Инвестиция

Алматыда шағын және орта бизнес жұмысы қалай қалпына келтірілді?

ШОБ өкілдерінің 14 млрд теңгеге жуық шғын өтелген

Алматыдағы қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккен шағын және орта бизнес өкілдерінің барлығы дерлік жұмысын қайта бастады. Қала әкімі Ерболат Досаевтың хабарлауынша, қазірге дейін зардап шеккен ШОБ өкілдерінің 14 миллиард теңгеге жуық шығыны өтелді. Сондай-ақ қалада кәсіпкерлерді қолдау шаралары қолға алынған. Kursiv Media материалынан шағын және орта бизнес субъектілеріне қандай жағдай жасалғанын оқыңыз.

Шығын толық өтелді

Қалада қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккен шағын және орта бизнес субъектілерінің шығыны өтеліп жатыр. Қазірге дейін құны 13,9 миллиард теңге болатын 1556 өтініш мақұлданған. Зардап шеккен ШОБ субъектілерінің 97%-ы қаңтар оқиғасынан кейін жұмысына қайта кіріскен.

Биыл мемлекеттік және өңірлік «Қарапайым заттар экономикасы»,  Агроөнеркәсіп кешені, «Almaty Business – 2025», «Алматы бизнес» бағдарламасы аясында  бизнесті қолдауға 42,2 миллиард теңге бөлінді, жалпы кредит сомасы 8,3 миллиард теңгеге 110-нан астам жоба мақұлданды.

Қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккен кәсіпкерлер үшін қаржылай емес қолдау шаралары ретінде ШОБ субъектілеріне несие бойынша төлемдерді кейінге қалдыру, ірі сауда объектілерінде жалға алуға жеңілдіктер берілді. Сондай-ақ қандай да бір уақыт ішінде  коммуналдық объектілерде жалдау ақысын төлемейтін болды.

Қаңтардан кейін «Almaty Business – 2025» қалалық бағдарламасына бірқатар өзгеріс енгізілді. Зардап шеккен кәсіпкерлерге қаржылық қолдау көрсету бөлігінде жылдық 2% мөлшерлемемен жаңа несие өнімі енгізілді, кепілсіз кредит беру бойынша мөлшерлеме 12%-дан 9%-ға дейін төмендетілді, Almaty Finance және Almaty микроқаржы ұйымынан қарыз алатын кәсіпкерлер үшін негізгі қарызды өтеу бойынша мерзімін кейінге қалдыру және айыппұл мен өсімпұлдан 180 күнге дейін босату ұсынылды. Бұл қолдау шараларын іске асыруға жергілікті бюджеттен 6,3 миллиард теңге бөлінді.

Инвестиция 248 млрд теңгеден асты

Алматының кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының хабарлауынша, жыл басынан бері қалаға 248 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылған. Оның ішінде басым бағыттар: жылжымайтын мүлік, көлік, өнеркәсіп, қаржы және сақтандыру қызметі.

Сондай-ақ қалада бірінші тоқсанда 387,8 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өндіріс көлемі 11,5%-ға артты. Өңдеу өнеркәсібі 18%-ға өсті. Мамандардың сөзінше, бұл машина жасаудың 1,7 есеге артқанына байланысты.

Тамақ өнімдері өндірісінде – 1,6%, сусын өндірісінде – 10,5%, жеңіл өнеркәсіпте – 2,9 есе өсім байқалады.

Басқарма ақпаратына сәйкес, қалада қаңтар оқиғасынан кейін сауда және қызмет көрсету саласы қалпына келді. Оған бір дәлел – бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша бөлшек сауда көлемі 737,8 миллиард теңгені, көтерме сауда айналымы 2,4 триллион теңгені көрсетті.

Ал қалада қазір жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектісі саны 2021 жылмен салыстырғанда 10,5%-ға өсіп, 217 822-ге жетті.

Базарлардың жағдайы жақсарып жатыр

Қазір Алматыда базар жұмысын заманауи форматқа көшіруге қатысты жұмыс белсенді жүріп жатыр. Себебі қалада 20 мыңнан астам кәсіпкер 52 базарда сауда жасайды. Кәсіпкерлердің жұмысын жақсарту мақсатында қазірге дейін 28 базар жаңартылды. Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының хабарлауынша, 25 миллиард теңгеден астам инвестиция салынды, нәтижесінде жұмыс орнының саны 3,4 мыңға артты.

Ал қазір тағы 16 базар жағдайы жақсартылып жатыр. Оның ішінде «Байсат», «Қазына», «Кенжехан» және «Барыс-4» базарында жұмыс биыл жылдың аяғына дейін аяқталады. Нәтижесінде базардағы сауда жағдайы жақсарып, санитарлық нормалар сақталуы қатаң қадағаланады. Ал базар қызметкерлері жұмыс берушіден жалақы мен қажетті әлеуметтік аударымды ала алады, сауда қызметінен бюджетке салық аударымдары ашық түрде көрсетіледі.

Осылайша қаңтар оқиғасынан кейінгі қаланың экономикалық өсу қарқыны екінші жартыжылдықтың басында қалпына келеді деп болжанып отыр.