Инвестиция

Елімізде литий кен орнын барлауға 457 млн ​​теңге бөлінген

 ШҚО-да геологиялық барлау жұмыстары жүргізіліп жатыр

Шығыс Қазақстандағы екі учаскеде сирек металдарды барлау жұмысы  бюджеттен қаржыландырды. Электромобильдерге арналған аккумулятор шығаруға керек кұнды металл – литий кен орнын барлауға шамамен 457 миллион теңге бөлінген. Жұмыс нәтижесі желтоқсан айында белгілі болады.

 ҚР Геология комитеті төрағасының орынбасары Ерлан Ғалиевтің айтуынша, мемлекет балансындаңы барланған жеті кен орында (Юбилейное, Верхне-Баймурзинское, Бакеное, Ахметкино, Ахмировское, Медведка, Маралушенское су қоймасы) литий қоры көрсетілген. Олар Шығыс Қазақстан облысының әр ауданында орналасқан. Шығыс Қазақстан облысындағы  тағы екі учаскеде барлау жұмыстары сәтті аяқталса, келер жылы бұл тізімге барланған тоғыз аумақ енгізіледі.

«Қара-Аяқ учаскесінде іздеу-барлау жұмыстарын жүргізуге 285,3 млн теңге, Мыңша учаскесіне 171,6 млн теңге бөлінді. Алдын ала геологиялық-экономикалық бағалау мен одан әрі барлау жұмыстарын негіздеуді «Семей» СҚ жүргізеді» деді Ерлан Ғалиев.

Геология комитетінің сарапшылары құрамында литий болуы мүмкін кен орындарының негізгі үш түрін атайды:  қатты қазбалары бар аймақтар (магмалық тау жыныстары), саз және өте тұзды көлдер.  

Қазіргі кезде Қазақстанда тек қатты пайдалы қазбалар құрамында литий бар-жоғы зерттелді. Дегенмен Геология комитеті 2023 жылы елдегі тұзды күмбездер мен кейбір өзендердің төменгі ағысында литий өндіруге бола ма, жоқ па соны анықтап, зеттеуді жоспарлап отыр.

Бұған дейін Kursiv.media литийдің әлемдік нарықтағы бағасы жайлы жазған болатын. Соңғы 10 жылда бұл сирек метал 18 есе қымбаттаған. Сарапшылардың болжауынша,  2022 жылы  да бағасы өсіп, ол литий-ионды батареяларды өндіруге инвестиция салған компаниялар акцияларына әсер етеді.