Президент Ұлттық құрылтай құруды ұсынды
Мемлекет басшысы халыққа үндеу жолдап, референдум нәтижесіне қатысты пікір білдірді. Президенттің айтуынша, референдум қорытындысы мемлекеттігіміздің тарихында мүлде жаңа дәуір басталғанын көрсетеді.
«Референдум қорытындысы біздің мемлекеттігіміздің тарихында мүлде жаңа дәуір басталғанын көрсетеді. Халқымыз өз таңдауын білдіру арқылы түбегейлі бетбұрыс жасауға ұмтылысын көрсетті. Жасампаз ел болуға деген ықылас-ынтасын байқатты. Елімізді дамыту үшін әлі де көп жұмыс атқаруымыз керек. Бүкіл ел болып жұмылсақ, көздеген мақсатымызға міндетті түрде жетеміз. Мен бұған кәміл сенемін» деді Тоқаев.
Сонымен қатар Президент Ұлттық құрылтай құру туралы бастама көтерді. Оның алғашқы отырысы Ұлытауда өтпек. Осылайша, азаматтардың мемлекет ісіне атсалысу мүмкіндігі арта түседі.
«Бұл реформалар құр атақ-абырой үшін қолға алынған жоқ. Мұның бәрін Жаңа, Әділетті Қазақстан құру үшін жасап жатырмыз. Халқымызда «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» деген сөз бар. Бабаларымыз маңызды мәселені алқалы жиында шешкен. Мен осы дәстүрді жаңғыртып, Ұлттық құрылтай құру туралы бастама көтердім. Оған қоғамның түрлі топ өкілдері, беделді әрі белсенді азаматтар шақырылады» деді мемлекет басшысы.