Қоғам

Жоқшылық көріп өскендерде болатын жаман әдеттер

Бұл әдеттерден арылуға тырыспасаңыз, табысыңызға әсері болады

Жоқшылық көріп өскен баланың ойлау қабілеті басқаша болады. Әрине, ол байдың баласына қарағанда пысық болуы мүмкін. Десе де, бала кезден бойға сіңетін кей әдеттер жағдай жақсарғанда да тас кенеше жабысып, кері әсер беріп жатады. Тіпті байлығы балағынан сауламаса да, орта есеппен жақсы табыс табатын адамдарға да бүгінгі материалымыз пайдалы болады деп ойлаймыз. Себебі материалдық жағдайды адам санасы анықтайды. Яғни басқаша ойлап, қабылдауды үйренгенде ғана табысқа жол ашылады.

Құнарсыз тамаққа құмарту

Фото: depositphotos.com

Жағдай болмаса, адам тамақ аларда оның қаншалықты ұзақ сақталатынына және бағасы қанша тұратынына қарайды. Ал ондай тамақ, әлбетте құнарсыз. Уақыт пен ақша үнем болсын деп дүкенге айына 1-2 рет қана барасыз. Көкөніс алсаңыз да, мұздатқышқа салып тастап, біраз уақыт уайымнан арылайын деп мұздатылған түрін аласыз. Жемістердің де сиропқа батырылғанын таңдайсыз. Мұндай тамақ жеп өскен бала нағыз дәмін білмей өседі. Өзіңіз ойлап қараңыз, консервіленген ет пен жас малдың еті қандай болады? Айырмашылық жер мен көктей, солай емес пе? Бала кезінен осындай арзан баламаны жеп үйренген адамға негізгі түрі дәмсіз көрінеді. Нағыз тамақтың дәмін ұнатпай, жегісі келмеуі мүмкін. Ұнтақталған сүт, қаңылтырдағы жүгері, арзан ірімшік және т.б. деп тізімді жалғай берсек болады. Әрі байқасаңыз, кейде жағдайы нашар отбасындағы балалар томпақтау болуы мүмкін. Бір қарағанда күнін әзер көріп жүргенге ұқсамайды деп қаласыз. Асылы, артық салмақ тамақты көп жегеннен емес, құнарсыз тамақтан болады. Тіпті күндердің күнінде жағдайыңыз жақсарса да, сізге балғын азық-түлікке үйрену үшін біршама уақыт қажет болады десек, таңғалмаңыз. Себебі адамда дәм рецепторлары таңсық тамақты дәмді деп танып болмайды. Сөйтіп кейбірі «үйренген жау атыспаққа жақсы» демекші, бұрынғы сапасыз, құнарсыз тамағын әрмен қарай ішіп жүре береді.

Ақша артылса, жоқ қылу

Аяқ-асты сыйақы түссе, туған күнге сыйлыққа ақша берсе, қосымша жұмыс істеп көбірек тапса, кедей психологиясымен ойлайтындар бірден жаратуға құмар. Теледидар бар болса да, үлкендеуін алып, басқа диван сатып алып дегендей. Әйтеуір ақша артылды ма — көзін жоюды көздейді. Ал енді салқын санамен ойлансаңыз, ол шығындар соншалықты қажет пе? Сол артылған ақшамен бәлкім бірнеше ай коммуналдық төлем не тіпті пәтер ақысын төлеуге болар ма еді? Жоқ, сізге дереу ақша жарату керек. Өйткені үнемі өзіне рұқсат бермей, тежеп келген адам мұндайда елеңдеп кетеді де, болашақ жайлы ойлағаннан гөрі дәл қазір бірдеңе алып, көңіл-күйін көтергісі келеді. Мұндай ойдағы адамдар тіпті 10 миллион теңге лотереядан ұтып алса да, араға айлар салып сіңір кедейге айналады. Өйткені ақшамен дұрыс қарым-қатынас жасай алмайды. Мәселе осында. Кедейдің әдеті сол — ақшаны мерзімі тез бітетін, дереу құрту керек деп ойлайды. Мұндайдан арылу үшін көбіне жақсы ақша табу керек. Сонда ғана дұрыс жаратуды үйренесіз. Жеткілікті қаражат таба бастаған адам артынан қор жинауды қолға ала бастайды. Сөйтіп аяқ-асты бірдеңе бола қалса, сол қорынан уайымсыз алып, жаратады. Әйтпесе, қарыздан қарызға кіріп жүре берер ме еді. Қаржылық жағдайы жақсарған адамның ең бірінші үйренуі керек әдет те — осы. Ақша көбейгенде паникаға берілмеуі керек.  

