Жаңалықтар

Коронавируспен күреске 894 млрд теңге жұмсалған

ҚР Денсаулық сақтау министрі пандемияның әр жылында қанша қаржы кеткенін айтты

Қазақстанда COVID-19 пандемиясымен күреске 894 млрд теңге жұмсалған. Бұл туралы ОКҚ-да өткен  брифингте ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтып өтті.

Ведомство басшысының айтуынша, 2020 жылы пандемияға қарсы бюджеттен 252 млрд теңге жұмсалған. Оның 197 млрд теңгесі  – медицина қызметкерлеріне қосымша ақы төлеуге, 28 млрд теңгесі дәрі-дәрмек пен қорғаныс құралдарын сатып алуға кетіпті. Ажар Ғинияттың айтуынша, тағы 20 млрд теңге халыққа медициналық көмек көрсеткен қызметкерлердің еңбекақысын төлеуге, 5 млрд теңге – ӨЖЖ аппараттарын сатып алуға бөлінген.

Ал 2021 жылы 556 млрд теңге бөлініп, оның 413 млрд теңгесі – медицина қызметкерлеріне қосымша төлемдер мен іссапар шығындарына, 97 млрд теңгесі – вакцина сатып алуға, covid-19 диагностикасына керек-жара алуға жұмсалыпты. Қордан тағы 40 млрд теңге медициналық мекемелерге  бөлінген.

2022 жылы бюджеттен 86 млрд теңге бөлініп, оның 20 млрд теңгесі – Pfizer компаниясының вакцинасын, 9 млрд теңгесі VeroCell және QazVac препараттарын сатып алуға жұмсалды.

Брифинг барысында Ғиният коронавирустың жаңа штамының анықталуына байланысты Қазақстанда карантин мен маска режимін қатаңдату жоспарланбағанын айтып өтті.