Әдетте қалай ақша жинауға болатыны не айлықты қалай жұмсау керегі жайлы стандарт әрі барлығына ортақ кеңестер айтып жатамыз. Десе де, шын мәнінде барлығы бірдей ол тәсілдерді іске асыра алмайды. Біріне ерік-жігер жетіспесе, енді бірінде қаржылық жағдай жетпейді. Сондықтан бүгінгі материалда жалақысы аз адамдарға айтылуы орынсыз кеңестерді топтастырдық. Сонымен қатар, айлық аз болған жағдайда қалай қылуға болатынын да айтамыз.
Расында үнемдеуге қатысты әркімнің өз ойы бар. Түптеп келгенде барлығы табысқа тікелей байланысты. Мысалы айлығыңыздан артылып қалатын болып тұрса да үнемдегіңіз, жинағыңыз келсе әңгіме басқа. Мұндай кезде көп нәрсе сіздің ішкі тәртібіңізге байланысты болып келеді. Үнемдей алсаңыз, өзіңізге жақсы. Ал көбірек жаратып қойсаңыз, онда тұрған ештеңе жоқ. Себебі артық ақшаңыз бар. Ал енді жалақы аз, артылмайтын кезде үнемдеудің жөні тіпті бөлек. Ойламаған жерден бір шығын шыға қалса, ол сізге уайым, оның соңы мәселеге айналып шыға келеді. Айлығы шайлығына онсыз да жетпей жүрген адамға қаржылық кеңес айта бастасаңыз, «онсыз да артық ақшам жоқ, айналайын» деп дүрсе қоя берсе, таңғалмаңыз. Өйткені расы сол. Шынымен ақша жетіспейді. Ол адамға «айлығыңның бір бөлігін жинап, көлік ал» десеңіз ашуланып қалуы мүмкін. Сондықтан әлдекімнің өмірін жеңілдетем деп оңды-солды кеңес айта бермеген абзал. Өте қатты айтқыңыз келіп бара жатса, мына сәттерді есте ұстауға кеңес береміз. Орынсыз кеңестер легіне тоқталайық.
Жалақының 10 пайызын қорға сақтаған дұрыс
Біз үнемі қаржылық кеңес айтқанда осыдан бастаймыз. «150 мың теңге айлық алсаң, 15 мың теңгесін мүлдем жоқ деп есепте. Сөйтіп құдды 135 мың теңге алатын адамдай бол» дейміз. Десек те, бұл кеңес шығындары мен қарызы, мндетті төлемдерді есептегенде әлі де ақшасы артылатындарға арналған. Тамағы, жүріс-тұрысы, коммуналдық төлемі, кредиттеріне кейде жетіп, кейде жетпей қалатын болса, бұл кеңес қисынсыз. Себебі бұл жағдайда артқа ақша жинау дегеннен гөрі күн көріс қамы көбірек уайым. Әрине, әр отбасыда қор болғаны дұрыс. Табысы аз адамда да болуы керек. Бірақ ол айлығынан жырып жинай алмаса да, ойламаған жерден түскен ақшаны құртып тастамауды әдетке айналдырғаны жөн. Айталық, сыйақы, қосымша жұмыстан түскен ақша, біреудің сыйлық ретінде бергенін дегендей. Әсіресе, айлығы аз адамдар қаражатты қалай болса солай жаратпағаны жақсы. Себебі ақшаның қадірін бір білсе, солар білуге тиіс. Демек, жоспардан тыс ақша түсті ме — жинасын.
Бір алғанда бәрін толтырып алу керек
Үнем жайлы кеңестердің ішінде тағы бір жиі айтылатыны. Әрине, үлкен қаптамамен алған адам ұтады. Мысалы 12 келі кір жуатын ұнтақ 10 мың теңге болса, бір келісі — 833 теңгеден болғаны. Ал дәл сол ұнтақтың 3 келілік қаптамасы 2900 теңгеден тұр. Бұл жағдайда бір келісі 966 теңгеден деп есептеледі. Әрине, ақша болса қайта-қайта дүкенге бара бермес үшін де, үнем үшін де үлкені жақсырақ. Бірақ айлық аз болса, бірден 10 мың теңгеге бір ғана зат ала алмауы мүмкін. Сол себепті жалақысы төмен адамдар көп нәрсе алу үшін аз-аздан алып қояды. Әрі соны бір айға жеткізу үшін тырмысады. Мұндайда бірлесіп сауда жасауға болады. Айталық, ағайындылар болса, үлкен қаптаманы бірігіп алсын. Сонда жоғарыда айтқандай әжептәуір үнемдей алады. Болмаса, бірлесіп сауда жасайтын арнайы топтарға қосыла аласыз. Олардың да басты мақсаты — ақша үнемдеу, өзі үшін тиімді бағада алу.
