Бүгін Сенат отырысында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту, банк қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын таныстырды. Бұл туралы агенттік баспасөз қызметі хабарлайды.
Заң жобасының негізгі мақсаты – нарығын және бағалы қағаздар нарығын одан әрі дамыту. Ол үшін жаңа өнімдерді енгізу, қызметтерді цифрландыру, тұтынушылар мен инвесторлардың құқығын қорғау, заңнаманы үздік халықаралық практикаға сәйкес келтіру талап етіледі.
Заң жобасының бірінші блогы сақтандыру секторын кешенді дамытуға бағытталған.
Қазіргі кезде сақтандыру секторында сақтандыру активтері тұрақты өсіп, қаржылық орнықтылығы жоғары болып отыр. Нарық активтері соңғы үш жылда 74%-ға (жетпіс төрт пайызға) өсіп, 1,9 (бір бүтін оннан тоғыз) трлн теңгені немесе ішкі жалпы өнімнің 2,2 пайызын құрайды.
Алайда, халық пен бизнесті сақтандыру қызметтерімен қамту негізгі сын-қатер болып қалуда. Бұл міндетті шешу үшін заң жобасында мыналар көзделеді:
Біріншіден, заң жобасында жинақтаушы сақтандыруды дамыту үшін жаңа әлеуметтік маңызды сақтандыру өнімдерін енгізу көзделеді. Бұл Мемлекеттік білім беру жинақтаушы жүйесі шеңберінде өмірді жинақтаушы сақтандыру және бірлескен (ерлі-зайыпты) зейнетақы аннуитеті болып табылады.
Банк депозитінен айырмашылығы, білім беру жинақтаушы жүйе шеңберіндегі өмірді жинақтаушы сақтандыру өнімі оқу ақысына арналған қаражатты жинақтауға мүмкіндік береді, сондай-ақ қосымша сақтандыруды да қамтамасыз етеді. Сақтанушы үшін сақтандыру жағдайы орын алса, сақтандыру компаниясы жинақталған сомаға қарамастан баланың оқу құнын толық төлеуге кепілдік береді.
Екінші өнім – бірлескен (ерлі-зайыпты) зейнетақы аннуитеті. Бірлескен аннуитет ерлі-зайыптылардың немесе жақын туыстарының зейнетақы жинақтарын біріктіруге мүмкіндік береді. Егер ерлі-зайыптылардың бірінде зейнетақы жинағы жетпей, ал екіншісінде артық болса, олар зейнетақы жинақтарын бірге қосып, зейнетақы аннуитетін сатып алады. Сонымен бірге төлемдерді өмір бойы алуға мүмкіндік алады.
Заң жобасының екінші бағыты – сақтандыру саласын одан әрі цифрландыру арқылы сақтандыру қызметтерінің қолжетімділігін арттыру.
2019 (екі мың он тоғызыншы) жылдың басынан бері міндетті автосақтандыру шарттары онлайн режимде электрондық нысанда жасалады. Цифрландырудың келесі кезеңі – сақтандыру оқиғасын онлайн-реттеуді енгізу. Мобильдік қосымшаны пайдалана отырып автосақтандыру бойынша сақтандыру жағдайын реттеудің жеңілдетілген тәртібін енгізу ұсынылады. Бұл тәртіп полицияны қатыстырмай және сотқа жүгінбей, жол-көлік оқиғалары бойынша сақтандыру төлемдерін жедел алуға мүмкіндік береді.
Заң жобасының маңызды жаңалығы – міндетті автосақтандыру бойынша икемді тарифтеу тетігін енгізу. Қолданыстағы сақтандыру тарифтері заңнамалық тұрғыдан 2007 (екі мың жетінші) жылы белгіленді және сол кезден бері жаңартылған жоқ. Икемді тарифтеу жүйесі Қазақстан өңірлері бойынша нақты болатын апаттарды ескереді және сақтандыру тарифтерін автоматты түрде жаңартуға мүмкіндік береді.
Үшіншіден, заң жобасында кепілдік берілетін сақтандыру кластарының тізбесі кеңейтіледі. Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының кепілдігі барлық міндетті және әлеуметтік маңызды сақтандыру кластарына, оның ішінде бірлескен зейнетақы аннуитеттері мен өмірді сақтандыру өнімдеріне қатысты қолданылады. Бүгінгі күні аталған қор тек 5 сақтандыру түріне кепілдік береді.
Келесі бағыт – ол сақтандыру қызметтерін пайдаланатын тұтынушылардың құқықтарын қорғау сапасын арттыру болып табылады. Ол үшін заң жобасында сақтандыру омбудсманының клиенттердің сақтандыру ұйымымен келіспеушіліктерін міндетті реттеуі көзделеді. Сақтандыру омбудсманының біліктілігіне талаптар ұлғаяды және офисінің қызметкерлеріне талаптар белгіленеді.
Заңнамалық бастамалардың екінші блогы Қазақстанның қор нарығын одан әрі дамытуға бағытталған.
Қор нарығында бөлшек инвесторлардың көп өсуі байқалады, олардың саны 2021 (екі мың жиырма бірінші) жылдан бері 2,5 (екі жарым) есе ұлғайып, 329 (үш жүз жиырма тоғыз) мың адам болды.
Бүгінгі күні жеке тұлғалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды күшейту бастамалары аса маңызды.
