Кейде диплом не аттестатты жоғалтып алып, оны қалай қалпына келтіру керегін білмей жатамыз. Кейбірі тіпті жұмыс орны диплом сұратқанда ғана ол құжатының қайда екенін білмейтін болып шығады. Бүгінгі тақырыбымызды Айшаның мысалында қарастырып көрелік. Айша жеке куәлігі, дипломының түпнұсқасы және жүргізуші куәлігі салынған шағын сөмкесін қатты боран болған күні жоғалтып алған болатын. Сөмкенің өзін көп ұзамай тапқанымен, оның аузы ашық қалып, ішіндегі құжаттар ұшып кеткен екен. Түгендеп қараса, жұмысқа тұруға өтініш беру үшін нағыз керегі — дипломының қосымшасы жоқ болып шықты. Аяқ-асты дипломның түпнұсқасын жоғалтып алсаңыз, жұмысқа тұра алмай қалуыңыз мүмкін. Сол сияқты егер екінші жоғары білім алуға тапсыратын болсаңыз да, бұл құжатты өткізу міндетті. Өмір болған соң, көп затымызды жоғалтып жатамыз. Бір жақсысы, оны қалпына келтіруге болады. Қалай десеңіз, бүгінгі материалымызды оқыңыз.
Түсініктірек болуы үшін бірнеше жағдайды қарастырып көрелік:
- егер жоғары оқу орнын бітіргені туралы диплом жоғалса;
- егер орта арнайы оқу орнын бітіргені туралы диплом жоғалса (КТУ, лицей, колледж);
- және ең соңында егер мектепті бітіргені туралы аттестат жоғалса.
Университет дипломын жоғалтып алса, қалай қалпына келтіруге болады?
Айтқандай, жоғары білім туралы диплом өте маңызды құжат. Күнделікті қажет құжаттардың қатарында болмағандықтан, жай күні мұны сөмкеде ұстап жүрмеген дұрыс. Сол сияқты аса қажет бола қоймас деген оймен сандықтың түбіне тастай салып, қайда қойғаныңызды білмей қалмауыңыз да қажет. Мұндайда құжатқа ұқыптырақ болуға қатысты бірер кеңес айта кетсек жөн болар. Дұрысы, құжат сақтайтын сөмке не сейфіңіз болсын. Балалардың қолы жетпейтін жерде тұрғаны абзал. Себебі кішкентай балалар қағаз көрсе жыртып, аузына салып жеп тастауы мүмкін. Сондықтан ұқыптылықты аса қажет ететін нәрсенің бәрін бір жерге жинауды әдетке айналдырыңыз. Сонда керек кезде табу да оңай болады. Барлығы бір жерде тұрса, артық уақыт шығындап, іздеп жүрмейсіз. Материалымыздың соңында бірнеше кұнды кеңес таба аласыз.
Қош, өмірде түрлі жағдай болатынын ескерсек, ақыры жоғалтып алсаңыз, оны қалыпқа келтіруге кірісіңіз. Білім алғаны туралы құжаттардың және олардың қосымшаларының түпнұсқалары жойылған кезде немесе жарамсыз болған жағдайда, сондай-ақ өзінің тегін (атын, әкесінің атын) өзгерткен адамдарға беріледі. Ендеше, түпнұсқаны қайта алу үшін не керек?
- құжатты жоғалтқан немесе бүлдіріп алған білім алушы немесе кәмелкетке толмаған баланың ата-анасы (заңды өкілі) білім ұйымы басшысының атына болған жағдайды баяндап, өтініш жазады;
- білім алушының туу туралы куәлігінің немесе жеке куәлігінің (төлқұжатының) көшірмесін береді;
- Атын (тегін, әкесінің атын) өзгерткенде немесе құжатты бүлдіріп алған жағдайда түпнұсқасын қоса ұсынуы керек.
Егер дипломды сіз тұрмысқа шыққанға дейін алсаңыз, ал қазіргі кезде оны ауыстырып үлгермесеңіз, онда құжаттарға некені тіркеу туралы куәліктің көшірмесін қоса беру қажет. Алайда дипломның түпнұсқасында сіздің бұрынғы тегіңіз қалады. Түпнұсқа өтініш берген күннен бастап 30 күнтізбелік күннен кешіктірілмей тегін қайта беріледі. Білім ұйымы қазір жабылып қалған жағдайда жеке тұлғалар білім ұйымының орналасу орны бойынша мұрағатқа жүгінеді. Мемлекеттік мұрағат және олардың өкілдері, ведомстволық және жеке мұрағаттар берген түпнұсқаның заңды күші бар ресми құжаттар болып саналады.
Құжаттардың түпнұсқалары түпнұсқаны беру туралы шешімді қабылдау кезінде әрекет ететін бланкіде беріледі және оқу ісі жөніндегі орынбасар, білім ұйымының жетекшісі қол қояды. Құжаттың берілетін бланкісінде оң жақ жоғарғы бұрышында «Түпнұсқаның орнына телнұсқа № ______» штампы қойылуы қажет.
Орта арнайы білімді аяқтау туралы дипломды қалай қалпына келтіруге болады?
