Жаңалықтар

Маусымнан бастап қазақстандықтар жоғарылатылған зейнетақы мен жәрдемақы ала бастайды

2022 жылдың 12 мамырында қабылданған «2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы шеңберінде 2022 жылдың 1 сәуірінен бастап инфляцияның 2022 жылға арналған дәлізін қайта қарауды ескере отырып, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) төленетін ынтымақты зейнетақы мен әлеуметтік төлемдердің мөлшері қосымша 4%-ға  индекстелді, ал ең төменгі күнкөріс деңгейі (ЕТКД) мен айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінің өзгеруіне байланысты базалық зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері 4% – ға артты.

Заңға сәйкес 1 сәуірден бастап:

  • Айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 3 180 теңге мөлшерінде;
  • Ең төменгі зейнетақы – 48 032 теңге;
  • Ең төменгі күнкөріс деңгейі (ЕТКД) – 37 389 теңге;
  • Базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 20 191 теңге.

Маусым айынан бастап зейнетақы мен жәрдемақы алушылар ағымдағы жылдың сәуір және мамыр айларының қосымша ақысын ескере отырып, төлемдерді жоғары мөлшерде алатын болады.

Жоғарылайтын төлемдердің жалпы саны 6,6 млн-ды құрады. Зейнетақы мен жәрдемақылар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау аясында индекстелді.