Инвестиция

Эмбарго. Қымбат мұнай. Қазақ экономикасы. Бізді не күтіп тұр?

«Біздің экспорттың 17 пайызы тәуекелде тұр»

Экспорттық түсімнің басым бөлігін беріп отырғандықтан мұнай бағасының әр қымбаттауын қуана қабыл аламыз. Мамырдың соңында «қара алтын» құны наурыздағы рекордты межесіне қайта оралды – барреліне 122 доллардан асты. Сарапшылардың бағамдауынша, Қытайда коронавирусқа қатысты шектеулердің әлсіреуі жаһандық мұнай нарығындағы баға саясатына елеулі әсер етті. 30 мамыр күні ICE Futures лондондық биржасындағы Brent сортының шілде фьючерстері 0,57 пайызға дейін қымбаттап, барреліне 120,11 долларға жетсе, Нью-Йорк тауар биржасының күндізгі сессиясында WTI мұнайының шілде фьючерстері 0,83 пайызға қымбаттап, барреліне 116,03 долларға жеткен.

Мұнай бағасының өсімі 120 доллармен тоқтап қалмайтын сияқты. Бұлай деуімізге – Еуроодақтың Ресейге қарсы санкциялардың 6-пакетін жариялауы себеп. Санкция бойынша, орыс мұнайының 3/2-сіне эмбарго жарияланады және «Сбербанк» SWIFT жүйесінен ажыратылады. Тыйым әзірге тек теңізбен жеткізілетін мұнай экспортына ғана байланысты. Эмбаргоны толықтай жариялауға Венгрия бөгет болып отыр. Мажарлар – ресейлік мұнайдың басты тұтынушысы және оны «Дружба» мұнай құбыры арқылы тасымалдайды.

Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен ЕО-ның жыл соңына дейін Ресей импортының 90 пайызынан бас тартуға үмітті екенін айтты. «Дружба» арқылы тасымалданып отырған 10-11 пайыз ғана қалды. Мұны Еуропалық кеңес барынша тезірек қарастырады» дейді ол. Урсула фон дер Ляйеннің сенімді сөйлеуіне Польша мен Германияның жыл соңына таман құбыр арқылы келетін Ресей мұнайын қабылдауды тоқтатамыз деуі де себеп болған сияқты.

«Жұмадағы сауда қорытындысы бойынша Brent маркалы мұнай күрт қымбаттап (+4,6 пайыз), наурыздағы шыңына жақындады. Қытай мен Мексикадағы жаңалықтарға орай әлемдік нарықтағы энергия ресурстарының ықтимал тапшылығы туралы қауіп күшейді. Бейжің коронавирус бойынша ахуал бақылауда деп мәлімдеді. Шанхайда шектеу шаралары әлсіреді, маусымнан бастап салық жеңілдіктері мен субсидиялар ұсынылатын көптеген компаниялар жұмысын қайта бастайды, бұл өз кезегінде Қытай тарапынан шикізатқа деген сұраныстың жедел қалпына келуіне мұрындық болады. Мексикада мұнай өндірісі төмендеді. Бұл сол елдің мұнай өнімдері импортынан бас тарту жоспарына байланысты туындап отыр. Осы мақсатта 2022 жылы экспортталатын мұнай көлемі қысқарады, ал 2023 жылы экспорт толық тоқтайды. Сондай-ақ Ресей мұнайына эмбаргоның жариялануы да котировкаларға сөзсіз қысым көрсетеді» дейді Қазақстан Қаржыгерлер қауымдастығының сарапшылары.

