Үйді ұрылардан қалай қорғаймыз?
Ұрылар қай заманда да болған. Елде әлеуметтік және экономикалық неғұрлым қиындаған сайын тіпті көбейе береді. Осы ретте үйіңізді ұрылардан қалай қорғауға болатыны туралы бірнеше кеңес бергенді жөн көріп отырмыз. Дамыған заманда түрлі ақылды камера сынды қорғаныс жүйелері бар. Десе де, қаражат жағы қолбайлау болып отырғандарға арналған лайфхактарды ұсынуға бел будық.
Тиімді тәсілдер топтамасы
Негізі ұрылардың дені күндіз жүреді. Сіздің жұмыста екеніңізді пайдалануға тырысады. Бірақ алдымен олардың да психологиясына назар аударайық. Ұрылар бас салып кез келген үйге кіре салмайды. Бас сұғардың алдында ойланып, «осы үйді тонасам ба, әлде басқа үйді ме?» деп ойланады. Демек, үйіңіз тоналса, әлдене қызықтырғаны. Ендеше, тонаушыға басқа үйді қарастыруға шешім қабылдататын тәсілдерді қарастырып көрелік.
Көршімен тату болыңыз. Бұл кеңес қай жағынан да пайдалы болады. Қазіргі заманда мессенжерлерде ортақ чаттар бар. Соларға қосылып қойыңыз. Жер үйде тұрсаңыз да, көпқабатты үйде тұрсаңыз да сол чаттардағы әңгімелерге құлақ түре жүріңіз. Бұл үйіңізді қорғауға ғана емес, біраз жаңалықтан хабардар болып отыруға септігін тигізеді. Мысалы, зейнеткер ата-апалар болса, олар сізге тегін күзетші не бейнебақылау болып береді. Себебі далада таза ауада отырып, жан-жақты жіті бақылайды. Немесе терезеден үнемі қарап отыратын әдеті болуы мүмкін. Ол кісілер чатта отырмайтын болса, телефон нөміріңізді беріп қойыңыз. Көргенде күліп амандасып, хал сұрасып жүріңіз. Сонда сәл бірдеңеден сезіктенсе, бірден сізге қоңырау шалып, хабар береді.
Жер үйде тұрсаңыз, ит ұстаңыз. Кішкентай, қола ұстап жүретін емес, кәдімгі үйді қорғайтын ит керек. Иттің үрейді алатыны белгілі. Әсіресе, даусы гүр-гүр еткендері келе жатқан ұрының жоспарын бұзуы мүмкін. Иттер келе жатқан бөгде адамды бірден сезеді. Өйткені олар үйдің мүшелерінен басқасына үреді. Тіпті тістеп алуы да мүмкін. Сондықтан ит қоймай үріп жатқаны біршама шу шығарып, тегін камера болып жүрген көршілеріңіздің назарын аударады.
Есік-терезені ашық қалдырмаңыз. Үнемі жауып жүруді әдетке айналдырған дұрыс. Өйткені ұрылар үйге кірерден бұрын тексеріп алады. Яғни бір рет түртеді де, егер ешкім ашпаса, үйде ешкім жоқ екен деп ашуға талпынады. Қаланың үйлерінде бір подъездегі бірнеше пәтердің кілті бірдей болады. Сол себепті ұры алыстан келмеуі де мүмкін. Дұрысы, үйге кірген соң құлыпты ауыстырып тастаңыз. Ағаш есіктен гөрі темір есік сенімдірек. Терезелерді үйдің ауасын тазартам деп ашқан соң, кетерде жауып жүріңіз. Балконның есік-терезесіне қатысты да солай.
