Баспанаға мемлекеттен 1,5 миллион теңгенің сертификатын қалай алуға болады?
Әкімдікте кезекте тұрған азаматтарға өтеусіз негізде берілетін тұрғын үй сертификатының сомасы 1 000 000 тенгеден 1 500 000 тенгеге дейін көбейгеніне біраз болды. Дегенмен, халық арасында оның берілу тәртібі, кімдерге тағайындалатыны әлі де түсініксіз болып келеді. Kursiv.kz тілшісі соның мән-жайын анықтап көрді.
1,5 миллион теңгеге дейінгі сертификат баспанаға мұқтаж азаматтарға «Нұрлы жер» бағдарламасының несиелік бағыттары бойынша, «Бақытты отбасы» және «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша тұрғын үй сатып алу кезінде бастапқы жарнаның бір бөлігін төлеу үшін беріледі. Алматыда бұған қала бюджетінен 500 миллион теңге бөлінді. «Отбасы банкінің» Алматы бойынша филиал директоры Данагүл Түсіпованың мәлімдеуінше, осы уақытқа дейін қалада 600-ден астам сертификат мақұлданды.
Тұрғын үйге берілетін сертификат бюджеттен бөлінген ақша толық игерілгенге дейін жалғасады. Сертификаттың берілуі тоқтатылғанда ол туралы қала әкімдігінің сайтында жарияланады. Оған дейін бұл мүмкіндікке мына тізімдегі азаматтар үміткер бола алады:
- көбалалы отбасылар;
- жетім балалар;
- І және ІІ топтағы мүгедектер;
- мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар.
Оларға сертификат қайтарымсыз тағайындалады. Сертификатты алуға өтініш беруішінің бағалау көрсеткіші әсер етпейді.
Дегенмен тұрғын үй сертификатына өтінішті сізге «Отбасы банкі» ипотека мақұлданғаннан кейін ғана бере алатыныңызды ескеріңіз.
Тұрғын үй сертификаты деген не?
Сертификат мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бекіткен басқа да ипотекалық бағдарлама бойынша тұрғын үй сатып алу кезінде бастапқы жарнаның бөлігі ретінде беріледі. Данагүл Түсіпованың айтуынша, азаматтардың көбі бұл сертификатты басқа да мақсатта қолдануға болады деп қателеседі екен. Банк өкілі оның тек үй алу үшін алғашқы жарнаны жабуға ғана берілетінін ескертті.
Сертификат сомасы 1,5 миллион теңгеден аспайды. Оның мөлшері белгілі бір аймақтың бюджетінен қанша ақша бөлінгеніне де байланысты болады. Өтінімдерді қабылдау күні мен анықтамалардың саны алдын ала хабарланады. Сертификатты тек бір рет алуға болады.
«Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 15 миллион теңгеге дейін несие беріледі. Оған алғашқы жарна ретінде 1,5 миллион теңге салу керек. Тұрғын үй сертификаты оның барлығын жаппайды. Қай бағдарламада болмасын, сертификат арқылы жарнаның 85%-ы өтеледі. «Бақытты отбасы» бойынша үй алмақ болсаңыз, сертификат арқылы жарнаға 1 275 000 теңге беріледі. «Шаңырақ» бағдарламасында несие 18 миллион теңгеге дейін беріледі. Алғашқы жарна – 1,8 миллион теңге. Тұрғын үй сертификаты соның 85%-ын жауып береді, яғни 1,5 миллион теңге ала аласыз. Алғашқы жарнаны әуелде өзіңіз салсаңыз да, сертификатқа өтініш беруге болады», – деп түсіндірді Данагүл Түсіпова.
Алматыда былтыр 1 миллион теңгенің сертификаттары берілген. Оларды «Отбасы банкінен» «Шаңырақ» және «Бақытты отбасы» мемлекеттік бағдарламалары бойынша кезекте тұрғандар алды. Барлығы 2000 сертификат берілді.
Ақшаны қайтару қажет пе?
Тұрғын үй сертификаттары екі нұсқада беріледі: қайтарымсыз әлеуметтік көмек және бюджеттік несие (ставкасы жылына 0,01%). Өтініш берушінің бұл екі топтың қайсына кіретіні оның табысына байланысты.
Егер зейнетақы жарналарын, жеке табыс салығын және басқа да міндетті жарналарды есепке алмағандағы табысы (зайыбының табысын ескере отырып) отбасының әрбір мүшесі үшін айына ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген мөлшерінен аспаса, онда сертификат қайтарымсыз беріледі.
«2022 жылдың 1 сәуірінен бастап ең төменгі күнкөріс деңгейі 37 389 теңге болды (кейінгі 6 айдағы кіріс есепке алынады). Осылайша, табыс бір адамға айына 115 905 теңгеден аспауы керек. Мысалы, отбасыда 4 адам болса, айлық табыс 463 620 теңгеден төмен болуы қажет. Егер отбасы мүшесіне шаққандағы кейінгі 6 айдағы табыс осы сомадан көп болса, онда тұрғын үй сертификаты несие түрінде беріледі», – деп түсіндірді Данагүл Түсіпова.
Несие 15 жылға жылдық 0,01 пайызбен беріледі. Тұрғын үй сертификатын алу үшін тұрғылықты жеріңіздегі ғана тұрғын үйді сатып ала аласыз (тұрақты тіркеу қажет).
Алматы мен Нұр-Сұлтан бойынша жалғыз ерекшелік: қала маңындағы тұрғын үйді сатып алуға рұқсат етілген.
Сертификат алу үшін не істеу керек?
- Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларына қатысу керек.
- Банкке тұрғын үй сертификатын алу ниеті туралы хабарламаны ұсыныңыз және төлем қабілеттілігін бағалаудан өтіңіз. Өтсеңіз, сізге хаттама береді.
- Хаттаманы алғаннан кейін сізде екі жол бар: нарықтан пәтерді өзіңіз іздейтін болсаңыз, сізге 6 ай уақыт береді немесе әкімшілік тарапынан салынып жатқан үйлердің байқауына қатысуға мүмкіндігіңіз бар. Қатысқан жағдайда несие өтінішіңізге таңдаған пәтер тіркеледі. Пәтердің құжаттарымен банк екінші шешім шығарады. Ол кезде төлем қабілеттілігі қайтадан расталмайды, тек үйдің құжаттары тексеріледі. Бәрі дұрыс болса, банк оң шешім қабылданған екінші хаттаманы береді.
- Сертификатты алу үшін банк берген хаттамалар арқылы Тұрғын үй саясаты басқармасына өтініш беріңіз.
Алматы қаласының Тұрғын үй саясаты басқармасы Достық 85 мекенжайында орналасқан. Қажет құжаттарды басқармаға апарып өткізуіңіз керек (онлайн қабылданбайды).
Құжат тізімі:
- бекітілген формаға сай өтініш;
- өтініш берушінің және отбасы мүшелерінің жеке басын куәландыратын құжат;
- кейінгі 6 айдағы кірістер туралы есеп;
- жұмыс орнынан анықтама;
- бактің тұрғын үй заемын беруді растайтын хаты.
Жауап үш жұмыс күні ішінде беріледі.
Бекітілгеннен кейін төрт күн ішінде тұрғын үй сертификатын беру туралы шарт жасалуы керек. Өтініш берушінің шотына ақша аударылғаннан кейін банкпен ипотека шартын жасауыңыз керек.
Банк берген екінші хаттамада сертификат арқылы түсетін соманы аударатын есепшот көрсетіледі. Басқарма құжаттарыңыздың дұрыс екенін мақұлдаса, ақша сол шотқа аударылады.