Мұнай бағасының өсуі – біз үшін қуанышты жаңалық. Бірақ толыққанды көңіліміз хош болып отыр деуге тағы келмейді. Біздегі түйткіл – мұнайды тасымалдау маршруттары. 2021 жылы Қазақстан мұнайының 80 пайызы Каспий құбыр желісі консорциумы (КҚК) арқылы, 17 пайызы «Атырау-Самара» құбыры арқылы тасымалданған. «Атырау-Самара» арқылы жөнелтілетін мұнай Brent-ке қатысты 35 доллар жеңілдікпен саудаланады.  Өйткені бұл бағыт бойынша қазақ пен орыс мұнай қосылып, нәтижесінде ресейлік Urals мұнайы болып сатылады. Ал КҚК-да біздің мұнай көп араластырылмайды. Өйткені осы құбырмен жіберілетін мұнайдың 90 пайызы – Қазақстанның мұнайы. Мұнай-газ саласының аналитигі Абзал Нарымбетовтың айтуынша, КҚК арқылы жіберілетін мұнай CPC Blend сұрыбына жатады және бұл сұрыпқа санкция салынған жоқ.

«Ал біздің экспорттың 17 пайызы тәуекелде тұр. Бұл мұнай қазірдің өзінде дисконтпен сатылып жатыр, сатылым коэффициенті төмен және жыл аяғына дейін санкцияға ұшырайды. Сондықтан бұл мұнай құбырының мұнайын жедел түрде басқа бағыттарға ауыстыру қажет. Бізде екі маршрут бар, олар – Қазақстан-Қытай және Әзірбайжан арқылы өтетін Баку-Тбилиси-Жиһан. Бірінші маршрут арқылы 10 млн тонна мұнай жөнелтуге болады. Былтыр Қазақстан 1 млн тонна ғана жіберді. Демек тағы да көбейтуге болады. Мұнайды Әзірбайжан арқылы жіберу біршама қымбатқа түседі. Әуелі мұнайды теміржолмен Атыраудан Ақтауға, сосын ол жерден 10 мың тонналық танкермен Бакуға жіберу қажет. 10 мың тонна дегеніңіз аз. Каспий Консорциумында мұнайды 100 мың тонналық танкерлер тасиды. Екеуінің мүмкіндіктерін салыстыра беріңіз» дейді сарапшы.

Мұнай саласының сарапшылары биыл «қара алтыннан» түсетін табыс айтарлықтай азаюы мүмкін дейді. Оған себеп – жоғарыда айтылған «Атырау-Самара» маршруты арқылы экспортталатын мұнай көлемінің төмендетілуі.

«Биыл Атырау-Самара арқылы жіберілетін мұнай көлемі 16 пайызға, 12 млн-нан 10 млн тоннаға азайтылуы жоспарланып отыр. Себептердің бірі – мұнайды басқа бағыттарға бөлістіру. Меніңше, екі себеп бар. Атырау-Самара арқылы Urals маркалы мұнай жіберіледі. Ол Brent-пен салыстырғанда барреліне 34 доллар жеңілдікпен сатылады. Егер Атырау-Самара арқылы экспортталатын негізгі мұнай орташа өзіндік құн барреліне 50 доллар болған кездегі «ҚазМұнайГаз» кеніштеріне тиесілі болса, онда табыс әжептәуір азаяды. Атырау-Самарамен салыстырғанда, КҚК арқылы үш бірдей аса ірі кен орындарынан өзіндік құны барреліне 10-20 доллар болатын мұнай экспортталады. CPC Blend мұнайы Brentке таяу бағада сатылады. Атырау-Самара үшін басты тәуекел – биылдан басталатын ЕО санкциялары. Сондықтан АС арқылы жіберілетін мұнайларды басқа бағыттарға бөлістіріп үлгеру керек» деп жазады телеграмдағы Energy Analytics каналы.

Соған қарамастан Еуразиялық даму банкі 2022 жылы Қазақстан экономикасы 2,5 пайызға, ал 2023 жылы 4,8 пайызға өсім көрсетеді деп болжам жасайды. Банк сарапшыларының зерттеуінше, Теңіз кен орнындағы мұнай өндіру қуаттылығының кеңейе түсуі және халық табысын арттыруға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуы экономикалық өсімге оң әсерін тигізеді.