Жаңалықтар

Ақылы жолдармен жүру тарифін көтеру көзделмейді

Whatsapp желісінде жүк көліктерінің жүру құнын шақырымына 400 теңгеге дейін қымбаттату туралы ақпарат шындыққа жанаспайды

Бүгінде республика бойынша ұзындығы 2,2 мың шақырым болатын I санаттағы автожолдардың 11 ақылы учаскесі жұмыс істеуде.

Ақылы учаскелердегі тарифтер Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы қаулысымен бекітілген. Олар келесідей:

– жеңіл көлік үшін – шақырымына 1 теңге;

– 16 орынға дейінгі автобустар және 1-ден 2,5 тоннаға дейінгі жүк көліктері үшін – шақырымына 5 теңге;

– 32 орынға дейінгі автобустар және 5,5 тоннаға дейінгі жүк көліктері үшін – шақырымына 10 теңге;

– 32 орыннан жоғары автобустар және 10 тоннаға дейінгі жүк көліктері үшін – шақырымына 15 теңге;

– 10-нан 15 тоннаға дейінгі жүк көліктері үшін – шақырымына 20 теңге;

– 15-тен 25 тоннаға дейінгі жүк көліктері үшін – шақырымына 25 теңге.

Қазіргі уақытта қолданыстағы I санаттағы ақылы учаскелер бойынша жол жүру тарифін көтеру көзделмейді, яғни олар бұрынғы қалпында қалады.

Тек шет елдердің транзиттік жүк көлік құралдары үшін жол жүру тарифін ұлғайту мәселесі қарастырылуда. Қазіргі уақытта бастама халықаралық заңнаманы ескере отырып алдын ала қарастырылып жатыр. Бұл шешім жергілікті компаниялар арасында адал бәсекелестік тудырады. Осыған байланысты, автожолдардың ақылы учаскелері бойынша жүру үшін біріздендірілген және транзиттік тарифтер әзірленуде.

Whatsapp желісінде жүк көліктерінің жүру құнын шақырымына 400 теңгеге дейін қымбаттату туралы ақпарат шындыққа жанаспайтынын айта кету керек. Барынша сақ болып, арандатушылыққа жол бермеуге шақырамыз. Қосымша сұрақтар туындаған жағдайда 1403 нөмірі бойынша хабарласуларыңыз. Естеріңізге сала кетейік, жалған ақпарат таратқан тұлғалар қылмыстық жауапкершілікке тартылады.