Карточкада ақша ұстама немесе қолма-қол ақшаны бірден бәрін шығарып алма
Бұл кеңестің мәні — ақшаны ойсыз жаратудан сақтау. Яғни бір адамдар карточкада тұрған ақшаны есепсіз құрта беретін болады. Виртуал купюра ол үшін құдды ауадан келіп жатқандай әр нәрсені ала береді. Сөйтіп бір қараса, картасында қаражат таусылады. Ал енді бір адамдар банкоматтан шығарып алған ақшасын бірден жоқ деп есептеп, соңғы тиынына дейін жұмсап тастайды. Әр адам әртүрлі болатынын ескерсек, бұл кеңесті айтқанда да жұрт сіздің ыңғайыңызға қарай айтып жатады. Десек те, онсыз да айлығы аз адамға бұл екі тәсіл де онша келіңкіремейді. Себебі ол былай да үнемдеп, ақшасын қысып ұстап үйренген. Қолма-қол не, картамен не — есебі бір. Соның өзінде ақша бар жерде есеп болғаны жөн. Яғни қай жерге, не үшін жұмсалды? Қанша қалды және ол ақша қайда тұр? Мысалы айлығыңыз түскен соң 50 мың теңгені банкоматтан шығарып алып әмияныңызға салып, енді бір 20 мың теңге джинсаның қалтасында, 30 мың теңге картада жатса, шатасуыңыз мүмкін. Сондықтан қаржылық тәртіп бәрібір керек. Өзіңіз үшін ережелер бекітіңіз.
Керек емес нәрсе алмау қажет
Жиі айтылатын кеңестердің бірі. Өйткені шығын деген дүние көбіне ойламаған жерден алынған зат, аса қажет болмаса да эмоциямен алынған тауар не қызметтен шығады. Әйтсе де, айлығы аз адам бар тапқанын бірден құрта салмаса керек. Өйткені керек емес нәрсе алу үшін де адамда ақшасы артылуы керек. Сол себепті жалақысы төмен ағайын көбіне он ойланып, ең керек дегенін ғана алады. Бірақ соның өзінде ең керек дегеннің ішінде де онсыз да өмір сүруге болатын заттар табуға болады. Мәселен, темекі сынды тауарларды алып қарайық. Бір қарағанда онсыз мүмкін емес секілді көрінеді. Дегенмен есептеп қараса, онсыз да мардымсыз жалақының біраз бөлігі осы сигаретке кететін болып шықса, таңғалмаңыз. Қаржылық есеп керек дейтініміз содан. Сондықтан не алып жүрсіз, оған қанша ақша кетеді — есептеп жүрген абзал.
Акцияларға жоламаған жөн. Ол жерде сатушы ғана пайда көреді.
Қазір маркетиң дамығаны сонша, тәсілдері өте өтімді. Ойламаған жерден тауарын алып кеткеніңізді байқамай қалуыңыз мүмкін. Көпшілік арасында түрлі акциялардың ұйымдастырылу мәні сатушының бас пайдасы үшін деген пікір бар. Әрине, ол ойластырылған жоспар болғандықтан, сатушы минусқа кірмейтіні рас. Десе де, бәрінде бірдей сатып алушы ұтыла береді десеңіз, қателесесіз. Әрі жалақысы аз адам қанша қаласа да, сатып ала алмауы да мүмкін екенін ескеру керек. Ал енді мұндайда қайтпек қажет? Кейде сапалы тауарларға жасалған жеңілдіктің пайдасын көруге болады. Айталық, жақсы брендтің күртешесі жазда 50 пайыз арзан бағамен сатылып жатады. Қысқа жақындағанда қайта қымбаттайтынын ескеріп,жазда қамын жасап қойсаңыз болады. Өйткені қыстық сырт киім ақыры алынуы керек. Ал ол әрі сапалы, әрі қолжетімді бағада болса, неге акцияны пайдаланбасқа? Бұл жерде ескеретін жайттарды да атап өту керек. Бәріне салқынқанды қарап, жеті рет өлшеп, бір рет кесіңіз. Мысалы алты затты үш тауардың бағасына алуды ұсынатын акция болып жатсын. Бұл жағдайда алтауға әйтеуір толтыру үшін керексіз нәрсе алып алуыңыз ғажап емес. Тіпті алған күннің өзінде расында керек болатын, үйде бос жатпайтын зат алыңыз. Ал ол үшін суық сана қажет.
