Қоғам

Жапондар жалқаулықпен қалай күреседі?

1 минут қағидасы қалай жұмыс істейтінін түсіндіреміз

«Ертеңнен бастап іске кірісемін», «Дүйсенбіден бастап таңертең жүгіруді қолға аламын», «Қазір 12:00 болсын, сосын бастаймын» деп мақсат қойып, оны көбіне орындамай қалатындардан болсаңыз, бүгінгі материал сіз үшін пайдалы болуы мүмкін. Бастаймын деп жүргенде зулап апталар, айлар, жылдар сырғып өтіп кетеді. Болмаса, өзіңізге берген уәдені орындауын орындайсыз, бірақ жаңа әдетіңізден көп ұзамай тайып кетесіз бе? Бұл ретте неге бұлай болатыны төңірегінде ойланған жөн. Неліктен әдет бойыңызға сіңбеген күйі жоғалып кетеді? Тереңірек үңіліп қарайтын болсақ, адам баласы алдына асқар таудай мақсат қоюын қойып алады да, оның жүктемесін ойлай бермейді. Әдет бойға сіңбейінше сізді жалықтырып алса, оны тастап кету ықтимал өте жоғары. Ендеше, жалықтырып алмай, аз-аздан, десе де үздіксіз орындау арқылы өмірлік дағдыға айналдырудың бір тәсілі бар. Ол — Кайдзен әдістемесі. Кейде оны «1 минут қағидасы» деп те атайды. 

Кайдзендегі 1 минут қағидасы

Бұл әдістемені жапондар ойлап тапқан. Мәні сол — адам белгілі бір істі күн сайын, бір уақытта дәл 1 минут қана істеуге дағдыланады. 1 минут — өте қысқа, сондықтан ондай аз уақыт бір іспен айналысу қиынға соқпайды. Мойын жар бермейтін жағдай болу қаупі жоқ. Бірнеше сағаттан бері ананы-мынаны сылтауратып кейінге қалдырып отырған шаруаны бір минутта орындау оп-оңай. Айталық, пресс шығаруға арналған жаттығу, көзге арналған гимнастика, йогамен айналысу, ағылшынша кітап оқу және т.б. Әдетке айналдырғыңыз келген іске осылай аз уақыт арнасаңыз, орындалуы оңай болған соң қиындық тудырмай, керісінше қуаныш сыйлайды. Өйткені сіз орындап жатсыз. Негізі аз-аздан, бірақ үздіксіз жасалған қадамдар арқылы тау қопаруға болады. Біртіндеп әлгі бір минуттық әдеттердің уақытын бес минутқа көбейтесіз. Одан жарты сағаттап істеуге дағдыланасыз. Ақырындап қосқандықтан, орындау бұрынғыдай жеңіл болады, қиындамайды. Ал нәтиже болса, көз алдыңызға көріне бастайды. 

«Кайдзен» сөзі екі сөзден құралған. «Кай» — өзгеріс, «дзен» — даналық. Менеджменттің бұл концепциясын Масааки Имаи ойлап тапқан. Оны бизнесте де, жеке өмірде де қолдана беруге болады. Шығыста шыққан дүние батыстықтар үшін тиімсіз көрінуі мүмкін. Өйткені Батыста көбіне үлкен жетістікке жету үшін үлкен күш салу керек, әйтпесе қол жеткізе алмайсың деген пәлсапа яки ұстаным қалыптасқан. Десе де, көп күш-қуатты қажет ететін шаруалар адамды «сындырып», нәтижесіз қалдыруы бек мүмкін. Ал кайдзен әдісі болса, айтқанымыздай өмірдің түрлі саласында қолданыла береді. Негізі өзгерісті шын қалаған адамға бір минут жектілікті. Тек осы бағытта адам баласында ұстанымдар болуы шарт. Қазіргідей шапшаң қимылдамаса, артқа қалдырып кете беретін заман ағымында өмірімізді реттейтін, әр күнімізді мәнді ететін бір сиқырлы капсула болса деп армандауымыз түсінікті.  

Кайдзен әдісінің мәні мынадай бес элементке байлаулы:

  1. Ұқыптылық пен таңдау жасай білу қабілеті;
  2. Істі рет-ретімен орындау;
  3. Тазалық;
  4. Стандарттай білу;
  5. Тәртіп.

