Әлеуметтік саланың цифрлану деңгейі қандай?
Еңбек саласының цифрлануы – қазір біз үшін аса қажетті фактор. Еңбек қатынастарының онлайн форматқа көшуі – жұмыс барысын, өмір сүру салтын біршама жеңілдетіп, азаматтардың уақытын үнемдеп, мүмкіндіктерін арттырады. Өзбекстанда өтіп жатқан «Орталық Азиядағы экономикалық даму үшін тиімді басқару» атты халықаралық конференцияда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов Қазақстандағы әлеуметтік-еңбек саласын цифрландырудың ерекшеліктері туралы айтып берді.
«Еңбек нарығының цифрлық технологиялары: қарапайым бизнес-процестер және еңбек қатынастарының трансформациясы» панельдік сессиясында сөйлеген сөзінде Ақмәди Сарбасов технологиялардың қарқынды дамуы, демографиялық өзгерістер мен пандемия еңбек нарығына айтарлықтай әсер ететінін атап өтті.
«Бұлтты технологиялар, жасанды интеллект, роботтандыру біздің өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Нәтижесінде еңбек нарығында жаңа мамандықтар пайда болады. Қазақстанда алдағы 5-10 жылда экономиканың 9 саласында 239 жаңа кәсіп пайда болуы мүмкін, ал 95 кәсіп трансформациялануда. Бұл ретте елдегі жұмыс орындарының 52 пайызы автоматтандырудың жоғары тәуекеліне ұшырайды. Әрбір екінші қызметкер қайта даярлаудан өтуге мәжбүр болады. Жаңа дағдыларды меңгеру – табысты қызметтің кілті. Сондықтан кадрларды жылдам әрі икемді даярлау үшін жағдай жасау маңызды» деді Ақмәди Сарбасов.
Ол жақын арада жұмыс күшінің сапалы құрылымының өзгеруі және еңбекке қабілетті жастар ағынының артуы мүмкін екенін, бұл еңбек нарығына қосымша жүктеме әкелетінін айтты.
«2030 жылға қарай Қазақстандағы жұмыс күшінің 37 пайызы «Z» буыны болады. Ал ұрпақтардың ауысуы жастардың еңбек қызметіне деген көзқарастарының өзгеруімен қатар жүреді. Бұл икемді жұмыс кестесі үшін қаржылық жеңілдіктерге баруға дайын ұрпақ, олар үшін кәсіби және жеке өмір арасындағы тепе-теңдік маңызды. Сондықтан жұмыс берушілерге таланттарды сақтап қалу үшін жаңа талаптарға бейімделу маңызды болады» деді.
Сарбасов сондай-ақ жұмыспен қамтудың стандартты емес түрлерінің көбеюі байқалғанын атап өтті – 10 жыл ішінде әлемде цифрлық еңбек платформаларының саны 5 есе өсті. Платформалық жұмыспен қамту көптеген адам үшін ақша табудың және кәсіби дамудың нақты әдісіне айналуда.
«Жаһандық компаниялардың 40 пайызы өз жұмысында фрилансерлер санын арттыруды жоспарлап отыр. Ал Қазақстанда, біздің бағалауымыз бойынша, бүгінде 300 мыңға жуық фрилансер жұмыс істейді» деді министрлік өкілі.
Бұдан әрі ол аталған сын-тегеуріндерді ескере отырып қалыптастырылған бірқатар жаңа стратегиялық бастамаларды ұсынды. Олар нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және халықтың табысын 2025 жылға қарай 27 пайызға арттыру жөніндегі міндеттерді шешуге көмектесуі тиіс. Жалпы бастамалар 4 бағытты іске асыруға бағытталған:
- Оқыту және қайта даярлау арқылы жұмыс күшінің сапасын арттыру;
- Заңнамалық реттеу арқылы еңбек нарығын ырықтандыру және жұмыстың икемді түрлерімен қамтылған қызметкерлерді әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ету;
- Халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру үшін еңбек нарығының инфрақұрылымын дамыту;
- Еңбек нарығының цифрлық экожүйесін құру арқылы қызметтерді ауқымды цифрландыру.
Министрдің орынбасары ұлттық біліктілік жүйесін жетілдіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар – кәсіптік стандарттарды әзірлеудің жалғасатыны және біліктілікті тану орталықтары арқылы машықтарды сертификаттау жүргізілетіні туралы да айтты. Бұдан басқа «Кәсіптік біліктілік туралы» заңды әзірлеу және Ұлттық біліктілік органын құру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Бірінші вице-министр әлеуметтік-еңбек саласын ауқымды цифрландыру туралы егжей-тегжей айтып берді.
«Электрондық еңбек биржасы базасында Жұмыспен қамтудың бірыңғай цифрлық экожүйесі немесе басқаша айтқанда, халыққа арналған жұмыспен қамту қызметтерінің онлайн супермаркеті құрылды. Бұл экожүйе азаматтарды қызмет таңдаудан бастап еңбек қатынастарын рәсімдеуге дейінгі кәсіби жолында бағыт-бағдар беріп отырады. Экожүйе бірнеше элементтерден тұрады: Enbek.kz жұмысқа орналастыру жөніндегі бірыңғай цифрлық алаңы, Skills Enbek онлайн оқыту платформасы, Business Enbek және HR Enbek платформалары, сондай-ақ кәсіптер бойынша жоспарланған Цифрлық нұсқаулық. Сонымен қатар «Отбасының цифрлық картасы» жобасы іске асырылып жатыр. Бұл құрал әлеуметтік қауіп-қатер аймағындағы отбасыларды жедел анықтауға және оларға қажетті қолдау шараларын көрсетуге мүмкіндік береді.» деді ол.
Бірінші вице-министр аталған бастамалар негізгі стратегиялық құжаттарда көрініс табатынын және халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасында, кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасында, әзірленіп жатқан «Кәсіптік біліктілік туралы» заңда және Әлеуметтік кодексте заңнамалық деңгейде бекітілетінін атап өтті.
Сонымен бірге Сарбасов былтыр жарияланған Қазақстанның еңбек нарығы туралы алғашқы ұлттық баяндаманы ұсынды. Ол еңбек нарығы бойынша өзекті тақырыптарды қозғайтын 6 тараудан тұрады:
- Жаһандық трендтер;
- Экономика;
- Жұмыссыздық;
- Адами капитал;
- Көші-қон;
- Еңбек ресурстарының болжамдары.