Мүгедектік және асыраушысынан айырылу бойынша
1 мамырдағы жағдай бойынша қазақстандықтарға мүгедектік және асыраушысынан айырылу бойынша 139,8 млрд теңгеден астам қаражат төленді. Оның ішінде 2022 жылдың сәуір айында республикалық бюджеттен мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төлеуге 27,5 млрд теңге, асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақы төлеуге 7,7 млрд теңге жұмсалды. Бұл туралы ҚР Еңбекмин сайты хабарлады.
2022 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылардың саны 525,8 мың, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша 175,9 мыңға жетті.
Мүгедектік және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері мүгедектік тобына және себебіне, қайтыс болған (қаза тапқан) асыраушының асырауындағы адам санына, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленетін ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты болады.
2022 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша мүгедектік жөніндегі мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының орташа мөлшері – 52 347 теңге, асыраушыдан айырылу жағдайы бойынша төленетін жәрдемақы – 43 574 теңге.