Интеллектуал дамуға бір минут бөлу

      Бүгінде ақпарат ағыны өте қатты. Абайламасаңыз, қоқысқа көміліп қаласыз. Мұндайда миға дұрыс ақпарат беріп, қоректендіріп тұрған жөн. Себебі адамның ойлау қабілеті мен құндылығы ол алатын және өңдейтін ақпаратқа тікелей байланысты. Бұл ретте ең алдымен сіз мақсат қоюыңыз керек. Интеллектуал даму үшін не істегіңіз келеді? Ағылшын тілі деңгейін көтеруді қолға алғыңыз келе ме? Онда, кірісіңіз. Бір минут қана бөлетін болсаңыз, процесс қиындық тудырмайды. Ал араға бір жыл салғанда қарасаңыз, мыңнан астам сөз жаттап алған боласыз. Аса энергия шығындамадыңыз, физикалық ауырлық та болмады. Сағаттап кітаптың бетін ашып, соңында ми ашып кеткеннен бұл әдіс жақсырақ, әрине.  

Денсаулыққа бір минут бөлу

Тәніңізді сақтағаныңыз — денсаулығыңызға мән бергеніңіз. Күніне бір минуттан уақыт бөліп-ақ тамақтануды реттей аласыз. Ол үшін әр тамақтанғаннан кейін күнделікке қанша калория жегеніңізді жазып отырыңыз. Көз алдыңызға көрініп тұрса, бір тәуліктегі нормадан асырмау оңайырақ болады. Сондай-ақ, суды көп ішу денсаулыққа пайдалы. Оны да күнделікке жазып отырсаңыз, қанша литр ішкеніңізді біліп отырасыз. Ал бір стақан су ішу үшін санаулы секунд кетеді. Есесіне, денсаулыққа орасан пайдасын тигізеді. Сол секілді спортпен шұғылданудың да маңызы зор. Өйткені сол арқылы иммунитетті көтеруге, бұлшықеттердің құрылымын нығайтуға, қан айналымды қалыпқа келтіре аласыз. Кайдзеннің көмегімен арықтауға да, салмақ жинауға да болады. Одан бөлек, пресс немесе бицепс шығаруда да осы әдіске жүгінетіндер көп. Секіргішпен 60 минут секіру, отырып-тұру жаттығуын жасау сияқты жаттығуларға тұрақты уақыт бөліп тұрыңыз. Бұл ойыңыздағы қалыпқа келуге септігін тигізеді. Дамыған заманда физикалық жүктемелер үшін залға бару да міндетті емес. Бар болғаны мобайл қолданбалар мен онлайн курс сатып алып, жасай берсеңіз де болады. Кайдзендегі бес элемент сізге күнделікті орындау жүруге көмектеседі.  

Психологиялық саулыққа бір минут бөлу

Адам санасында әбден тереңге тамыр жайып алып, психологиялық дамуына кедергі келтіретін фактор көп. Шешімін таппаған психологиялық проблемалар, дамуға мүмкіндік бермей жүрген кедергілер, қорқыныш, негатив ойлар, бұрын істеген қателіктер — бәрі сізде бар әлеуетті толық ашып, дамуыңызға мүмкіндік бермей тұрып алады. Ойлап қарасақ, бір минутта ешқандай психотерапевт мәселеңізді шешіп, өміріңізге оң өзгеріс енгізе алмайды. Ал енді кайдзенді бұл бағытта қалай қолданамыз? Бұл жерде жалғыз тәсілі сол — психологиялық мәселелерді адамның өзінің шешуі. Ол үшін автоматтандырылған робот-психологтың көмегіне жүгінсеңіз болады. Адам санасына әсер ететін техникаларға негізделіп жасалған Headspace қолданбасы бар. Ол жерде сананы ауыр және маза бермейтін ойлардан тазартатын техникалар, бір нәрсеге ғана ойды шоғырландыру әдістері бар. Өз-өзіңізге психологиялық көмек беруге үйрететін қолданбаны дұрыс пайдаланатын болсаңыз, алдағы уақытта пайдалы дағдыларды қалыптастыруға көмегі тиеді. Себебі пайдалы ресурсы бар адам туындаған мәселені өздігімен шешіп, даулы жағдайлардан жол тауып шыға алады. Жалпы алғанда физикалық және психологиялық мәселелерді реттеп, өз-өзін дамыту арқылы адам жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Осы орайда күніне тұрақты түрде бір минуттап уақыт бөлсе, бойындағы сенімсіздіктен арылып, бойды дендеген дәрменсіздік пен үнемі бәріне өзін кінәлайтын сезімнен де құтылады. Осылайша өз-өзін жеңіп, табыстың тәтті дәмін тата бастайды.