2016 жылдан бері банк секторында 6,7 трлн теңге сомасындағы стресті актив есептен шығарылған. Қазіргі кезде стресті активтер мөлшері 2,3 трлн теңгені немесе банк жүйесі активтерінің 6%-ын құрайды. Бұл туралы ҚНРДА төрағасы Мәдина Әбілқасымова мәлімдеді. Агенттік басшысы мәжіліске «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне стрестік активтер нарығын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасын алып келген. Депутаттар аталмыш заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Агенттіктің хабарлауынша, заң жобасының негізгі мақсаты – стрестік активтердің өтімді нарығын нарықтық қағидаттармен дамыту және оларды экономикалық айналымға тарту.
2019 жылғы актив сапасын тәуелсіз бағалау қорытындысы бойынша, стресті активтер үлесі банктер несие портфелінің 21%-ын құраған. Қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 8%-дан аспайды. Анықталған шығындарды өтеу үшін банктер 554 млрд теңгеге қосымша провизиялар қалыптастырып, 128 млрд теңгеге банктердің капиталын қосымша ұлғайтты.
«2020 жылдан бері банктер Агенттіктің келісімі бойынша стрестік активтерді азайту жөніндегі жеке жоспарларын жүзеге асырып келеді. Екі жыл ішінде 648 млрд теңгеге проблемалық қарыздар есептен шығарылды» деді Мәдина Әбілқасымова.
Бұл заң жобасы ҚР 4 Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді және мынадай негізгі бағыттардан тұрады.
Заң жобасының бірінші бөлігі – стрестік активтерді авторизацияланған сатып алушылардың қолданыстағы тізімін кеңейтуге бағытталған.
Қазіргі уақытта авторизацияланған сатып алушылар тізіміне екінші деңгейдегі банктер, Проблемалық кредиттер қоры, коллекторлық агенттіктер және басқа да қаржы ұйымдары кіреді, бұл жеке инвесторлардың нарыққа шығуын шектейді. Сондықтан заң жобасымен бұл тізім стрестік активтерді қалыпқа келтіруге және экономикалық айналымға тартуға мүдделі жеке инвесторларды қосу жолымен кеңейтілетін болады.
Мәдина Әбілқасымова қарыз алушы – жеке тұлғалардың құқықтарын қорғау мақсатында жеке инвесторларға заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлердің қарыздарын ғана сатып алуға рұқсат етілетінін хабарлады, яғни заң жобасында жеке тұлғалардың кредиттерін жеке инвесторларға сату көзделмеген.
Заңнамалық бастамалардың екінші блогы инвесторларға жұмыс істемейтін кредиттерге қызмет көрсету және оларды басқару қызметтерін көрсететін сервистік компаниялар институтын құруға бағытталған. Жаңа инвесторлар сатып алынған жұмыс істемейтін кредиттерді сервистік компанияларға сенімгерлік басқаруға береді деп болжанып отыр.
Сервистік компаниялардың функцияларын банктердің стрестік активтерді басқаруды жүзеге асыратын еншілес ұйымдарына және тиісті тәжірибесі мен құзыреті бар коллекторлық агенттіктерге беру ұсынылады.
«Заң аясындағы деңгейде сервистік компаниялар үшін капиталдың мөлшері, нарықтағы жұмыс тәжірибесі, мінсіз іскерлік беделінің болуы және қадағалау шаралары мен санкциялардың болмауы жөнінде жоғары талаптар белгіленетін болады» деп атап өтті Мәдина Әбілқасымова.
Қарыз алушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында банктік қарыз және микрокредит шарттары шеңберіндегі кредитордың қарыз алушымен өзара қарым-қатынастарына Қазақстан Республикасының заңнамасында қойылатын барлық талаптар мен шектеулер жеке инвесторға қолданылатын болады.
Заң жобасының үшінші блогы стрестік активтерді экономикалық айналымға тартуды жеделдетуге бағытталған. Түзетулер өндіріп алынған мүліктің банктер мен микроқаржы ұйымдарының балансында болуы үшін шекті мерзімді 3 жыл деп белгілеуді көздейді.
Осылайша, заң жобасы стрестік активтердің өтімді нарығын нарықтық қағидаттар негізінде дамыту үшін қажетті жағдайлар жасауға және стрестік активтерді еліміздің экономикасына тартуды жеделдетуге мүмкіндік береді.