Еуропалық комиссияның авиациялық қауіпсіздік комитеті ресми шешім шығарды
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев 1 маусымда Еуропалық комиссияның Ұшу қауіпсіздігі жөніндегі комитеті еліміздің авиациялық билігі мен қазақстандық әуе тасымалдаушылардың Еуропаға ұшуына қатысты ресми шешімін жариялады,деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
ИИДМ басшысы Еуропаның 27 мемлекетінің билігі отандық әуе тасымалымен айналысатын компанияларға кәрі құрлыққа ұшуға шектеу қоймайтыны жайында шешім қабылдағанын және еліміздің «қара тізімге» енбейтінін атап өтті.
Қазақстанның бұған дейін «қара тізімге» кіргенін де еске салды. Атап айтқанда, 2009 жылы Халықаралық азаматтық авиация ұйымы тарапынан жүргізілген аудит нәтижесінде еліміздегі әуе тасымалы саласында ХААҰ талаптарының сақталу көрсеткіші төмен екендігі анықталған (47 пайыз). Осыған орай Еурокомиссия Air Astana компаниясынан өзге қазақстандық әуе тасымалдаушыларға Еуропа елдеріне ұшуға тыйым салған болатын.
«Бек Эйр» ұшағының апатына орай өткен жылдың соңында Еурокомиссия Қазақстандағы ұшу қауіпсіздігі бойынша қалыптасқан жағдайға алаңдаушылық білдірді.
«Отандық авиация саласын жаңа шектеулерден қорғау мақсатында Еуропалық комиссияға түзету іс-шараларының жаңа жоспарын ұсындық. Сондай-ақ ИИДМ-ның Сыртқы істер министрлігі және Қазақстанның Бельгиядағы елшілігімен бірлесіп жүргізген тұрақты келіссөздерінің нәтижесінде комиссияға отандық әуе тасымалының әлеуеті мен ондағы қауіпсіздікті дәлелдедік», – деді министр.