Жаңалықтар

Қаржы пирамидасын жарнамалағандарға қатаң жаза қолданылатын болды

6 млн теңге айыппұл салудан бастап, 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Мәжіліс депутаттары заңда қаржы пирамидаларына қарсы күресті қатаңдатып, оны жарнамалаған танымал тұлғаларға айыппұл салып, тіпті 7 жыл бас бостандығынан айыруға мүмкіндік беретін өзгерістер мен түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады.  «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау мен қадағалауды күшейту және қаржы (инвестициялық) пирамидалардың қызметіне қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын депутат Юрий Ли таныстырды.

 Бұл заң жобаларының негізгі мақсаты – қолданыстағы заңнамадағы құқықтық олқылықтарды жою арқылы қаржы пирамидалардың кең таралуының алдын алу, сондай-ақ қаржы пирамидаларын құру және жарнамалағаны үшін жауапкершілікті күшейту болып отыр.

«Біз 217-баптың 1-ескертуі түрінде ұсынып отырған бұл шара қаржы пирамидалары сынды құбылысқа нақты заңнамалық жауап және осы түзетулер  енгізгеннен кейін атақты адамдар, блогерлер, винерлер белгілі бір қаржы өнімдерын жарнамалауда  әлдеқайда сақ және жауапкершілік сезінетін болады. Оның үстіне бұл қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады. Анықтама үшін: бірінші бөлімде  бұл әрекеті үшін  2000 АЕК (6 миллион теңге) мөлшерінде айыппұл салу немесе 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту және шектеу, екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал төртінші бөлімде қылмыстық жаза қолданылып, 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленуі мүмкін» деді Юрий Ли.