Биыл еліміз бойынша Ұлттық Бірыңғай Тестілеуге (ҰБТ) қатысуға 130 мыңнан астам адам тіркелген. Тіркеу 28 сәуірде басталған еді. Өтініштерді қабылдау 14 мамырға дейін жүргізіледі. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директоры Әділет Тойбаев осындай мәліметтерді жария етті.
Тестілеудің өзі 16 мамыр мен 5 шілде аралығында өтеді. ҰБТ-ға қатысу үшін Ұлттық тестілеу орталығының (app.testcenter.kz) сайтында өтініш беруге болады.
«Биыл талапкерлер негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, үздік нәтижемен гранттарды тағайындау конкурсына қатыса алады. Екі тестілеу кезінде бейінді пәндердің бір ғана комбинациясын таңдауға болады. Пәндердің саны өзгеріссіз қалады – үш міндетті және екі таңдау бойынша. Тест тапсырмаларының саны – 120. Оның ішінде Қазақстан тарихынан – 15, математикалық сауаттылықтан – 15, оқу сауаттылығынан – 20 және екі бейіндік пәннен – 35. Ең жоғарғы ұпай саны – 140. Тестілеудің жалпы уақыты – 4 сағат» деді спикер.
Сонымен қатар, үміткерлер тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға бере алады. Сертификат аппеляция туралы шешім қабылданғаннан кейін тестіленушінің жеке кабинетінде қолжетімді болады.
БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директоры Әділет Тойбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеуге енгізілген жаңашылдықтарға тоқталды. Мысалы, талапкерлер екі мүмкіндікте де бір бейіндік пәндер комбинациясын таңдайды. Яғни, бірінші мүмкіндікте «Математика+Физика» тапсырса, екінші мүмкіндікте де «Математика+Физика» комбинациясын тапсыру керек.
«Сонымен қатар, егер бірінші тестілеу кезінде ереже бұзылса, онда екінші рет тапсыру мүмкіндігі жойылады. Ал егер екінші тестілеу кезінде де ережелер бұзылса, онда бірінші және екінші сынақтың нәтижелері жойылады. Сондықтан талапкерлерді академиялық адалдықты ұстануға шақырамыз. Сондай-ақ «Құқық» бағыты бойынша шекті бал 75ке едйін көтерілді. басқа бағыттар бойынша өзгерістер жоқ. Айта кетейік, академиялық адалдықты сақтау үшін талапкерлердің тестілік нұсқасы таңбаланады, яғни ҰБТ-ның әрбір қатысушысының жеке тест нұсқасы болады. Талапкерлер ережелерді бұзған жағдайда олардың нәтижелері жойылады. Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша ҰБТ «1 компьютер – 2 камера – 1 тестіленуші» қағидасы бойынша өткізіледі» деді спикер.
Сондай-ақ, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға тестілеуге 40 минут қосымша уақыт беріледі. Сонымен қатар, олар үшін тесттердің сапасы мен құрылымы өзгерді.
БҒМ Ұлттық тестілеу орталығы ҰБТ-ға дайындалу үшін тегін сынақ тестілеуін іске қосты. Тестілеуден орталықтың сайтынан, https://prob-ent.testcenter.kz/ сілтемесі арқылы онлайн режимінде өтуге болады. Ол үшін тестіленуші алдымен ЖСН енгізіп, бейіндік пәндер комбинациясын таңдап, тестілеуге қатыса алады.Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңыда ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев мәлімдеді.
«Сынақ тестілеуі талапкерлерге тестілеуге дайындығын жақсартуға және қандай тақырыптарды тереңірек зерделеу керегін түсінуге көмектесу үшін жасалған. Сынақ тестілеуінен өту кезінде талапкерге тест тапсырмаларымен танысуға және таңдалған пәндер бойынша өзінің білім деңгейін тексеруге мүмкіндігі бар. Сондай-ақ ҰТО-мен бірлесіп әзірленген білім беру орталықтарының ҰБТ-ға дайындық бойынша тегін онлайн-сабақтарының саны артты. Сонымен қатар, «Қазақстан тарихы» пәні бойынша биыл тест тапсырмаларының саны өзгеріссіз қалды, бірақ контекстік тест тапсырмалары енгізілді» деді Емелбаев.
Сонымен қатар, талапкерлер тест тапсыратын күнін, тапсыратын уақытын және жерін өздері таңдайды.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте спикерлер оқуға түсуге арналған жеңілдіктер, квоталар туралы толық ақпарат ұсынды. Жалпы, ауылдық, әлеуметтік осал топқа арналған және қандастар квотасы сияқты негізгі 9 квота бар.
«Көп балалы отбасылардан шыққан балаларға – 5 пайыз квота, толық емес отбасыларға – 1 пайыз, бала кезінен мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан балалар үшін – 1 пайыз квота, қандастарға арналған – 4 пайыз, жетім балаларға арналған – 1 пайыз, ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген адамдар үшін – 0,5 пайыз, ауыл жастарына – 30 пайыз, «Серпін» бағдарламасы бойынша – 10 пайыз квота және мүгедек балалар үшін 1 пайыз квота бар. Бұл квоталар бойынша өзгерістер жоқ. Әдеттегідей бұл топтардан шыққан балалар үшін гранттар беріледі. Мүгедек және жетім балаларға келсек, былтыр да, оның алдындағы жылы да осы топтан шыққан балалар грантпен қамтылды. Биыл да осы бағыттағы жұмыс жалғасады» деді БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директоры Әділет Тойбаев.