Баспана жалдауға берілетін субсидия: үш мыңнан астам өтінім мақұлданды
Қазақстанда 608 мыңнан астам азамат әкімдіктерде тұрғын үйге мұқтаж ретінде тіркелген. Оның ішінде 242 мыңы – әлеуметтік жағынан аз қамтылған, ал 85 мың адам көпбалалы отбасы санаты бойынша кезекте тұр. Бюджеттік саланың 217 мыңнан астам қызметкері де баспанаға мұқтаж. Ата-анасынан айырылған 60 мың жетім кезекте тұр. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Әзімбек Нәлібаевтың айтуынша, бұл азаматтарды баспанамен қамту жұмыстары «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жүргізіліп жатыр.
«Әкімдіктер тарапынан сатып алу құқығынсыз жалға берілетін баспаналар мен кредиттік баспаналар салынып жатыр. «Отбасы банк» АҚ арқылы жеңілдетілген қарыз беріліп жатыр. Халықтың жекелеген санатын баспанамен қамту мақсатында жыл басында президент үкіметтің кеңейтілген отырысында тапсырма берді. Соны орындау мақсатында «Отбасы банк» АҚ-да ақпарат жүйесі қалыптасты. 18 сәуірде іске қосылған жүйе бойынша мемлекет жалға берілетін пәтерді жалдау ақысының жартысын субсидиялайды. Ал қалған 50%-ын тұрғын үйді жалдаушы төлейді».
Әзімбек Нәлібаев, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары
Оның айтуынша, жалдамалы пәтер бағасының жартысын мемлекет төлейтініне қатысты нормативтік-құқықтық акті бекітілген. Бюджет бөлінген. Бұл санатқа көпбалалы отбасылар, І және ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтар, жетім қалған балалар мен мүмкіндігі шектеулі баланы асырап отырған отбасы кіреді.
Әзімбек Нәлібаевтың сөзінше, 2022 жылы бұл бағытта 70 мың адамды қамту жоспарланған. «Отбасы банк» АҚ бойынша қазірге дейін үш мыңнан астам өтінімі мақұлданды.
«Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимованың хабарлауынша, 2022 жылдың 18 сәуірінен бастап жалға алу ақысын субсидиялауға қатыса алатын 70 мың адамның 61 мыңына «Отбасы банк» атынан өтінім беруге шақыру жіберілген. Субсидия алуға өтінім электронды цифрлық қолтаңба арқылы қабылданады. Сол себепті өтінім беретін азаматтар ЭЦК жұмыс істеп тұрғанын алдын ала тексеруі қажет. Сондай-ақ өтінім берушінің «Отбасы банк» АҚ-да шоты болуға тиіс. Жинақ шоты жоқ азаматтар «Отбасы банк» мобильді қосымшасы арқылы шот аша алады.
«Қазірге дейін 13 758 өтінім түсті. Оның ішінде 6 392 адам ЖСН нөмірі арқылы өтінім берген. Ішінде 3 044 отбасы бірінші және екінші нарықтан пәтер іздей берсе болады. 703 адамның өтініші толықтыру кезеңінде тұр. Бұл жүйенің бір ерекшелігі – мұнда тек бір адам ғана емес, оның жары, кәмелетке толған балалары да электронды цифрлық қолтаңба арқылы қол қоюы қажет. Олардың баспанасы бар-жоғы тексеріледі».
Ләззат Ибрагимова, «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы
Ибрагимованың айтуынша, 7 993 өтінімі кері қайтарылған. Олардың басым бөлігі жүйеге тіркелу кезінде «Отбасы банк» телефон нөміріне жіберген кодты жаза алмаған. Демек, азаматтардың мобильді базасындағы нөмір мен азамат қазір қолданып жүрген нөмір бір-біріне сәйкес келмейді. Кей азаматтың жеке куәлігінің жарамдылық мерзімі өтіп кеткеніне байланысты өтінім қаралмады. Енді бірінде салық комитетінде қарызы бар екені анықталды.
Жалға алу ақысын субсидиялауға қатысты өтінім беру уақыты белгіленбеген. Ал бағдарламаға бөлінген бюджет үш жылға жетеді деп жоспарланған.
Айта кетейік, өтінім беретін адамдардың төлем қабілеті тексеріледі. Отбасының соңғы 6 айдағы орташа табысы әрбір мүшесіне шаққанда 1 ең төменгі күнкөріс деңгейінен, яғни 36 018 теңгеден аспауға тиіс. Мысалы үйде төрт адам болса, барлық отбасының табысы 144 072 теңгеден (4×36 018) артық болмауы шарт. Ал бағдарламаны іске асыруға 50 миллиард теңге қарастырылған. Соның ішінде 40 миллиард республикалық бюджеттен бөлінсе, жергілікті әкімдіктер 10 миллиард береді.