Жаңалықтар

Референдумға қанша қазақстандық қатыса алады

Дауыс беруге 18 күн қалды

15 мамырдағы жағдай бойынша Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі референдумға қатысуға құқығы бар қазақстандықтардың тізіміне 11,7 миллион адам (11 722 536) енді. Бұл туралы 17 мамырда Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров мәлімдеді.

Ол қазақстандықтар тізімде бар-жоғын 20 мамырдан бастап тексере алатынын еске салды.

«Егер сізге қандай да бір өзгертулер енгізу қажет болса, сіз дереу учаскелік референдум комиссиясына өтініш бере аласыз. Содан кейін сіздің өтінішіңіз қаралады», – деді.

Әбдіров әкімдіктер сайлау учаскелерін дауыс беру күніне дайындап, ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға жағдай жасау керектігін атап өтті. «Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға ыңғайлы болу үшін, атап айтқанда, инвотакси, сурдоаудармашыларды тарту мүмкіндігі және басқа да қажетті шараларды одан әрі пысықтау қажет», – деді ол.

ОСК төрағасының орынбасары Константин Петровтың айтуынша, бюллетень, мәтіні бекітілді. Барлығы жасырын дауыс беретін кабинада бюллетень толтырады.

«Егер жекелеген азаматтар денсаулығына байланысты немесе басқа себептермен өз бетінше толтыра алмаса, олар референдумды ұйымдастырушылар мен бақылаушылардың қызметін емес, басқа азаматтың қызметін пайдалануға құқылы. Азамат өзі дауыс беретін жауаптың оң жағындағы бос жәшікке кез келген белгіні қояды. Бір сұрақ, екі жауап. Таңдап, бір белгі қою керек», – деді ол.