Жаңалықтар

 Биыл елімізде бидайдың жалпы түсімі 13-13,5 млн тонна деңгейінде болады деп болжанып отыр

Бұл көрсеткіш өткен жылғы егіннен 15% көп

Биыл аграршылар егін егуді қатаң оңтайлы мерзімде аяқтады, топырақта жиналған ылғалды сақтау бойынша жұмыс уақытында жүргізілді. Қазгидрометтің маусым айына жасаған болжамы қолайлы болды, деп хабарлады бүгін Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев.

«Осы факторлардың барлығы қазіргі уақытта астық түсімін орташа жылдық көлем деңгейінде болжауға мүмкіндік береді. Егер бидай туралы айтатын болсақ, жалпы жиын – терім 13-13,5 млн.тонна деңгейінде болады деп болжап отырмыз, бұл өткен жылғы өнімнен шамамен 15% – ға артық», – деп атап өтті Е. Қарашөкеев.

«Қазгидрометтің» мәліметтері бойынша, егіннің болашағы үшін қолайлы ауа райы байқалады.

«Барлық астық егетін аймақтарда жауын – шашын күтіледі. Сонымен қатар, оңтүстік өңірлерде ылғалмен қамтамасыз ету тапшылығы байқалады. Осыған байланысты оңтүстік өңірлердің әкімдері сумен қамтамасыз ету шараларын уақтылы қабылдауы қажет (лимиттерді сақтау, түсіндіру жұмыстарын жүргізу және т.б.). Өнімділікті сақтау мен арттырудың келесі қадамы өсімдіктерді қорғау шаралары болып табылады. Осыған байланысты облыс әкімдерінен арамшөп өсімдіктері мен зиянкестеріне қарсы химиялық өңдеу жүргізуді бақылауға алуды сұраймын», – деді министр.

Облыс әкімдіктерінің жедел деректеріне сәйкес, 7 маусымдағы жағдай бойынша дәнді дақылдарды егу Ақтөбе (97,7%) және Батыс Қазақстан (86,2%) облыстарынан басқа барлық облыстарда аяқталды. Аталған облыстарда егіс жұмыстары егіс кезеңінде қатты жауын-шашынға байланысты кейінге қалдырылды, оларды ағымдағы аптаның соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Жаздық дақылдар 19,8 млн га алқапта немесе белгіленген жоспардан 100,2% (жоспар 19 835,3 мың га), картоп – 189,6 мың га (99,4%, жоспар 190,7 мың га), көкөніс – бақша дақылдары – 269,2 мың га (97,4%, жоспар 276,5 мың га), көпжылдық шөптер – 429,6 мың га мың га (99,7%, жоспар 430,7 мың га).

Майлы дақылдар 3,1 млн га (жоспар 3 094 мың га), қант қызылшасы – 12,3 мың га (жоспар 11,1 мың га), мақта – 121,1 мың га (жоспар 114,7 мың га) егілді.

Жалпы егіс алқабы 23,1 млн га құрады, бұл 2021 жылдың көрсеткішінен 105 мың га артық.       

Ағымдағы жылы егіс жұмыстарын жүргізуге (ақпан – маусым кезеңіне) 400,2 мың тонна көлемінде дизель отыны бөлінді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 20 мың тоннаға артық.

Есептік деректерге сәйкес, тұқым себу жоспардан 100% жүзеге асырылды, тұқым тапшылығы оның ішінде ресейлік селекциясы бойынша байқалмады.

Облыс әкімдіктерінің деректері бойынша ағымдағы жылы шамамен 670,2 мың тонна тыңайтқыш енгізу жоспарланған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 43,7 мың тоннаға артық. 2022 жылдың 7 маусымдағы жағдай бойынша аграриаларға 396,1 мың тонна минералды тыңайтқыштар тиелді, барлығы 478,3 мың тонна минералды тыңайтқыштарды тиеуге шарттар жасалды. Қалған жоспарланған тыңайтқыш көлемі күзде енгізіледі.

Биыл «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ желісі бойынша көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына қаржы көлемінің сомасы 140 млрд.теңге құрайды. Бұл жерде қосымша 70 млрд. теңгеге көлемінде қаржыландырудағы Үкіметтін қолдауын атап өту қажет. Бүгінгі күні «Кең дала» бағдарламасы аясында 84,1 млрд. теңге сомасына 3 мыңнан астам АШТӨ қаржыландырылды. Осы бағдарлама бойынша, оның ішінде өсімдікті қорғау іс шараларын жүргізуге, сондай-ақ егін жинау жұмыстарына несиелендіру жалғасатын болады.

Бүгінгі күнгі «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» ҰК» АҚ форвардтық сатып алу шеңберінде 80 млрд. теңге сомасына 303 АШТӨ-нің 441 өтінімі қаржыландырылды.