Қазақстан халқы қашан 20 миллионға жетеді?

Жарияланды
ҚР ҰЭМ болжамы бойынша, халық саны жыл сайын 250 мың адамға артып отырады

ҚР Ұлттық экономика министрлігі еліміздің алдағы бес жылға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын жариялады. Есеп бойынша, Қазақстан Республикасындағы халық саны жыл сайын 250 мың адамға артып, 2025 жылға қарай 20 миллионға жетеді. Еңбек нарығының көрсеткіштері бойынша өсу өнімді жұмыспен қамтылған халық үлесінің артуына әкелмейді.

Сарапшылар халық саны бойынша болжамды құрастыру кезінде өткен жылдардағы халықтың өсу қарқынын пайдаланды. Осылайша, Қазақстандағы халық саны 18-ден 19 миллионға дейін үш жарым жылда (2018 – 2021 жылдың ортасы) өскен. Сол принцип бойынша келер «өсу қарқыны» есептеледі. Ел 2024 жылдың аяғы немесе 2025 жылдың басында 20 миллиондық белестен өтеді. Халықтың көші-қон ағыны күрт өссе немесе төмендесе, бұл термин сәл өзгеруі мүмкін.

Түрлі демографиялық көрсеткіштер 2025 жылға қарай еңбекке қабілетті азаматтар мен жұмыспен қамтылған халықтың үлесі 2 пайызға азайып, зейнеткерлер саны 2,3 миллион адамға дейін жететінін көрсетеді. Жұмыспен қамту құрылымы да түзетілетін болады. Жұмысшылардың үлесі 76%-дан 77,3%-ға дейін өседі, тиісінше өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны да азаяды.

Алдын ала болжам бойынша, алдағы бес жылда орташа айлық жалақы деңгейі 7-8% аралығында өсіп, 2027 жылға қарай 416,5 мың теңгеге жетеді. Бұл ретте ең төменгі жалақы бұрынғы деңгейде – 60 мың теңге болып қалады.

Сондай-ақ оқыңыз