Жаңалықтар

Дамушы нарықтар валюталарының динамикасы әртүрлі бағытта болды

Сыртқы валюта нарығында бірқатар маңызды оқиғалар орын алды

Сауда-саттық қорытындысы бойынша 3 маусымда теңгенің нарықтық бағамы екі аптада 0,3%-ға (433,33 теңгеден) нығайып, бір АҚШ доллары үшін 431,95 теңге деңгейінде қалыптасты. Бұл туралы ҚР Ұлттық Банк баспасөз қызметі хабарлады.

  Пекин мен Шанхайда Covid шектеулерінің әлсіреуі аясында инвесторлардың тәуекел дәрежесінің артуы, сондай-ақ DXY АҚШ доллары индексінің төмендегені байқалды. АҚШ өндірісі бойынша күткеннен де барынша мықты ISM экономикалық деректерінің жариялануы АҚШ ФРЖ мөлшерлемелерінің артуын күтуді күшейтіп, доллардың әлсіреуін қайтарды.

Дамушы елдер валюталарының АҚШ долларына қатысты бағамдарының динамикасы төмендегідей қалыптасты:

– Ресей рублі сақталып отырған жоғары сауда тапшылығы және РФ Орталық банкі басшысының банктік баланстарды одан әрі валютасыздандыру қажеттілігі туралы түсіндірмесі аясында 8,6%-ға (66,7 рубльден 60,95 рубльге[2] дейін) нығайды;

– Индонезия рупиясы пальма майының экспортын ұлғайту және Samurai облигацияларын шығару перспективасы аясында 0,9%-ға (14567-ден 14433-ке дейін) нығайды;

– Оңтүстік Африка ранды жаһандық тәуекел-сентименттің қалпына келуі және шетелдік капиталдың әкелінуі аясында 0,3%-ға (15,59-дан 15,55-ке дейін) нығайды. Сонымен қатар үкімет отынға субсидияны ұзартатыны (алымды 0,1 АҚШ долларына төмендету) және оның бағасын екі айға (бір литрі үшін 75 центке) төмендететіні туралы жариялады.

– Мексика песосы АҚШ долларының төмендеуі және Мексика Орталық банкінің мөлшерлемені арттыру мәлімдемелері аясында 0,1%-ға (19,58-ден 19,56-ға дейін) нығайды;

– үнді рупиясы шикі мұнайдың әлемдік бағасының өсуіне байланысты сауда балансы тапшылығының ұлғаюы аясында 0,1%-ға (77,57-ден 77,63-ке дейін) әлсіреді;

– Бразилия реалы сәрсенбіде АҚШ-тағы белсенділік туралы оптимистік деректердің шығуы аясында 1,1%-ға (4,73-тен 4,78-ге дейін) әлсіреді, бұл өз кезегінде Америка валютасын қолдады;

– түрік лирасы Түркиядағы инфляцияның екі онжылдықтан астам уақыттағы ең жоғары деңгейге дейін (73,5%-ға дейін) қарқын алуы және ағымдағы шоттың айтарлықтай тапшылығы аясында 1,4%-ға (16,22-ден 16,45-ке дейін) әлсіреді.