Сыйлық мәселесі

Қазір бәрі алыс-беріске байланысты. Кімге не берсеңіз — сол өзіңізге қайтады. Сәйкесінше, жағдайы төмен адам көп сыйлық бере алмаған соң, өзі де көп сыйлық алмайды. Көбіне мерекені атап өтпейтін болуы да мүмкін. Бірақ отбасы мәселесінде сыйлықты өте қатты жақсы көретін тарап — балалар бар. Кішкентай баланың сыйлықты жақсы көріп, алғысы келуі — қалыпты жағдай. Бірақ осы сыйлық алу, қабылдау мәселесінде бала санасына сіңіріп алмау керек бір дүние туралы айтпақпыз. Ешқашан үйдегі материалдық жағдайды балалардың көзінше талқыламаңыздар. Өйткені бала өте сезімтал. Оның санасына құйылған дүниелер өскен соң да кесірін тигізуі мүмкін. Айталық, «қазір бұл балаға белсебет алатын болсақ, аштан қатамыз. Қай ақшамызға өмір сүреміз сосын» демеңіз. Өйткені осындайды естісе, бала сіз берген сыйлықты аларда өзін кінәлі сезініп, ақыры қалауын жасырып, іште бүгіп ұстай бастайды. Мысалы жағдайыңыз жақсарды делік. Сол санамен өскен балаңыз қалағанын ала алатын болса да, қысылып тұрады. «Маған аса қажеті жоқ» дей салуы мүмкін. Бала отбасындағы ақшалай мәселелерге бола бас қатырмауы керек. Әрине, қаржылық сауатын дамытыңыз, ақшаның құнын түсіндіріңіз. Десе де, шекарасын білуіңіз маңызды. Әлгі кедей психологиясына оралсақ, сыйлық бере алмай өзін кінәлі сезініп жүрген ата-ана сәл ақша тапса, орнын толтыруға тырысып, бар ақшасын шашады. Бұл да дұрыс емес. Сондай санамен өскен адам жағдайы жақсарса не істейді, білесіз бе? Дүкенге сыйлық алуға кірсе, екі есе көп зат алады. Біреуінен шығып, келесісіне кіреді де тағы алады. Тоймайды. Мұның бәрі үнемдеп қиналған күндердің орнын толтыру үшін жасалады. Бірақ өткен нәрсе өтті. Онымен ол кездерді өтемі жасала қоймас. Оның орнына сол ақшаға басқа пайдалы нәрсе алғаны дұрысырақ болар еді.

Есепші сияқты әр тиынды біліп отыру

Үнемдеу керек, ақша жетпеуі мүмкін болған жағдайда әр тиынды санап отыру, есепшотта бар ақшаны нақты білу — қалыпты. Өйткені үнемі миыңызда есептеп жүресіз. Қазір мына затты алса, қанша шығынға ұшырайтыныңызды, қарызды жаба аласыз ба, жоқ па — ойлану әдетіңіз. Себебі сізде ақша жеткізе алмау қаупі бар. Ондай адамдар «менде 20 мың теңгедей бар» демейді, олар 19 890 теңге барын біліп тұрады. Ал енді ол адам байыса қандай болады? Енді ақшаны тиынына дейін санап жүрудің қажеті жоқ делік. Сонда да соманы дөңгелектемей, картада қанша қалғанын біліп отыру әдеті қалады. Әлбетте, қаржылық жағдайды біліп, ақшаның есебін, санын білген жөн. Бірақ ол сізге қысым түсірмеуі керек.

Дәл қазір керек нәрсені ғана алу

Сіз үнемі дәл қазір керек болса ғана аласыз. Он жерден тиімді бағада тұрса да, кейінірек керек болатын дүниелерге ақша қимайсыз. Таныс па? Айталық, жазда қыстық әдемі күртеше көрдіңіз. Маусымы болмаған соң, әжептәуір жеңілдік жарияланған. Дәл осы күртеше қыс келгенде бағасы аспандап кететіні белгілі. Десе де, осы киімді алуға ақшаңыз болса да, «дәл қазір керек емес, қыс келгенде амалын табармыз» деп алмай кетесіз. Егер сіз кедей отбасында өскен болсаңыз, әрі үйдің ортаншысы не кенжесі болсаңыз, алдыңыздағы аға-апаңыздың қалған киімдерін киіп өскеніңіз белгілі. Жап-жаңа киімді өзіңіз таңдап, дүкенге арнайы барып алған кезіңіз де сирек. Мұндай кез сіз үшін нағыз мереке болған. 2 костюмы болса да, ұнап қалды екен деп тағы біреуін алатындарды тіпті басқа ғаламшар тұрғыны деп қабылдауыңыз мүмкін. Осындай адам жағдайы жақсарса қандай болады, білесіз бе? Сіңген әдеттен арылу оңай емес. Өзіңіз таршылық көрген соң, балаңыз көрмесін деп оны үлде мен бүлдеге орайтыныңыз белгілі. Бірақ өзіңізге келгенде үнемді әлі қоймағансыз. «Мына шалбар әлі жап-жаңа. Тағы біреуін алып не керек? Босқа орын алып тұрады» деуіңіз мүмкін. Тіпті аламын деп дүкенге барсаңыз да, таңдау барысында миыңызда «Мынау не керек?», «Бұл артық шығын ғой», «Жетпей ме үйдегісі де?» деген сөздер сарнап тұрады. Ақыры ештеңе алмай, басыңыз салбырап, көңіл-күйіңіз түсіп үйге қайтасыз. Шалбарыңыздың тозығы жеткенде де ең қымбатын, сапалысын емес, жеңілдікпен тұрғанын іліп ала кетуіңіз ғажап емес. Кедейлік адамның ойлау қабілетіне әсер етеді. Оны қалыптастырады. Сондықтан кей әдеттеріңізбен күресуіңіз керек. Бәрін бірден өзгерту қиын, тіпті мүмкін емес. Десе де, ойлана келе, өзіңізбен жұмыс істей отырып өзгерістерге жол ашыңыз.