Инвестициялар

Биыл қазақстандық компаниялар әлемдік нарыққа қандай тауарларды шығарады?

QazTrade Accelerator бағдарламасының үшінші кезеңі жүзеге асырылып жатыр

Қазақстандық бизнес еліміздің экспорттық әлеуетін арттырып жатыр. Бұған көптеген мемлекеттік қолдау құралдары, соның ішінде қазақстандық тауарларды сыртқы нарықта таныту мен жарнамалауға бағытталған шаралар да ықпал етеді. Солардың арасында QazTrade Accelerator экспортты жеделдету бағдарламасы бар.

Бағдарлама іске қосылған 2 жыл ішінде қазақстандық өнімдер мен қызметтердің танымалдығы біршама артқанын байқауға болады.

  • Біріккен Араб Әмірліктерінде (БАӘ) қазақтың ірі қара малы мен күркетауығының еті және балы аса танымал.
  • Смарттұрақ, деректерді талдау және киберқауіпсіздік жүйелерін, сонымен қатар онлайн білім беру платформаларын жеткізушілер Парсы шығанағы нарығына шығып жатыр.
  • Жақын арада Біріккен Араб Әмірліктеріне қазақстандық тауық еті мен уылдырық алғаш рет жеткізілмек.
  • Қазақстандық өнімді шетелге жеткізуге қатысты 11 келісімшартқа қол қойылды.

QazTrade БАӘ, Өзбекстан, Ресей және Қытай нарықтарына, сондай-ақ Сауд Арабиясы мен Әзірбайжан сынды елдердің нарығына назар аудара отырып, бағдарламаның үшінші легін қолға алды.

Не өзгерді?

2022 жылы бұл бағдарламаға қатысуға 190 компания іріктеліп алынды. Оларға мақсатты нарыққа бағытталған экспорттық стратегия әзірленіп, экспорттық құзыретін арттыру үшін арнайы оқулар өткізілді. Сонымен қатар, маркетинг шаралары қолға алынып, нарықтағы әлеуетті сатып алушылармен келіссөз ұйымдастырылып, экспорттық келісімшарттарға қол қоярда кеңес беріліп, қолдау көрсетілді.

Таяу Шығыс пен Орталық Азия нарығына назар аударып отырған 100 компанияның 89-ы – шағын және орта бизнес өкілдері, соның ішінде 48-і экспорттық тәжірибесін арттыруға ниетті, ал 15 компанияның халықаралық нарыққа тауар шығару тәжірибесі бар.

Бағдарламаға қатысушылар қатары биыл шамамен 40%-ға артты. Сонымен қатар компаниялардың  қызмет саласы да кеңейіп жатыр. Мәселен, 2022 жылы бағдарламаға қатысатын компаниядар арасында азық-түлік, химия өнеркәсібі, машина жасау және жеңіл өнеркәсіп саласындағы кәсіпорындар саны артты. Қызмет провайдерлерінің саны екі есе өскен, бұл IT-қызметтер ұсынысын арттырып, ғарыш технологиялары, мұнай кәсібі қызметтері, өнеркәсіптік медицина және көлік сияқты қызметтер ағынын әртараптандырды.  Биыл жоба қатысушылары жалға берілетін тұрғын үйді автоматтандыру, спутниктен суретке түсіру мен мониторинг қызметі сынды компаниялар нарықтарды бағындыруға ниетті. Компаниялар қазірдің өзінде Ресей, Түркия, АҚШ, Қырғызстан, Жапония, Қытай және Латын Америкасы нарығына шыққан.

Қазақстан әлемді қалай таң қалдырады?

Үшінші кезеңде БАӘ нарығында балмұздақ, сиыр, жылқы және қой еті, таза ауыз суы  сынды өнімдерге сұраныс байқалды. Дегенмен, қазақстандықтар экспортқа тек нарықта кең таралған тауарларды ғана емес, ұлттық ерекшелігімізді айқындайтын ерекше өнімдерді де ұсынбақшы.

Солардың бірі – отандық косметика шығаратын компания өнімінің  негізгі құрамы – бие сүті. Дүние жүзінде баламасы жоқ, жантақтан жасалған өнім де – қазақстандық ерекше тауарлардың бірі. 

Қазақстандық өндірушілердің машина жасау саласына қажет ерекше тауар шығаруды қолға алғаны да назар аударуға тұрарлық. Осылайша, үшінші кезеңге Ресей мен Беларусь нарығында сұранысқа ие күн батареяларын шығару және сатумен айналысатын компания кірді. Сондай-ақ биылғы акселераторға «ақылды үй» технологиясын, атап айтқанда жарықтандыру, климат, ойын-сауық жүйелері мен құрылғыларды басқаратын, құрамына сигнализация мен қауіпсіздікті бақылау кіретін автоматты жүйені дамытатын компания қатысуда. Ол қазірдің өзінде Өзбекстан нарығына шығып үлгерген.

Бағдарламаға қатысу компанияларды өз ісін дамытуға, алға жылжуға ынталандырады. Мысалы, аталмыш бағдарламаға қатысушылардың бірі, тұрмыстық химия өнімдерін өндіретін, бұрын Disney мен Marvel компанияларымен лицензиялық келісім-шарт жасасқан компания жақында Таяу Шығыстағы әлеуетті тұтынушылармен байланысып, осы аймақта өз филиалын ашуды жоспарлап отыр.

Қазақстанда шығарылған тауарлардың танымалдығы артып, сұраныс көбейіп келеді. Бизнес, мемлекет, халықаралық сарапшылар мен әлемдік компаниялар кеңесшілері арасындағы жемісті ынтымақтастық, үлкен табыс әкеледі деген сенім бар. Басты мақсат – Made in Kazakhstan брендін нығайтып, отандық өнімнің сапа белгісі екенін дәлелдеу.