Несие бойынша мерзімі өткен берешек пайда болса не істеу қажет?

Жарияланды

Қайда бару керек?

Егер сіздің кредит бойынша мерзімі өткен берешегіңіз болса, мерзімі өткен күннен бастап 30 күн ішінде банкке немесе кредитті қайта құрылымдау үшін банкке немесе МҚҚЖҰ-ға жазбаша өтінішпен немесе шартта көрсетілген өзге тәсілмен жүгінуіңіз қажет. Бұл туралы fingramota.kz сайты айтып берді.

2021 жылғы мамырда кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, оларға сәйкес 2021 жылғы 1 қазаннан бастап Қазақстанда кредиттік ұйымдардың қарыз алушылар – жеке тұлғалардың проблемалық берешегін реттеудің бірыңғай құқықтық режимі қолданылады. Мәселен, кредиторлар қарыз алушыны кредиттер бойынша төлем мерзімін өткізіп алу туралы ол басталған сәттен бастап 20 күн ішінде хабардар етуге міндетті. Хабарламада банктер мен микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар (бұдан әрі –МҚҚЖҰ) туындаған төлем мерзімін өткізіп алудың нақты мөлшерін көрсете отырып, төлем жасау қажеттілігі туралы азаматтарды хабардар етуі, олардың өздеріне жүгіну құқығы және өздерінің кредиттік міндеттемелерін орындамау салдары туралы айтуға тиіс.

Өтінішіңізде мыналарды көрсетуіңіз қажет:

міндеттемелерді орындамау себебін. Қолыңызда өзіңізде туындап отырған қиындықтарды растайтын құжаттардың болуы;

міндеттемелерді орындау бойынша өз нұсқаларыңызды. Сіз мысалы мыналарды ұсына аласыз: сыйақы мөлшерлемесін азайту жағына қарай өзгерту, төлемді кейінге қалдыру, шарттың қолданылу мерзімін, өтеу әдісін өзгерту, өзінің қаржылық жағдайын ескере отырып, жаңа төлем кестесін құру немесе кепіл мүлкін өз бетінше өткізу.

Кредитор Сіздің өтінішіңізді қабылдауға, тіркеуге, қарауға және күнтізбелік 15 күн ішінде мынадай жауаптардың бірін беруге тиіс:

шарт талаптарына сіз ұсынған өзгерістерді қабылдай отырып, келісу; 

шарт талаптарын өзгерту бойынша өз ұсыныстарын беру;

себептердің дәлелді негіздемесін көрсете отырып бас тарту.  

Шарттың талаптарына өзгерістер енгізу кредитор осындай шешім қабылдаған күннен бастап күнтізбелік 15 күн ішінде жүзеге асырылады. Шарттың талаптарын өзгерту туралы өзара қолайлы шешімге қол жеткізілмеген жағдайда, Сіз Агенттікке жүгінуге құқылысыз.

Агенттік кредиторлардың азаматтардың мерзімі өткен берешегін реттеуінің бірыңғай тәсілін айқындау мақсатында қарыз алушы шарттың талаптарына өзгерістер енгізу туралы өтінішпен жүгінуге құқылы негізгі жағдайларды анықтады:

қарыз алушыны жұмыспен қамту органдарында жұмыссыз ретінде тіркеу;

қарыз алушының әлеуметтік мәртебесін өзгерту, атап айтқанда халықтың әлеуметтік осал топтарына жатқызу, сол сияқты орташа айлық кірістің төмендеуіне әсер еткен қарыз алушының бірге тұратын жақын туысы, жұбайы (зайыбы) ХӘОТ мәртебесін алу;

қарыз алушының науқастануына байланысты уақытша еңбекке жарамсыздығы (3 айдан астам);

қарыз алушының бала күтімі бойынша демалысқа шығуы;

қарыз алушыны мерзімді әскери қызметке шақыру;

қарыз алушының жақын туыстарының, жұбайының (зайыбының) науқастануына (әлеуметтік мәні бар аурулар қатарынан) не қайтыс болуына байланысты отбасылық мән-жайлар;

қарыз алушыға материалдық зиян келтірген жағдайлар (ұрлық, өрт және т.б.).

Бұл тізбе түбегейлі болып табылмайды және сіздің шарт бойынша міндеттемелерді қолданыстағы талаптарда орындау мүмкіндігіңізге әсер еткен жағдайға байланысты толықтырылуы мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз