Бұл биылғы наурыздағы көрсеткішпен салыстырғанда 55,3% аз
2022 жылдың сәуір айында екінші деңгейлі банктер мен жекелеген банктік емес айырбастау пунктерінде жалпы салмағы 61,3 кг 3 698 өлшемдік құйма сатылды, бұл биылғы наурыздағы көрсеткішпен салыстырғанда 55,3% (4 571 өлшемдік құйма немесе 105,9 кг) аз. Бұл туралы ҚР Ұлттық Банк баспасөз қызметі хабарлады.
Наурызда сатылымның ұлғаюына қаржы нарығындағы белгісіздік пен құбылмалылық себеп болды. Халық қолдағы жинағын сақтап қалу үшін баламалы құрал ретінде алтынға инвестициялауға мүдделі болды. Сәуірде валюта нарығындағы жағдайдың тұрақтануына байланысты құйма сатылымының төмендегені байқалды. Дегенмен өлшемді құймаларды сату көлемі 2021 жылғы орташа айлық сату көлемінен 37,3%-ға жоғары (2 694 дана) болды.
Ұлттық Банк халыққа тазартылған алтын құймаларды сату және сатып алу бағдарламасын (бұдан әрі – Бағдарлама) 2017 жылы іске қосқан болатын. Бағдарлама қолға алынғалы жалпы салмағы 3,1 тоннаға жуық 91 229 алтын құйма сатылды.
Алтын құймалар бес түрлі салмақта ұсынылады: 5, 10, 20, 50 және 100 г. Сатып алушылар арасында өте жоғары сұранысқа ие түрі – 10 грамдық алтын құйма. Жалпы сатылған құймалар арасында оның үлесі – 26%, яғни, 23 799 дана. Одан кейін 20 грамдық құйма сұранысқа ие, 19 376 дана (21%), 5 грамдық құймадан 18 599 дана (21%), 100 грамдық құймадан 18 197 дана (20%), 50 грамдық құймадан 11 258 дана (12%) сатылды. Алтын құймалар Алматы, Нұр-Сұлтан және Атырау қалаларында көп сатылады.
Алтын құймалар сенімді инвестиция құралы бола алады. Алтын құймалар нарығындағы өтімділіктің басты кепілі – банк пен банктік емес айырбастау пунктері клиентке ақшаны сол күні төлей отырып, алтын құймаларды кері сатып ала алады.
Бағдарлама басталғаннан бері екінші деңгейлі банктер мен жекелеген банктік емес пунктер жалпы салмағы 313 келі 12 893 алтын құйманы кері сатып алған, бұл – жалпы сатылған алтын құймалардың 14%-ы. Олар кері сатып алған алтын құймалардың барлығы дерлік Ұлттық Банктің филиалдары арқылы халыққа сатылады.
Әрбір құйма қорғау элементтерімен қапталған (құйманың айна беті, микротекст және жиегі бар) және арнайы қорапқа салынып шығады, сол арқылы құйманың ашылған-ашылмағанын оңай тексеруге болады. Қорғап тұратын қорап, сондай-ақ сапа сертификаты болып саналады. Сондықтан, алтын құйманы ұқыпты сақтап, қорабын бүлдірмеуге кеңес береміз.
Қазір алтын құймаларды Halyk Bank, Еуразиялық Банк, Jusan Bank, ЦентрКредит Банкі, сондай-ақ жекелеген банктік емес пунктерден сатып алып, кері сатуға болады.