Техникалық және кәсіби білім ұйымдарында алынған диплом (КТУ, лицей, колледж) жоғары білім туралы дипломды жоғалтқан жағдайдағыдай қалпына келтіріледі. Сіз дипломның түпнұсқасын беруге өтініш жазуыңыз керек. Өтініш оқу орнының директорының атына оқу орнында белгіленген формаға сәйкес жазылады. Білім ұйымы жабылып қалған жағдайда жеке тұлғалар білім ұйымының орналасу орны бойынша жүгінеді.
Мектепті аяқтау туралы аттестатты қалай қалпына келтіруге болады?
Бірінші кезекте сізге өзіңіз оқыған мектепке баруыңыз қажет. Сөйтіп мектеп директорының атына белгіленген үлгідегі өтінішті аттестатты жоғалту себебін көрсете отырып, өтініш жазып қалдырасыз. Аттестат түпнұсқасын қалпына келтіру кезеңі бір айдан жарты жылға дейінгі кезеңді алады, сол себепті егер аса шұғыл қажет болса, сізге оны тез арада қалпына келтіруге бастама жасау қажет.
Егер сіздің мектеп қайта құрылса, Білім басқармасына жүгініңіз, ол жерде сізді құқық иегері болған оқу мекемесіне жібереді, себебі дәл сол жерде сіздің аттестат туралы мұрағат деректері сақталады.
Қайта беру үшін дәл сол оқу ордасында оқығаыңызды айғақтау қажет. Ол дегеніміз тиісті құжаттар болуы керек. Мысалы, білім туралы аттестаттың расталған көшірмесі, аталмыш бітіруші сыныпта сабақ берген мұғалімдердің жазбаша куәліктері деген сыңайлы. Егер сіз басқа қалада тұрсаңыз, онда аттестатты қалпына келтіру үшін өз мектебіңізге баруыңыз қажет болады.
Егер сіз басқа қалада тұрсаңыз, онда аттестатты қалпына келтіру үшін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 8 сәуірдегі № 179 бұйрығымен бекітілген «Негізгі орта, жалпы орта білім беру туралы құжаттардың телнұсқаларын беру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына сәйкес «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы арқылы алуға болады.
Құжаттарды қалай және қайда сақтаған дұрыс?
Бұл ретте біз бірнеше тиімді шешімдер ұсына аламыз. Мысалы, папкаларға салып, сөреге қоя аласыз. Болмаса, көлемді қорап алып, соған салып қойсаңыз болады. Енді бірі кілттенетін жәшікке салып қояды. Қағаз біткеннің бәрін сақтай берген де жөн емес. Себебі кей қағаздар не құжаттар тіпті қажет болмай шығуы мүмкін. Сондықтан үйіліп қалған қағаз құжаттарға арагідік ревизия жасап тұрған дұрыс. Ол үшін ең бірінші ерінбей архивті ақтарып шығыңыз. Мерзімі өтіп кеткен, мүлдем қажет болмайтындарын жинай бермей, қоқысқа тастаңыз. Қажет деп қалғандарын сорттап, жинап қойыңыз. Шыны керек, қағаздың жинай беретін әдет көбімізде бар. Егер соларды реттеуді қолға алсаңыз, өміріңіз әжептәуір жеңілдейді. Асыққанда қажет құжатты іздеуге де уақытыңыз салыстырмалы түрде азырақ кетеді. Қандай қағаздарды лақтыру керек:
- Тапсыратын уақыты өтіп кеткен тауарлардың чектері;
- Үш жылдан асып кеткен түбіртектер;
- Есеп жіберу туралы сұратылым жіберген хабарламалар;
- Уақыты әлдеқашан өткен кепілдік талондары мен нұсқаулықтар.
Бұл жерде мынадай маңызды жайтты ескеріңіз. Болашақта даулы мәселе тууы мүмкін деген құжаттарға абай болыңыз. Себебі кейде соттасқанда бірнеше жыл бұрынғы түбіртектер қажет болып қалуы мүмкін. Сондықтан лақтыру керек деп барлығын көз жұмып тастай салмаңыз. Дұрысы, арнайы уақыт бөліп, әрқайсысын ашып қарап, жауапкершілікпен шешім қабылдау. Қажет еместі лақтырып болған соң, жеңілдікті өзіңіз сол сәтте-ақ сезінесіз. Кей адамдар керек болып қалады деп емес, жай ғана қызығушылықпен әр чекті сақтап жүреді. Кинотеатр билеті не концерт билеті дегендей дүниелерді тау-тау қылып сақтайтындар бар. Әрине, егер бұл сіздің хоббиіңіздің бір түрі болса, түсінікті. Ондай жағдайда естеліктерге арналған бөлек қорабыңыз болсын. Әйтпесе, құжаттарды арасында бұлардың тұрмағаны дұрыс. Айтпақшы, осы ретте мерзімі жоқ, яғни қажет болатын құжаттарды да бірсыпыра атап өтейік. Ондай құжаттардың ішінде мыналар бар:
- Туу туралы куәлік;
- Неке туралы куәлік;
- Мұрагерлік немесе отбасылық істерге қатысты кез келген құжат;
- Көлік не Жылжымайтын мүлік иелігіне қатысты құжат;
- Оқу бітіргені туралы растайтын куәлік, диплом;
- Еңбек кітапшасы;
- Аурухана анықтамалары, дәрігердің қарағаны туралы анықтама және осы сынды құжаттар;
- Нотариуспен бекітіліп, заңды күші бар кез келген қағаз.