Заң жобасына сәйкес, тек лицензиясы бар брокерлер мен дилерлер инвестициялық консультация беріп, делдалдық қызметтер көрсете алатын болады.
Қазақстандық брокерлер үшін клиенттің инвестициялық бейінін міндетті бағалау туралы талап енгізіледі. Бұл бейін оның біліміне, тәжірибесіне және қолындағы қаражатына қарай айқындалады. Нәтижесі бойынша инвесторларға бейініне сәйкес қаржы құралдарының тізбесі ұсынылады.
Инвесторлардың құқығын қорғаудағы маңызды бастама – компанияларда корпоративтік басқару жүйесін жетілдіру болып табылады. Мажоритарлық акционер акцияларды сатып алған кезде олардың әділ құнын айқындау тәртібі, сондай-ақ акцияларды бөлу тәртібі нақтыланады. Брокерлердің және инвестициялық портфельді басқарушылардың клиенттерінің активтеріне тыйым салу мен өндіріп алуға қорғау енгізіледі.
Келесі бағыт. Мемлекет басшысының «жасыл инвестициялар» нарығын кеңейту бойынша тапсырмасын орындау үшін орнықты даму құралдарын шығаруға бағытталған бастамалар заңнамалық деңгейде көзделеді.
Үшіншіден, қор нарығын одан әрі цифрландыру көзделеді. Бағалы қағаздарды шығару процесінің бірыңғай цифрлық форматқа толық көшуі қамтамасыз етіледі.
Төртінші. Заң жобасында Қазақстан компанияларының тәуекелдерін хеджирлеудің тиімді жүйесін құруға бағытталған түзетулер маңызды орын алады. Халықаралық своптар және деривативтер қауымдастығының заңына сәйкес «бас қаржылық келісім», «қамтамасыз ету төлемі» және «тарату неттингі» деген ұғымдар енгізіледі. Бұл қазақстандық эмитенттердің қаржы құралдарының халықаралық инвесторлар үшін тартымдылығын арттырады және туынды қаржы құралдары нарығының дамуына серпін береді.
Бесінші. Заң жобасында бағалы қағаздар нарығына қатысушыларды пропорционалды реттеу көзделеді. Реттеу жүйелік маңыздылығына және қызмет ауқымына қарай сараланған талаптар белгілеуді болжайды.
Түзетулердің үшінші блогында банк қызметін жетілдіру көзделеді.
Біріншіден. Банктердің және банк холдингтерінің басшы қызметкерлерін келісу рәсімі өзгереді. Бірқатар лауазымға тағайындау үшін қаржы нарығын реттеуші кешенді алдын ала келісім беруі керек. Басшы қызметкерлерге қойылатын біліктілік талаптары күшейтіледі. Оның ішінде үміткерлердің жалпы жұмыс стажы мен басшы лауазымдағы жұмыс стажы ұлғайтылады.
Екіншіден. Заң жобасында лицензия тапсырмай ірі микроқаржы ұйымдарын банктерге айналдырудың жаңа тетігі көзделеді. Микроқаржыландыру нарығында ірі қатысушылар бар, олардың мөлшерін орташа банктермен салыстыруға болады. Сондықтан аталған ұйымдарды банктерге айналдыру арқылы олардың бизнесін ірілету үшін жағдайлар жасау қажет. Банк лицензиясын алуға арналған барлық талаптар, оның ішінде 10 млрд теңге мөлшеріндегі ең төмен жарғылық капитал орындалуға тиіс. Микроқаржы ұйымы бизнесті кредиттеу бойынша қызметін банк лицензиясын алғанға дейін жалғастырады.
Үшіншіден. Банктердің және банк холдингтерінің қаржылық емес ұйымдарға инвестиция жасау мүмкіндігі кеңейтіледі. Мысалы, қаржы-технологиялық компанияларға. Алайда, бұл инвестициялардың мөлшері уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісі деңгейінде шектелетін болады.
Төртіншіден. Қарыз алушылардың борыш жүктемесін дұрыс бағалау үшін берілген қарыздар туралы ақпаратты Кредиттік бюроға ұсыну мерзімін 15 жұмыс күнінен 1 жұмыс күніне дейін қысқарту ұсынылады. Аталған мерзімде қарыз алушыға кредит беру фактісі және оны идентификаттау туралы ақпарат берілетін болады. Түзетулерді іске асыру шамадан тыс кредит алған адамдарға қарыз бермеуге мүмкіндік береді.
Бесіншіден. Микроқаржылық қызмет туралы заңның қолданыстағы редакциясы шеңберінде жеке тұлғаға 50 айлық есептік көрсеткішке дейін сомаға және 45 күнге дейін мерзімге микрокредит берудің ерекше жағдайлары көзделген. Мысалы, микрокредит бойынша сыйақының шекті мәні және айыпақы мөлшері шектелген.
Заң жобасында микрокредит бойынша артық төлем мөлшерін екі есе қысқарту, яғни микрокредит сомасынан 100%-дан 50%-ға дейін қысқарту арқылы қарыз алушылардың борыш жүктемесін шектеу ұсынылады.
Жалпы алғанда, заң жобасы сақтандыру, банктік және қор нарықтарының серпінді өсуі арқылы экономиканы дамытуға және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді.
Заң жобасын қабылдау үшін мемлекеттік бюджеттен қосымша қаржы шығындары талап етілмейді.