Қазақстанда әлеуметтік желі мен мессенджерлер қызметі шектелуі мүмкін
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі шетелдік онлайн платформалардың немесе жедел хабар алмасу сервистерінің қызметін шектеу мүмкіндігіне ие болмақ. Мұндай өзгеріс «Қазақстан Республикасы Ақпарат және әлеуметтік даму министрлігінің кейбір мәселелері туралы» ҚР Үкіметінің 2019 жылғы 26 наурыздағы № 142 қаулысына енгізілмек.
Үкімет қаулысына енетін өзгерістер жобасы 13 мамырда Ашық нормативтік құқықтық актілер порталында жарияланған. Құжатты қоғамдық талқылау 27 мамырға дейін жалғасады.
«Көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі туралы ережеде 14-тармақта: 1) тармақша мынадай мазмұндағы тоғызыншы, оныншы және он бірінші абзацтармен толықтырылсын:
«онлайн-платформаны немесе лездік хабарлар алмасу сервисін пайдаланушылардың саны туралы мәліметтерді тексеру мақсатында онлайн-платформадан немесе лездік хабарлар алмасу сервисінен тәулігіне пайдаланушылар саны туралы ақпаратты сұрату;
егер онлайн-платформа немесе лездік хабарлар алмасу сервисі Интернеттегі ақпараттық ресурсты пайдаланушылардың санын айқындау үшін бағдарламаны орнатпаған жағдайда, өз ресурстарында пайдаланушылар санын айқындау;
Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында шетелдік онлайн-платформаның немесе жедел хабар алмасу сервисінің қызметін шектеу» делінген қаулы жобасында.
Сонымен қатар министрлік «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы уәкілетті органға осындай ақпаратты бере отырып, терроризмді қаржыландыру тәуекелдерін анықтау тұрғысынан коммерциялық емес ұйымдардың қызметіне талдау және мониторинг жүргізумен» айналысады.