Қазақстанда карантин енгізу жоспарланып отырған жоқ
Елімізде карантин шараларын қайта енгізу мен маска кию режимін күшейту жоспарланып отырған жоқ. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлімдеді.
Бұған дейін ДСМ еліміздің 12 облысында COVID-19 коронавирусының жаңа штамы – «стелс-омикрон» анықталғанын хабарлаған еді. Министрдің айтуынша, бұл штамм «дельтаға» қарағанда жеңіл өтеді, алайда жұқпалылығы жоғары және қайта жұқтыру жағдайлары жиі кездеседі екен.
«Сондықтан қазіргі кезде біз оның бүкіл елге таралып жатқанын көріп отырмыз, ауруға күнделікті мониторинг жүргізілуде» деді Ажар Ғиният.
Министрлік басшысы коронавирус белгілері бар барлық қазақстандықтардың толық ем-дом алып, жазылып шығатынын атап өтті.
«Біз бұл штамм қандай да бір карантин шараларын күшейтуге алып келеді деп ойламаймыз. Өздеріңіз байқап отырғандай, барлық карантин шаралары алынып тасталды. Қазір негізінен халық арасында профилактикалық жұмыстар жүргізілуде»деді министр.
Қазіргі эпидемиологиялық жағдайда Денсаулық сақтау министрлігі бетперде режимін енгізуге еш негіз жоқ дейді.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 17 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстанда бір тәулікте COVID-19 инфекциясын жұқтырған алты адам тіркелген. Соңғы апталарда Алматы мен Нұр-Сұлтанда коронавирус жұқтырғандар анықталған. Ғиният мұны қала халқының тығыздығы және халықаралық жолдаушы тасымалымен байланыстырды.