

«Жалпы көзделген шығыстардың 30%-ке жуығы нысаналы трансферттермен өңірлерге берілетін болады. Жалпы сомасы – 818 млрд теңге, оның ішінде дамуға арналған трансферттер – 475 млрд теңге. Нақтылауды ескере отырып, өңірлерге республикалық бюджеттен жалпы шығыстардың 5,5 трлн теңгеден астамы немесе 29,3%-і бағытталатын болады»  деді Е. Жамаубаев.