Жаңалықтар

Балаларды жазатайым жағдайлардан сақтандыру қажет пе?

 «Балаларды сақтандырудың» қандай түрлері болады?

Балалардың жарақат алуы үнемі күтпеген жерден болады. Емдеу мен оңалту үшін ақшаны қайдан алуға болады? Мұндайда жазатайым жағдайлардан сақтандыру көмектесе алады. Бұл жөнінде Fingramota.kz сайты мәлімдеді.

Балалар алаңында болсын, гаражда, тіпті үйде болсын балаға кез келген жерде қауіп төнуі мүмкін. Жазатайым жағдайлардан сақтандыру немесе «балаларды сақтандыру» сізді жарақат алу, бір жерін ұрып алу, сындырып алу сияқты жазатайым жағдайлардан туындайтын қосымша шығындардан құтқара алады. 

«Балаларды сақтандырудың» қандай түрлері болады?

Бала «құлады, есін жиды – гипс» сияқты «классикалық» жағдайға тап болған уақытта үлкендер сақтандыруды шын мәнінде бағалай бастайды.

«Балаларды сақтандыру» не үшін керек және оның қандай түрлері бар? Сіз балаңыздың өмірі мен денсаулығын сақтандыруға арналған полисті сатып алсаңыз болады. Сондай-ақ балалар үшін жеке сақтандыру да бар, ол жарақат алу, аурудың белгілі бір түрлері, жәндіктердің шағып алуы тәрізді әртүрлі қауіп жағдайларына бөлінеді. Кейбір компаниялар тіпті кененің шағуынан да сақтандыру ұсынады.

Сақтандыру жағдайы басталған кезде төлем алуды қарастыратын жинақтаушы сақтандыру бар. Бірақ бұл сақтандырудың негізгі мақсаты болашақта қандай да бір мақсатқа, мысалы, университетке түсу үшін қаражат жинау болып табылады. Бұл жерде белгілі бір жасқа келгенде баласына қандай сома қажет болатынын ата-аналар өздері шешіп, сақтандыру компаниясының көмегімен жинақтауды бастайды. Бұл тиімді және ыңғайлы. Бірақ мұндай қаржы құралына инвестициялау қысқа мерзімде – 1-2 жылда жүзеге асырылмайтынын түсіну керек, бұл – ұзақ мерзімді инвестициялар. Баланың шотына қанша ақша салып отыру керектігі және қандай кезеңділікпен салу керектігі тараптардың келісімі бойынша анықталады.

Сақтандыру компаниясымен мәміле жасамас бұрын сізге:

Нарықтағы барлық ұсыныстармен мұқият танысу;
Сақтандыру ұйымдарының талаптарын зерделеу;
Барлығын оңды-солды саралап, содан кейін ғана асықпай шешім қабылдау қажет екенін атап өткен жөн.
 Баланы сақтандырудың жұмыс реті қандай?

Сақтандыру жағдайы орын алған уақытта ата-аналар дереу сақтандыру шартында көрсетілген медициналық мекемеге жүгінуге тиіс. Медициналық көмек көрсетіліп, медициналық мекеме қажетті құжаттарды ұсынғаннан кейін сақтандыру өтемін алу үшін сақтандыру компаниясына хабарласу керек. Әр компанияда құжаттар деректерінің өз тізбесі болады, оны алдын ала нақтылау қажет.

Шарт жасамас бұрын, сіз шарт талаптарының сіздің сақтанушы ретіндегі мүдделеріңізге сәйкестігін толық зерделеп шығуыңыз керек. Қажет болған жағдайда, егер қандай да бір тармақтар түсініксіз немесе күмән тудыратын болса, сақтандыру компаниясының өкілінен шарттың осы ережелеріне түсіндірме беруін сұраңыз. Осылайша сіз орын алуы мүмкін қолайсыз оқиғалардан қорғалғандығыңызға сенімді бола аласыз. Әсіресе сақтандыру жағдайларына қатысты ақпаратты зерделеңіз.

Қандай жағдайлар сақтандыру жағдайлары деп танылады?

Адамның қалауымен басталмаған және оның еркінен тыс болған оқиға сақтандыру жағдайы деп аталады.

«Балаларды сақтандыруда» мынадай жағдайлар сақтандыру жағдайлары болып танылады:

   – табиғи дүлей апаттар салдарынан алынған жарақаттар;

   – күйік, найзағай түсу, күн өтіп кету;

   – жарылыс, үсік шалу, суға бату нәтижесінде алынған жарақаттар;

   – спорт залындағы сабақтар немесе спорттық-бұқаралық іс-шараларға/спорттық жарыстарға қатысу нәтижесінде алынған дене жарақаты;

    – жыландардың, жәндіктердің шағуы;

    – қандай да бір заттың құлауы нәтижесінде алынған жарақат;

    – тыныс алу жолдарына бөтен заттың кездейсоқ түсуі;

    – улы өсімдіктерден, химиялық заттардан (өнеркәсіптік немесе тұрмыстық), дәрі-дәрмектерден кездейсоқ улану;

    – қандай да бір көліктің қозғалысы кезінде алынған жарақаттар;

    – I, II, III топтағы мүгедектікті белгілеу.

Есте сақтаған жөн! Кәдімгі ЖРВИ, тұмау, COVID -19 вирусын, өзге де вирустық инфекциялар мен ауруларды емдеу жазатайым оқиғадан сақтандырумен өтелмейді. Өйткені, жоғарыда айтылғандардың барлығы медициналық сақтандыруға қатысты.

Сақтандыруды қанша уақытқа ресімдеу керек?

Баланы мысалы, балалар лагерінде демалу уақытына сақтандыруға болады. Яғни, сіз оған өзіңіз қарай алмайтын күндері сақтандыру қажет. Баланы тіпті бір күнге – спорттық жарыстар өткізу уақытына да сақтандыруға болады. Бұл жаз бойы сақтандыру болуы мүмкін. Балаңызды ұзақ уақытқа сақтандырсаңыз да болады, бұл әсіресе спорттық секцияларға үнемі қатысатын оқушылар үшін маңызды.

Сақтандырушыны таңдауда қалай қателеспеуге болады? 

Қазіргі уақытта Қазақстанда 27 сақтандыру компаниясы бар, олардың 9-ы өмірді сақтандыру бойынша жұмыс істейді.