Жаңалықтар

2021 жылғы жалақы қоры және оның құрамдас бөліктері

2021 жылы елімізде бір қызметкердің орташа айлық жалақысы 2020 жылмен салыстырғанда 17,5%-ға өсті

2021 жылы Қазақстан Республикасында бір қызметкердің орташа айлық жалақысы 2020 жылмен салыстырғанда 17,5%-ға өсті. Жалақының өсуі негізінен тарифтік мөлшерлемелер мен лауазымдық жалақылардың, сондай-ақ біржолғы төлемдер мен сыйлықақы көлемінің ұлғаюы есебінен болды. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы хабарлады.

Орта есеппен 2021 жылы кәсіпорындар мен ұйымдар қызметкерлерінің тарифтік мөлшерлемелері мен лауазымдық жалақылары 20,3%-ға өсті. Лауазымдық жалақылардың ең жоғары өсімі 2021 жылы білім беру және денсаулық сақтау саласында тіркелді, тиісінше 28,1%-ға және 34,4%-ға, сондай-ақ көтерме және бөлшек сауда саласында 25,9%-ға өсті.

Өнеркәсіп, құрылыс және көлік қызметкерлерінің лауазымдық жалақылары 2020 жылғы деңгеймен салыстырғанда орта есеппен 12-15%-ға өсті. Өнер, ойын-сауық және демалыс, сондай-ақ тұру және тамақтану қызметтері қызметкерлерінің лауазымдық жалақысы өзгеріссіз қалды.

Қаржы және сақтандыру қызметі, өнеркәсіп, сондай-ақ көлік және қоймалау; көтерме және бөлшек сауда қызметкерлері еңбекақысының жоғары деңгейде болуы оның үштен бір бөлігінің сыйлықақылар мен біржолғы төлемдер есебінен қамтамасыз етілуімен байланысты.