ЭЕБ арқылы 40 мыңға жуық адам жұмысқа орналастырылды
Жыл басынан бері электронды еңбек биржасында 157,8 мың адам тіркелген
2022 жылдың басынан бастап Электрондық еңбек биржасы (бұдан әрі – ЭЕБ) арқылы халықты жұмыспен қамту орталықтарының қызметтерін ұсыну жөніндегі пилоттық жоба шеңберінде жұмыс іздеп жүрген 157,8 мың адам тіркелді, оның ішінде 141,5 мың адам жұмыссыз мәртебесін алды. Бұл туралы ҚР Еңбекмин баспасөз қызметі хабарлады.
Бұл ретте жұмыс іздеп жүрген адамдар мен ресми жұмыссыздардың ішінен тұрақты және уақытша жұмыс орындарына ЭЕБ арқылы 39,7 мың адам жұмысқа орналастырылды, ал 23,8 мың жұмыссыз азаматқа ЭЕБ арқылы жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдер тағайындалды.
Осылайша, цифрлық жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмысқа орналасқандардың үлесі жұмыс іздеп жүрген адамдар ретінде тіркелген іздеушілердің және ЭЕБ-дағы жұмыссыздардың жалпы санының 25% – ын құрады.
Қазіргі уақытта ЭЕБ-мен барлық халықты жұмыспен қамту орталықтары интеграцияланған, соның арқасында көрсетілетін цифрлық мемлекеттік қызметтер бүкіл Қазақстан бойынша қолжетімді. Жұмыспен қамту қызметтері үшін өтініштердің кемінде 50% – ы онлайн режиміне өтеді деп күтіледі.
Естеріңізге сала кетейік, ЭЕБ арқылы мемлекеттік қызметтің төрт түрін алуға болады:
– жұмыс іздеп жүрген адамдарды тіркеу;
– жұмыссыздарды тіркеу;
– жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемге өтінім беру;
– мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарына (әлеуметтік жұмыс орындары, қоғамдық жұмыстар, жастар практикасы, «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» және «Күміс жас» жобалары) жолдама алу.
2021 жылы жұмыс іздеп жүрген 149,1 мың адам онлайн-форматта тіркелген немесе бұл жалпы тіркелгендер санының 34%-ы, ал оның ішінде азаматтардың 60%-ы жұмысқа онлайн орналастырылды.