100-ге жуық шаруа қожалығы құрт көбелектен зардап шеккен
Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаев құрт көбелек түскен егін алқаптарына барып, шаруалардың жағдайымен танысты, деп хабарлайды Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.
Аймақта егін алқаптарына құрт көбелектердің зиян келтіру жағдайы тіркелді. Жағдайдың алдын алу және оның зардаптарын жою мақсатында шұғыл штаб отырысы өтіп, тиісті жұмыстар атқарылды.
Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, бүгінде егін алқаптарындағы 20 мың гектар жерге мониторинг жүргізілді. Нәтижесінде 7 500 гектар жерге өңделу қажеттілігі белгілі болып, 4 500 гектар егін алқабына улау жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде 800 гектар жерге шаруашылықтың өз күшімен жүзеге асырылса, қалғаны жергілікті бюджеттен және демеушіліктің қолдауымен жүзеге асырылды.
«Құрт көбелектердің егіс алқабына зиян келтіру жағдайы тіркелген бойда Батыс Қазақстан облысынан улау жұмыстарын жүргізетін арнайы мекеменің мамандары шақырылды. Егіншілікпен айналысатын Индер, Махамбет, Қызылқоға аудандарындағы алқаптарда жұмыстар әлі де жалғасуда. Қазіргі уақытта жасалып жатқан жұмыстардың нәтижесінде облыста құрт көбелектердің қаптау қаупі сейілді. Өз тарапымыздан шаруа қожалықтарына аталған жағдайға байланысты алдын алу шаралары бойынша кеңес беру және дәрімен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда. Шаруа қожалықтары егінге құрт түсу қаупін байқаған жағдайда уақытында бізбен байланысса аталған жағдайды алдын алуға жағдай жасаймыз», -деді Қайрат Нұрлыбаев.
«Абай» шаруа қожалығының жетекшісі Жанболат Бисекенов тәжірибесінде мұндай жағдайға бірінші рет кезігіп тұрғанын айтты. Бүгінде егістікті қорғау мақсатында өз техникасымен улау жұмыстарын күшейткен.
Құрт көбелектің егін алқабына түспеуі үшін ерте қамданған шаруалар да бар. Солардың бірі – «Кан Г.В» шаруа қожалығы.
«Құрт көбелектерді улау жұмыстарын ерте бастадық. Көршілес Ресейден осындай жағдайға тап болғанын естіп, біз бірден улау жұмыстарына кірістік. Міне, соның нәтиежесінде құрт көбелектер егінге кіре алмады»,- деді «Кан Г.В» шаруа қожалығының жетекшісі Андрей Кан.
Айта кетейік, өңірде 300-ге жуық егін шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалығы бар. Оның 100-ге жуығы құрт көбелектен зардап шеккен.