Қазақстандықтардың 77,18 пайызы Конституцияға өзгеріс енгізуді қолдаған
Референдумға қатысу құқығы бар 11 734 642 адам өз таңдауын жасап, олардың 77,18 пайызы Ата Заңға өзгеріс енгізуді қолдап дауыс берген. Референдумның алдын ала қорытындысын жариялаған Орталық сайлау комиссиясы бүгін таңғы 8-де өңірлеріндегі және шет елдердегі 10012 учаскеде дауыс санап болған.
Дауыс беруге қатысқан азаматтардың саны – 7 986 293 аадам немесе референдумға қатысу құқығы бар азаматтар санының 68,06% құрады.
Референдумға қойылған мәселенің оң шешімін жақтап дауыс берген азаматтар саны дауыс беруге қатысқандардың 77,18 пайызын немесе 6 миллион 163 мың 863 адамды құрады.
Конституциялық түзетулерге қарсы дауыс берген азаматтардың саны – 18,66 пайыз немесе дауыс беруге қатысқандардың 1 490 475-і.
Жауаптардың екі нұсқасы да таңдап алынған, яғни жарамды деп танылған, алайда дауыстарды санау кезінде ескерілмейтін бюллетеньдер саны 1,58% немесе 125 мың 859 бюллетеньді құрады.
Дауыс берушілердің ерік білдіруін анықтау мүмкін болмайтын және жарамсыз деп танылған белгіленбеген үлгідегі бюллетеньдер саны 2,58% – ды немесе 206 мың 096 бюллетеньді құраған.
Республикалық референдумның қорытындылары Қазақстан Республикасы Орталық референдум комиссиясының отырысында белгіленетін болады.