Қоршаған ортаны қорғау ұйымдарының қауымдастығы коммерциялық емес акционерлік қоғамды мемлекетке береді
«Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ акциялары мемлекет меншігіне қайтарылды. Қазақстан Республикасының Үкіметі тиісті Қаулы қабылдады. Бұл туралы үкімет қаулысында айтылған.
«Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы акцияларының жалпы пакетінің 50 (елу) пайызын + 1 акциясын сыйға тарту шарты бойынша республикалық меншікке беру туралы ұсынысы қабылдансын», — делінген Қаулы мәтінінде.
Орталық 2018 жылғы сәуірде экономиканың бәсекеге қабілеттілігін, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға және қоршаған ортаға теріс әсерді төмендетуге бағытталған ОҚТ (ең озық қолжетімді технологиялар) қағидаттарын енгізу арқылы жасыл технологияларды ілгерілету және бизнесті қолдау мақсатында құрылды.
2018 жылғы желтоқсанда 50 пайыз + 1 акция тікелей атаулы сату арқылы «Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы» ЗТБ-ға берілді.
Осылайша, «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ акциялар пакетінің 100%-ы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің басқаруымен мемлекет меншігінде болады.