Ұрыларды алдап түсіруге болады. Мысалы, үйіңізде ит жоқ делік. Бірақ ұры оның өтірік-шынын білмейді. Әрине, жақын туысыңыз немесе көршіңіз болмаса. Сондықтан «Үйде ит бар» деген сөзді тақтайшаға жазып, іліп қойыңыз. Одан бөлек, қазір иттің үрген даусын қосатын құрылғылар бар. Есік ашылғанда ойнайтындай қылып қосып қоюға болады. Алдаудың тағы бір тәсілі — өтірік бейнебақылау камераларын орнату. Есігінің алдына камера орнатып қоюға кей адамдардың қаражаты жетпеуі мүмкін. Мұндайда басқа тәсілдерді қарастырып көріңіз. Өтірік камераларды АҚШ-тағы «Амазоннан», Қытайдағы «Алиэкспрестен» табуға болады. Жеткізу құны немесе уақыты көп болуы мүмкін. Бірақ орнатып қойсаңыз, көбі аяқ тартып жүреді. Себебі сырттай олар шын камера сияқты болып тұрады. Қақпаға немесе терезеге жергілікті күзет мекеменің жапсырмасын жапсырып қойыңыз. Мысалы «Бұл жерді «Қорған» күзет қызметі қарайды» деген сынды жазуы бар.
Үйде ешкім жоғын білдірмеңіз. Есіңізде болса, бұрын мама-папаларымыз қонаққа кетерде ортадағы бөлменің жарығын жағып кететін. Бұл — сол уақыттағы қорғаныс әдісі. Оны қазір де қолдануға болады. Өйткені жарығы түгел сөніп тұрған үй ұрылардың қызығушылығын тудырады. Заманауи әдістерге келсек, ұзақ іс-сапарға жиі кететіндер таймер алып қойғаны дұрыс. Бағасы да айтарлықтай қымбат болмайды. Арнайы құрылғылар үйде күн сайын белгілі бір уақытта жарық қосып, сөндіріп тұрады. Бұл бірнеше күнге кеткенде күндіз-түні электр тогын шығындамауға жақсы тәсіл деп ойлаймыз. Ал енді бірнеше айлап кететін болсаңыз, онда үйді ешкім жоғын білдірмеу қажет. Ол үшін кілтті сенімді біреуге қалдырып кетіңіз. Сөйтіп ол арасында барып үйді қарауылдап жүрсін. Есік алдында гүлдер болса, суғарып, арамшөбін жұлып дегендей. Пошта жәшігі болса, іші толып қалғаны көптен адамның үйде болмағанын білдіріп қояды. Хаттарды алып, ішін босатып тұрсын. Бірнеше күнге кетіп бара жатсаңыз, теледидарды қосып кетуге де болады. Сонда үйде біреу бар деп ойлайды.
Өзге де кеңестер. Кеш батса, бірден пердені жауып жүріңіз. Үйіңіз туралы артық ақпарат бермеңіз. Қазір блэк-аут перделер сәнде. Яғни олар бөлмені қараңғылатып, күн түсірмейді. Одан бөлек, үйде не болып жатқанын білгісі келіп, қол шам жағып сығалағысы келгендерге мүмкіндік бермейді. Бұрын есікті кілттеп, кілтін табалдырықтағы кілемшенің астына қалдырып жүре беретінбіз. Қазір заман басқа. Мұндай тәсілді мүлдем қолданбаңыз. Жалпы кілтті олай қалдырмаған абзал. Үйде қанша ересек болса, сонша кілт болсын. Әрқайсысы өз дубликатын қолдансын. Балалар кілттерге немесе домофон кодына қатысты құпия ақпаратты білетін болса, ешкімге айтпасын.
