Қайрат Боранбаев Ресейдегі McDonald’s желісін сатып ала алмады

Жарияланды
Бизнес франчайзи-серіктесі Александр Говорға өтті

Қомақты қаражат жымқырды деген күдікке ілініп, ісі тергеліп жатқан Қайрат Боранбаев Ресейдегі McDonald ‘s-ты сатып ала алмады. Бұған дейін The Bell басылымы Боранбаев көрші елдегі фаст-фуд желісін сатып алуы мүмкін деп жазған еді. 19 мамырда компания ресейлік активтерін франчайзи-серіктесі Александр Говорға сататыны белгілі болды.

Мәміле шарттары бойынша,  серіктес фаст-фуд желісінің  бүкіл мейрамхана портфолиосын сатып алып, болашақта оны жаңа брендпен дамытпақ. Говор McDonald’ s-пен 2015 жылдан  бері жұмыс істеп келеді. Ол франшиза бойынша Сібірде 25 мейрамхана ашқан. .

«Келісім реттеуші органдардың мақұлдауын қоса алғанда, белгілі бір шарттарды келісуді талап етеді. Келісімге алдағы аптада толық қол қойылады деп күтіліп отыр» – делінген хабарламада.

Сондай-ақ, McDonald’s-ты сатып алу-сату шартында бүкіл қызметкерлерінің  кемінде екі жыл жұмыс орындары сақталатыны жазылады. Сатып алушы мәміле жабылғанға дейін 45 аймақта жұмыс істейтін корпоративті қызметкерлердің жалақысын қаржыландыруға келісті.

McDonald’s 9 наурызда Ресейдің Украинаға басып кіруіне байланысты, осы елдегі 850 мейрамхананың жұмысы уақытша тоқтатынын хабарлады. Компания есебі бойынша, РФ мен Украинадағы тамақтану орындары McDonald’ s жылдық табысының 9%-ын құрайды, бұл шамамен $2 млрд құрайды.

16 мамырда McDonald’s Ресей нарығынан кететінін жариялап, өзінің ресейлік бизнесін сату процесін бастағанын хабарлады.

McDonald’s –  қоғамдық тамақтану индустриясындағы әлемдік көшбасшы, 100-ден астам елде 39 мыңнан астам бөлімшесі бар. McDonald ‘ s кәсіпорындарының шамамен 95%-на тәуелсіз жергілікті бизнес иелері иелік етіп, басқарады.

Сондай-ақ оқыңыз