Ақша құртпау үшін бәрін өзің істеу керек
Он саусағынан өнер тамған шебер адамға бұл кеңес дұрыс-ақ. Қолдан келсе, неге істемеске? Мысалы үйдің жөндеу жұмысын алайық. Шеберлерді шақырып, олардың әр сағатына төлеу қымбатқа түсуі мүмкін. Сол нәрсе өз қолыңыздан келсе, тез-ақ кран ауыстырып, түсқағазды да өзіңіз жапсыра салатыныңыз анық. Ал енді қолынан келмесе ше? Бәрі бірдей әрі электрик, әрі ұста бола бермейді. Су басқан үйдің кранын ауыстырам деп сантехник шақырғаннан да көп шығынға батып кетуіңіз мүмкін. Мұны да ескермес болмас. Не болмаса, бір сағатта істелетін тірлік сіздің бір күніңіз не одан да көп уақыт алып, жолыңыздан қалдырса да ғажап емес. Ондайда әрине өз ісінің маманын алдырып, ақысын қолына ұстатқан оңай. Демек, бұл кеңесті де бәріне бірдей айта бергеннен пайда жоқ. Сондықтан жағдайды бағамдай білу шарт. Қайсысы тиімді болады? Ұтасыз ба, ұтыласыз ба? Істей аласыз ба, жоқ па? Ұзағырақ уақыт алса, шаруаңыздан қалдырып, отбасыңызға қолайсыздық тудырмай ма? Осы сауалдарға жауап тапқан соң ғана бір байламға келіңіз. Кейде электрик шақырып 1000 теңге берген оңайырақ болып шығады.
Қымбат дәрі жарнамасы мықты демесең, арзандары одан еш кем түспейді
Ел арасында дәрі алуға қатысты екіұдай ой бар. Кейбірі қисынға келсе, енді бірі расында қисынсыз. Мысалы әр қымбат дәрінің арзан баламасы бар. Бұл туралы бұрын материал да әзірлегенбіз. Есіңізде болсын, кез келген дәріні ішерден бұрын дәрігерден сұрау керек. Өйткені құрамы ұқсас екен деп ішіп алып, кері әсерін сезінуіңіз мүмкін. Қымбат дәрінің бәрі нашар не әсері арзан дәрімен бірдей дегеннен аулақ болыңыз. Сол секілді арзан дәрі сапасыз деу де дұрыс емес. Егер ақша қимай арзанын алып қойсаңыз, денсаулығыңызға зиян тигізіп алуыңыз мүмкін. Сондықтан қай жағдайда да дәрігерден сұрап ішіңіз.
Білімге инвестиция құюдан аянбау керек
Кейінгі кездері трендке айналған кеңес. Әсіресе, әлеуметтік желід бұл сөз — хит. Қарасаңыз, барлығы бірдеңе оқып, қымбат курсты соңғы ақшасына алып, онысына өкінбейтінін айтып жатады. Әрине, ештеңеге ақша қимай өмір сүру дұрыс емес. Кейде табысты арттыру үшін қосымша шығындар қажет болады. Көпшіліктің білімнен аяма, оған салынған инвестиция еселеп қайтады дейтіні содан. Бірақ біздің айтпағымыз — сол білім үшін шығынға бату туралы. Мысалы қазір блогерлер жариялаған марафондар мен курстарға қатысу үшін бөліп төлеуге не кредитке алып жататындар көп. Жақсы, алдыңыз делік. Енді оны кәдеге жарата аласыз ба? Әлде сертификат бір жерде, өзіңіз бір жерде қаласыз ба? Кей адамдар ақылы курсты алуын алып, екінші бетінен кейін ашпай жататыны да өтірік емес. Әлбетте, ақылы курста көп нәрсе жүйеленіп, реттеліп беріледі. Интернетте ол ақпарат онсыз да толып тұр. Бірақ мынада оңай түсіндіріліп, бәрі бір жерде жинақталатыны ыңғайлы. Дегенмен көпшілігінде сылдыр су болып шығады. Алған ақшаңызға татымайды. Бос шығын болғанын алғашқы сабақтан кейін түсініп жатасыз. Жалпы бір курсты оқып алып, мол табысқа кенелем деген қиялдан арылыңыз. Кез келген табыс қажырлы еңбекті талап етеді. Егер шығын шығарып оқысаңыз, алған біліміңізді соны ақтауға жұмсаңыз. Бір тиын да бекер кетпесін. Практикада қолдана алмайтын дүниеге қызықпаңыз. Бала-шағаның аузынан жырып тұрып алған курсыңыз пайдасыз болып шықса, шығын емей немене? Ауадан ақша жасауға ұмтылғандар көбейген заманда он ойланып, неғұрлым кәсіби адамдардан ғана үйренуге тырысыңыз. Өйткені көбіне танымал адамдар жарнамасын қыздырғанымен, жасаған адамдар басқа. Сол себепті қай салада дамығыңыз келсе, трендсеттерлерден емес, тікелей сол сала мамандарынан алған дұрыс.