Қымбаттау тәсілдерге шолу
Ұрылар көбіне есіктен емес, терезеден кіреді. Қауіпсіздік тұрғысынан алғанда стационарлық торлар жақсы. Өйткені олар кесілмейді, жұлынбайды. Бірақ мұның бір кемшілігі — форс-мажор кезінде сізге проблема тудыруы мүмкін. Қымбаттау әдіс десе де, үйге керек бір қорғаныс тәсілі бар. Ол — пәтер ішінен әйнекке пленка жабыстыру. Арнайы қабат бірнеше күннен кейін тереземен бірігіп, бүтін болады. Ондай терезені таспен ату, балғамен сындыру мүмкін емес. Терезені қорғаудың келесі жолы — роликті жалюзи орнату. Сыртынан ашылмайды, ішінен батырма басу арқылы ашылады. Ұрылар үйде не болып жатқанын біле алмайды. Әрине, ең сенімді түрі деп кәсіби дабылды айта аламыз. Дабыл іске қосылса, көршілеріңіз болсын полиция шақыратыны анық. Сол сияқты сіз қалың ұйқыда жатқан кезде ұры кіретін болса да бұл сіздің өміріңізді сақтап қалуы мүмкін. Немесе автономды GSM дабыл жүйесін қолданып көрсеңіз болады. Егер біреу-міреу үйге баса-көктеп кіретін болса, құрылғы үй иесіне қоңырау жібереді. Сөйтіп иесі дер кезінде полиция шақыра алады. Ал енді одан да сенімді тәсіл керек болса, консьерж жалдаңыз. Ол бөгде адамдарды пәтерге қарай өткізбейді.
Үйіңізді қорғағыңыз келсе, мыналарды істемеңіз!
Қоқыс багының қасына алған қымбат құрылғының қаптамасын қалдырмаңыз. Ішіне салып тастаған жөн. Өйткені сыртта тұрса, ұрылар қымбат зат барын біліп қалады. Сөйтіп үйіңізге қызығушылығы оянады. Машинадан шығарда ішіне заттарды көрінетін жерге қалдырмайтын әдетіңіз болса, мұнда да солай. Демалысқа кетейін деп жатсаңыз, жаһанға жар салмаған жөн. Әсіресе, үйде ешкім қалмайтын болса. Өйткені интернеттегі ақпарат ұрыларға жақсы қозғау болуы мүмкін. Есікті ашардан бұрын кім келгенін қарауды әдетке айналдырыңыз. Танымайтын адам болса не ешкімді күтіп отырмаған болсаңыз, ашуға міндетті емессіз. Қазір қауіп аяқ-астында. Есікті ашқан бойда баса-көктеп кіріп кетуі де ғажап емес. Қала үйлерінде есікті кілттегенде жоғары жағындағы құлыпты пайдаланыңыз. Өйткені төмендегісін ашып алу оңайлау. Көп сыртқы есікте екі құлып болады. Жер үйде тұратындар бағалы затын көзге көрінетін жерге, терезеге жақын маңайға қоймасын.
Айтқандай, ұрылар үйді ұзақ таңдайды. Бірнеше күн бойы бір үйді нысанға алып, зерттейді. Байқасаңыз, подъезде күдікті біреу жүргенін көршілер жиі жазып жатады. Аңдып, қарап жүрген біреуді көрсеңіз, күдіктену керек. Кейбірі үйде адам бар-жоғын білу үшін кіреберісте кілемшесі бар үйге кілемнің астына қытырлық печенье қалдырып кетеді. Егер кешке сол печеньенің мұрты бұзылмаған болса, демек үйге ешкім келмеді деп топшылайды. Осындайды байқай қалсаңыз, міндетті түрде аумаққа жауапты күзет қызметіне хабарлаңыз. Көршілерге де ескертіп, олардың да сақтанып жүруі үшін айтып қойғаныңыз абзал. Ұзақ уақытқа кететін кезде сенімді көршілеріңізге қарайлап қоюды тапсырыңыз. Бір емес, бірнеше жерден қарап жүргені жақсы. Айтпақшы, домофон қазір ұрылардың көмекшісіне айналды. Олай дейтініміз үйге алдымен қоңырау шалып, бар-жоғын тексеріп алады. Егер ешкім тұтқаны көтермесе, демек ешкім жоқ деп жоспар құрады. Ал енді тұтқаны біреу алған күннің өзінде «көрші едім, есікті ашып жібересіз бе» немесе «су арнасының қызметкерімін» дей салады.